Балалар қауіпсіздігі бейнебақылаумен шектеле ме?

0
219

«Бала – бауыр етің» дейді халық нақылы. Алайда соңғы жылдары тіптен жиілеп кеткен бала тағдырына қатысты жантүршігерлік оқиғалар қоғамның бұл мәселеге сергек қарауын талап етіп отыр.

Табиғи апаттар былай тұрсын, суға батып кеткен, өртенген үйде қалған, көлік апатына, әлімжеттікке ұшыраған, ата-анасының қолынан зардап шеккен балалар қорғансыздықтан осындай күйге түсіп отыр-ау деген ойға қаласың.

Қазіргі кезде сарапшылар жағдайдың былайша ушығып кетуін, қатаң бақылау­дың жоқтығымен түсіндіреді. Жақында Пет­ропавлдағы №4 мектепте орын алған төтенше жағдай жоғары сынып оқушы­сының мектепке балта мен пы­шақ әкеліп, сыныптастарына шабуыл жасағанын мектептегі бақылаудың жоқ­тығы, әлде тәрбиенің осалдығы дейміз бе?

Жыл басындағы деректерге сүйенсек, елімізде кәмелетке толмағандарға қатыс­ты 200-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, салыстырмалы кезеңге қарағанда 32 пайызға артық екенін көрсетіп отыр.

Ал өткен жылғы мәліметтерге сүйен­сек, бір ғана Түркістан облысында 50-ден астам бала жазата­йым оқиғаға тап болған. Бұл біз мысалға алып отырған бір ғана өңірдегі жағдай. Мұндай келеңсіз оқиғалар еліміздің барлық аймағында дерлік орын алып отырғанын ақпарат көздері растайды.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, қазіргі кезде еліміздегі 7 мың­нан астам мектеп бейнебақылаумен жаб­дық­талып, аумақтық полиция депар­тамент­терінің жедел басқару орталық­тары­мен байланысқан. Яғни балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру нысандары орналасқан жерлерге пат­руль қызметтері барынша жақын орна­лас­қан.

Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі тарапынан да тиісті шаралар қолға алынып, жыл басынан бері еліміз өңірле­ріндегі мектептер қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу бойынша жаңа ережелермен жұмыс істеу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілгені белгілі.

Алайда ел үкіметі республикада орын алып отырған балалар өміріне қа­тыс­ты келеңсіз жағдайлардың көбеюі бақылау жұмыстарының жетіс­пеуші­лігін көрсетеді деген тоқтамға келіп, бала тағдырына бейжай қараудан туын­дап отырған мәселе­лерге орай тиісті шараларды қолға алды. Демек, оқушы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мем­лекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі әрі ата-ана мектептегі баласының жағ­дайы мен қауіпсіздігі үшін алаңда­мауы қажет.

Бүгінде атқарылған іс-шараларға қа­ра­мастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткі­лікті. Бейнебақылау орна­тыл­ған мектептердің арасында каме­ра­лары стандарттар мен техника­лық талап­тарға сәйкес келмей­тін мектеп­тер де бар. Еліміздегі 1 100-ге жуық оқу ұясы полицияның жедел бас­қа­ру орта­лықтарына қосыл­маған. Бақы­­лау режі­мі қатаң сақтал­майды. Түркіс­тан және Солтүстік Қазақ­стан облыстарын­дағы мектептерде лицензия­ланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылған. Осы мәсе­ле­лердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі.

Қазіргі кезде білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицен­зияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Үкімет отырысында биылғы жыл­дың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдық­тау жұмыстарын аяқтау қажеттігі айтыл­ға­нын білеміз. Бұл полицияның жедел басқару орталықтарына шығатын бейнебақылауға, мамандандырылған күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етумен байланысты. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үкі­метке Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізіп, уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алго­рит­мін жетілдіру жөніндегі шараларды қамтуы тиіс. Сондай-ақ Ішкі істер, Төтен­ше жағдайлар министрліктері де білім беру ұйымдарында қауіпсіздік та­лап­тарының қатаң сақталуына сапалы мониторинг жүргізуі керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарындағы қауіпсіздік жағдайына 2019 жылдан бері тоқсан сайын мониторинг жүр­гі­зіліп келеді. Осы орайда Оқу-ағар­ту министрлігі биылғы жылдың 20 ақпа­нынан 20 нау­рызына дейін еліміздің барлық оқу орындарының кешенді қауіп­сіздік жүйесі­мен қамтамасыз еті­луін қадағалады. Дерек­терге сүйенсек, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай, Қоста­най және Түркістан облыстарында қауіп­сіздік жүйелері талапқа сай келмейді. Министр Ғани Бейсембаев елімізде 6,5 млн-нан астам бала бар екенін ескертіп, осы орайда бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен әріптестік орнатып, тығыз жұмыс істеу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңыздылығын атап өткен болатын. Балалардың құқығын қорғау ісінде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Әкелер кеңесі» және «Аналар кеңесінің» жұмысын жандандыру мәселесі де уақыт күттірмейді.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ақпаратына сүйенсек, жуырда осы мақсаттағы жұ­мыс­­тарды жетілдіру мақсатында орта білім беру ұйымдарына арналған мектеп­і­шілік есепке алуды жүргізу бойын­ша әдіс­темелік ұсынымдар әзірленіп, бекі­тіл­ді. Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды. Коми­тет төрағасының орынбасары Юлия Овечки­наның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке тол­мағандарды уақытында анық­тауға көмектеседі. Қазіргі кезде барлық мектепте мектепішілік есеп жүргізу қолға алынған. Оған сәйкес мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және пси­хо­логиялық-педагогикалық қолдау көрсе­туді қамти­тын жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Оқушыға жеке әлеуметтік және психо­логиялық-педаго­гикалық көмек көрсе­т­уді мақсат ететін шара құқық бұзу­шы­лықтың алдын алуға да ықпал етеді.

М.Ганди атындағы №92 мамандан­­дырылған лицей директоры Гүлжан Сауыт­қызы қазіргі кезде бала­ның қауіп­сіз­дігі ата-анаға да, мектепке де салмақ екенін айтты. Ата-ана баласын мектепке әкелгеннен кейін, ал мұғалім бала мектептен шыққаннан кейін оқушының қауіпсіздігіне алаңдайды. Қалада жол жүру ережесі, қылмыстық жағдайлардың сақ­талмауы сияқты көптеген фактор бүгін­­де бала қауіпсіздігіне бей-жай қа­ра­­­мау­ды талап етеді. Қазіргі кезде ел үкіметі, тиісті министрлік тарапынан балалар қауіпсіздігіне бағытталған шара­лар күшейтіліп жатыр. Дегенмен, жауапкершілік ата-ана мен мектеп мамандарынына түсетіні анық. Өйткені баланың негізгі пәндерге қатысты саба­ғынан кейінгі бос уақытын пайда­лы, тиімді өткізуінде осы екі тарап­тың жүктемесі көп. Осы орайда бала­ға қолайлы психологиялық ахуал қалып­тастырып отырған мектеп және отбасы жағдайынан тыс қоршаған ортаның қауіпсіздігі маңызды. Бала мектеп жағ­дайында түрлі үйірмелер, факультатив сабақтар, оқушылар арасынан құрылған клубтарға қатысуы арқылы білімге қы­зы­ғушылығын арттырып, кәсіптік бағ­дарын таңдауға мүмкіндік алады десек, өз ауласында емін-еркін спорт ойын­дарымен шұғылданып, таза ауада еркін серуендеуін қоғам тарапынан қамта­масыз етілуі тиіс.

– Қазіргі кезде ата-аналардың басым көпшілігі үшін жұмыс пен мектеп арасында жүргізуге тура келеді. Баланы мектепке апарып, алып кетудің өзі жұмыс істейтіндер үшін едәуір салмақ. Егер мектеп ішіндегі үйірмелер, қосымша сабақтар жүйелі жолға қойылса, сонымен қатар мектеп көліктері қала, аудан демей жүріп тұрса, балалар қоғамдық көліктердегі қолайсыздықтарға ұрынбай үйіне алаңсыз жетуіне мүмкіндік туған болар еді, – деді бізбен әңгімесінде Гүлбақыт Қиғашбаева есімді ата-ана.

Оның айтуынша, қазіргі кезде ата-аналардың көңілі баласының үйге аман-есен жетуіне алаң. Өйткені қоршаған орта бала қауіпсіздігінің кепілі бола алмайды. Ал бала қауіпсіздігі қолжетімді заманауи мектептер, әлеуметтік тұрақ­ты­лық әрі жайлы орта сияқты бір-бірі­мен тығыз байланысты жағдайларды қамтиды.

Қазіргі кезде Президенттің тапсыр­масына сәйкес, балаларды қорғау жө­нін­дегі кешенді жоспардың жобасы әзірленіп, балалар қауіпсіздігін кү­шей­ту шараларына байланысты норма­тив­тік, ұйымдастыру жұмыстары іске асырылып жатыр. Осы орайда сарапшы­лар мектептердегі бейнебақылау жүйе­сінің күшеюі қауіпсіздікті жетілдіру тетіктерінің бірі ғана екенін еске сала отырып, ата-ана, мұғалім, жекелеген аза­мат­тардың жауапкершілігі көше тәртібі, қоғамдық орындардағы мәдениеттілікті сақтау еліміздің болашағы – балалардың игілігі жолында адами болмыстың дең­гейінде жалғасын табуын қаперге алсақ дейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ