Аттестаттау: сынақ па, сүріндіру ме?

0
355

Соңғы күндері аттестаттаудан өте алмай, сағы сын­ған мұғалімдердің жанайқайы көбейді. Орал қала­сының өзінде бір күнде сыннан өткен 50 педагогтің 49-ы сүрінген екен. Бұлардың көпшілігі жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беріп жүрген тәжірибелі мамандар бола тұра, тиісті межеден көріне алмағаны қалай деген сұрақ туады.

Себепсіз салдар болмайды деген бар. Өзіміздің неден сорлап жатқанымызды біліп отырмыз. Бұған себеп – ағылшын тілінен сөзбе-сөз, сапасыз аударылған оқы­ту әдістемесі екені анық. Бі­реу­лер санаттаудың жаңа ере­жесі енгізілгелі аттай 5 жыл өткен жоқ па деуі де мүм­кін. Солай екені де рас. Бірақ бастапқы кезде оқыту әдіс­темесінің шекті балы көңілге қонымды болды. 2021 жылы педагог-шебер санатын алу үшін әдістемеден 30 тест тап­сырмасының 14-ін шешсе жеткілікті еді.

Кейін жағдай біртіндеп өзгере бастады. Сол кездегі Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдың көктемінде талапты жоғарылатып, педагог-модератор – 18, педагог-сарапшы – 21, педагог-зерттеуші – 24, педагог-шебер 27 балл жинауы керек екенін құлаққағыс қыла бастады. Сол кезде мен әлеуметтік желіде мұндай өз­герістің салдары жақсы бол­май­тынын талдап жаздым. Алай­да жанайқайыма құзырлы министрлік тарапынан жауап болған жоқ.

Келесі жылы оқыту әдісте­месінің шекті балы тағы өзгер­ді. Бұрын педагог-модератор болу үшін 30 тапсырма­ның 9-ын шешу жеткілікті болса, енді 12 балл жинау қажет болды. Педагог-сарапшының ұпайы 11-ден 15-ке өзгерді. Педагог-зерттеушінің балы 12-ден 18-ге көтерілді. Педагог-шеберлер енді 30 балдың 21-ін алуы шарт болды.

Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылдың күзінде мұға­лім­дердің өз пәнінің тест тапсыр­масының дистракторын азайтып, бір жауапты етті. Ал әдіс­­­теменің 30 балдық тапсыр­­­масын 20-ға түсірген­мен, шекті балы күрт көтерілді. Ендігі жерде педагогтер оқыту әдіс­темесінен мынадай межені бағындыру қажет болды: педагог-модератор – 20/12, педагог-сарапшы – 20/14, педагог-зерттеуші – 20/16, педагог-шебер – 20/18.

Өздеріңіз де байқаған шы­ғарсыздар, екі жылдың ішінде талап екі есе жоғарылады. 2021 жылы педагог-зерттеуші методикадан 30 балдың 12-сін, яғни, 40 пайызын жинауы керек болатын. Қазір 20 тап­сырманың 16-сының дәл жауа­­бын көрсетіп, 80 пайызын білуі керек.

Бұл әрекетті педагогтерге жасалған қиянат деген дұрыс болар. Өйткені мұғалімдер б­ірінші кәсіби жетістік­тері жи­нақталған портфолио тап­сырады. Соның өзіне де қойы­лып отырған шарттар жеңіл емес. Оқу-ағарту ми­нистр­­лігі аттес­таттауды мей­лін­ше сараптап, жүйелі, ақыл­ға қонымды етіп жүргізсе дей­міз. Қысқасы, ағылшын тілі­нен шала­ғай аударылған эклек­тикалық әдістемені алып тас­тап, педагогтерге кәсіби жетіс­тіктері мен өз пәні бойынша теория­лық білімінің нәтижесі негізінде санат беру керек деп есептеймін.

Адамның барлық жағынан жолын жауып, мүмкіндіксіз қалдыруды әлеуметтануда «деп­ривация» дейді. Қазіргі мұғалімдердің біліктілік санатын көтеруге қойылып отыр­ған талап осындай болмаса екен деп қам жейміз.

Серік ЗИЯТОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ