Экономиканың өсуіне не кедергі?

0
149

Баға қымбатшылығы ел тұр­ғындарының қалтасына да, санасына да салмақ салып тұр. Қайтсек өндірістік елге ай­на­ламыз? Тығырықтан шығар жол қайсы? Нарықтық эконо­ми­каға көшу үшін бізге қан­дай алғышарттар керек? Осы және өзге де маңызды мәселелер дәс­түрлі CFO SUMMIT алаңын­да тал­­қыланды. Сарапшылардың ай­­туынша, еліміз дәл қазір тә­­уе­келдер қыспағында тұр.

Спикерлерді Ұлттық қордың да жағдайы мазалайды. Соңғы уақытта қордан ақша алу жиілеп кетті. Тіпті қазір қордағы қаражат көлемі ІЖӨ-нің 30 пайызынан төмен. Сала мамандарын ондағы ақшаның өспей жатқаны алаңдатады. Жағдайды жақсартудың жолдары да айтылды. Ол үшін салық жүйесіне өзгерістер қажет екен.

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов әлемдік экономика бұрын-соң­ды болмаған жоғары инфляцияға, пайыздық мөлшер­ле­мелердің өсуіне және жаһандық өн­діріс пен жеткізу тіз­бегінің бұ­зылуына әсер еткенін айтты.

«Қиындықтарға қарамастан экономикамыз тұрақты және жаңа жағ­дайларға жақсы бейімделді. Ел эко­номикасы дамуының оң динамикасы сақталды. 2022 жылы ІЖӨ нақты өсімі 3,2 пайызды құрады. Инвес­ти­циялар мен сыртқы сауда көлемінің өсуі негізгі драйверлер болды», деді Т.Жақсылықов.

Оның айтуынша, инвестициялық ахуал елдің күшті жақтарының бірі болып саналады. 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,9 пайызға өсіп, 15,1 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың 9 айын­да ті­келей шетелдік инвестиция ағыны шамамен 22,1 млрд доллар болды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда 17,8 пайызға  артық.

«Бірқатар шетелдік кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде біздің елге қоныс аударуға ниеттеніп отырған 62 ком­пания­ның 19-ы көшірілді», деді вице-министр.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдің халықаралық резерві – 90,8 млрд доллар. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, 2023 жыл оңай болмайды. Жоғары пайыз­дық мөлшерлемелер, жаһандық эконо­ми­каның бәсеңдеуі, инфляциялық үдерістер мен санкцияларды шектеу жа­һандық болжамға қысым жасауды жалғастырады.

«Ел экономикасы жаңа жағ­дайларға бейімделе бастады. Инф­ляциялық қысымды бейтараптандыру үшін инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар ке­шенін іске асыру жалғасады. «Биз­нестің жол картасы», «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарламалары бойынша мемлекеттік қаржылық қол­дау экономикалық бел­сенділікке оң әсер етеді. Мұнда эко­номиканың басым сегменттерінің бірі ретінде ШОБ-қа үлкен үлес қосылды. Салалық министр­лік­тердің бағалауын ескере отырып, биыл көптеген салада оң динамика сақ­талады. Сондықтан осы жылы эко­но­микалық өсу болжамын 4 пайыз дең­гейінде сақтауға мүмкіндік бар», деді Т.Жақсылықов.

Спикерлер сөзінше, әлемдік инфля­ция­ның қазіргі жағдайы еліміз үшін үлкен мүмкіндік.

Kazakhstan Growth Forum төрағасы Элдар Әбдіразақов Қазақстан үшін не­гізгі жүйелі тәуекелдерді, соның ішін­­де санкцияларды атап өтті. Ол гео­­саяси мәселелердің күшеюі, соның ішінде Батыс пен Шығыс арасындағы текетірес Қазақстан үшін де шектеуші әре­кеттерге алып келуі мүмкін екендігін де ескертіп өтті.

«Бүгінгі күні бұлтты техноло­гия­лар­ға қол жеткізудің үлкен мәселесі бар, өйткені санкциялар, геосаясат жағ­­дайында бұл үдеріс қиындап бара­ды. Бұл технологияларға қол жеткізуді шектейтін жағымсыз сигналдар бар­шылық. Сондықтан бұл бізді қатты алаңдатады. Өйткені еліміз үшін аймақтық бәсекеге қабілеттілік үшін бүгінгі күні технологияға қолжетімділік өте маңызды», деді Элдар Әбдіразақов.

KASE басшысы Алина Алдамберген қаржы әлемінде болып жатқан үрдістер және цифрландырудың қор нарығына әсері туралы айтты. Оның пікірінше, цифрландыру үрдісі қор биржаларына да әсер етуі мүмкін. Ол инвесторларға стандартты құралдарға ғана емес, сонымен қатар цифрлық құралдарға да инвестициялау мүмкіндігін беру үшін қазіргі уақытта өте гибридті жүйелер пайда болып жатқанын атап өтті.

«Біз де осы мүмкіндіктерді қарас­тырып жатырмыз, бірақ цифрлық құ­рал­­дарды іске қосқан жағдайда цифр­лық инфрақұрылымды қалай дамыту керектігін де мұқият зерттеп жатырмыз», деді KASE басшысы.

Ол жалпы алғанда, қаржы секторы мен оның қызметтері барған са­йын цифрлық сипатқа ие болып келе жатқанын және бұл үрдіс қор на­рық­та­рын айналып өтпейтінін айтты. Спикер ESG тәжірибесін енгізу танымал болып келе жатқанын және бұл қор нарығына да әсер ететінін баса айтты.

Жиында сауда айналымы 32, экспорт 40 пайызға артқандығы да айтылды. Халықаралық валюта қорының ақпаратына сенсек, биыл ел экономикасы 2,9 пайызға өсті. Алайда бұл өткен жылға қарағанда көрсеткіш төмен.

Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова журналистермен кез­дес­кен кезде экономикаға мемлекет араласпаған жағдайда ғана бә­секе­лестік орнайтынын айтты. Екін­ші деңгейлі банк­терден бас­тап өндіруші мен сервистік компаниялар да тұтынушы үшін барын салады. Оған қоса мемлекет көмекті таңдап беру қажет. Ол сондай-ақ 3 нау­рыздан бастап күшіне енетін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа заң жобасына қатысты пікір білдірді.

«Жаңа заңның әсері қандай болатынын әзірге білмейміз. Бізге нақты проблемалық жағдайға тап болған қарыз алушыларды қорғайтын заңнама керек шығар. Бірақ әдетте банктер олармен бірге қайта құрылымдау, ұзарту және кейбір өзгерістер мен жеңіл­детуді қарас­ты­рады», дейді Ү.Шаяхметова.

Спикерлерді Ұлттық қордың да жағдайы мазалайды. Соңғы уақытта қордан ақша алу жиілеп кетті. Тіпті қазір қордағы қаражат көлемі ІЖӨ-нің 30 пайызынан төмен. Сала мамандарын ондағы ақшаның өспей жатқаны алаңдатады. Жағдайды жақсартудың жолдары да айтылды. Ол үшін салық жүйесіне өзгерістер қажет екен.

Экономист Алмас Чукин эконо­мика­да­ғы ахуал туралы баяндама жасап, проб­лемалардың негізгі ауқымын атап өтті.

«Халықтың нақты табысы өсуі үшін экономика өсуі қажет. Экономика өскен сайын жұмыс күшіне сұраныс ар­тады. Жұмыс күшіне сұраныс өссе, кәсіп­кер­лер жалақыны көбірек төлейді. Бірақ жа­ла­қыны көтеру экономиканың жүгін же­ңіл­дете алмайды», деп түсін­ді­реді эко­номист.

Алмас Чукиннің айтуынша, 2022 жылы ІЖӨ-нің номиналды өсімі 100 трлн теңгеден асқан, алайда валютамен өлшейтін болсақ, 2004 жылдан бергі өсім небәрі 2 есе ғана. Оның пайымдауынша, Үкімет ел экономикасына шұғыл түрде шетел қаржысын тартуы қажет. Сарапшы айтып өткендей, біздің ел нарыққа емес, әлеуметтік сегментке көбірек басымдық беретін ел. Нарық заңына бейімделуімізге осы фактор кері ықпал етіп жатыр.

«Ел бюджетінің жартысынан астамы білім, денсаулық сақтау және ха­лық­қа әлеуметтік көмек көрсетуге жұм­са­­лады. Халыққа жұмсалатын қаржы бүгін ғана емес, ертең де болуы керек. Ұлт­­тық қордың инвестициялық бө­лігі сын көтермейді. Алдағы 7 жылда халық саны қазіргі туу көрсеткішімен 1,5 миллион адамға артады, оның 1 миллионы еңбекке қабілетті. Жы­лына 140 000 жұмыс орнын құру – өте қиын міндет», деп атап өтті Чукин.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ