Қазақстандағы су тасқыны: Бектенов пен вице-премьерлер қазір қай аймақта жүр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша су тасқыны жағдайын тұрақтандыру үшін премьер-министр мен вице-премьерлер су тасқынына байланысты аса күрделі ахуал қалыптасып отырған өңірлерде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов қазір Қостанай облысында жүр.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Премьер-министрдің орынбасарлары Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына, Нұрлан Байбазаров Батыс Қазақстан облысына жіберілді.
Сәуірдің 5-нен 6-на қараған түні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына ұшып барды.
Бұған дейін Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының су тасқынына дайындығын тексерген болатын.