АНТЫНА БЕРІК ҚАРИЯ
Қазақ әуелден өз жыртығын өзі жамап, ешкімнің алдына барып бас иіп, тіленіп, қол жайып тұруды жат көрген. Қырық жыл қырғынды басынан өткерсе де, тағдырына шағымданбай, керісінше Хақ алдында қара болып қалудан сақтанған халық. Мың жылдық тарихы бар елімізді бәзбіреулер шатастырып, қалаберді қысастық жасап «қазақ деген ұлттың пайда болғаны кеше, елдігі де өткен ғасырдың соңында құрылған. Оған дейін қазақ деген ел болмаған» деп көксіп жүр. Шынтуайтында, біздің тарихымыз тым тереңде.
Оны соңғы уақытта тарих ғылымының зерттеушілері дәлелдеп отыр. Мәселен, қазақ даласындағы қырқалар мен тастарға қашалып салынған петроглифтердің өзі біздің бабаларымыздың сонау тас дәуірінен бері қарай жасап келе жатқанын бейнеледі. Сондай-ақ, ол белгілер бабаларымыздың сол уақыттың өзінде өгізге соқа жегіп, жер жыртып еңбек еткендігін, қол өнер бұйымдарын жасап, күнделікті өмірдегі қолданысқа қажетті заттарды өздері істеп алғанын, осылайша, өркениетке, дамуға өз беттерімен ұмтылғандарын көрсетіп отыр. Міне, осындай дәлелдер мен дәйектер кешегі Кеңестік кер заманда пайда болған «қазақ жалқау», «жатып ішер» дейтұғын теңеулердің де теріс түсінік қалыптастырғысы келетін әлдекімдердің саясаты екенін айқындап беретіндей. Бірді айтып, бірге көшіп кететініміз бар. Айтпағымыз бұл емес еді.
Көзі қарақты оқырманға белгілі, «Өскен өңір» ұжымы газеттің 80 жылдық мерейтойына орай алыс-жақын ауылдарды аралап, елдімекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігін көзбен көріп, тұрғындармен мәселелері бойынша тілдескен-ді. Бастамамыз өз нәтижесін беріп, ел арасында тасада қалған тұлғалармен танысып, екі беті күнге күйіп, екі қолында кетпен саптың ізі қалған еңбек адамдарымен әңгімелесіп те үлгердік. Сондай жанның бірі –Төңкеріс ауылдық округінің тұрғыны Құрманбек Қарекеев. Кейіпкеріміз саналы ғұмырын елге пайдалы іс жасаумен өткізген. Әсіресе, күріш егу, баптап қарау әдісін бала кезінен атыз аралап жүріп меңгеріп, кейін бас дақылымыз ақмаржаннан тау тұрғызып, ауыл мен ауданның экономикасына өзіндік үлесін де қосқан. Кешегі тоқсаныншы жылдардың аяғындағы жаппай жекешелендіру уақытында да Төңкерістің бас шаруа қожалығының аман сақталып қалуына себепші болғанын көне көз қария сөз арасында айтып қалды. Бүгінде зейнет жасына шығып, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ақсақал қолы қалт еткенде теріден саптама, құрым етіктер тігіп, мәсі пішетін өнері бар екенін жеткізді. Содан, қазақы қол өнердің кенжелеп қалған бұл түрін қолға алып, бабалардан келе жатқан осынау үрдістің отын өшірмей, ізін жалғаушы азаматтың ауданнан табылғанына қуанып, қарияның қолынан шыққан дүниесін көрмекке бет алдық.
Айтқанындай жиырма шақты мәсі мен баяғы аталарымыздың аяғынан талай рет тартып шешкен салмағы ауыр саптама етіктер дайын тұр екен. Ардагер қол өнерші етік жасауға қажетті қалыптарын кәдуілгі теректің бұтағынан кесіп, қолдан қашап жасайды екен. Бұл кісінің жасаған дүниелерінің базардағы мәсі, етіктерден ерекшелігі барлығының астыңғы бөлшегі қалың. Суық оңайшылықпен өте қоймайды. Сосын, өгіз терісімен қапталған табанынан темір шеге не болмаса арнайы жабыстырған клей көрмейсіз. Бірыңғай ағаш шеге қағылып, нығыз ұстатылған. Бірнешеуін өзімізде киіп көрген едік, аяғымызға жайлы әрі жылы екіндігі бірден сезілді. Осындай өнердің оқуын оқымастан қайдан, қалай үйренгенін білгіміз келіп қойған сұрағымызға:
– Бала күнімізде әке-шешем қазақы киім тігетін. Сонда, әкем әлгілерді өлшеп-пішіп дайындайды. Ал, анам кәдімгі шеберлерше тігісін білдірмей, өрнектеп тігіп шығатын. Қаныңда бар қасиет бойыңда тыныш жатпайды екен, біз де сол ағаштан алыс түспей қанымызға тартқан шығармыз. Жалпы, менің мақсатым осы арқылы дүние қуып, мал табу емес. Негізгі ойым көнеден келе жатқан осынау өнердің замана көшінің соңында қалып, жұтылып кетпесе екен деген жанашырлық қана, – дейді ақсақал.
С.МАДИЯРОВА