Білім берудегі құндылық: Қазақстан мен Англиядағы ерекшеліктер қандай

0
1009
Фото: Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан

Елімізде тағы бір жыл қорытындыланып жатыр. Әркім өз саласында қандай табыстарға қол жеткізді? 2023 жыл несімен есте қалды? Осы орайда Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназияның тарих және құқық негіздері пәндерінің мұғалімі, биыл орта білім саласының үздігі ретінде Лондонда, Оксфордта, Кембриджде біліктілігін арттырған Дәурен Сағынғалиев Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

– Дәурен Наурызбайұлы, 2023 жыл жеміссіз болмаған сияқты. Қадау-қадау табыстарыңа тоқталсаңыз?

– 2013 жылдан бері Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияда ұстаздық қызметтемін. Осы онжылдықтың ішінде менің азаматтық болмысым қалыптасып, ұстаздық тұлғам жетіле түсті.

2023 жыл педагогика саласындағы кейінгі ой-толғамдарым мен ізденістерімді қорытып, біліктілігімді арттырып, еселі табыстармен ерекшеленген жыл болды. Қоғамдағы мұғалімнің дәрежесі туралы пікір білдіргенде, ең әуелі оның шәкірттері қандай жетістіктерге қол жеткізді деген сауал қатар қойылады. 2023 жылдың сәуір айында оқушылар арасындағы республикалық пән олимпиадасында шәкіртім Меруерт Ермекова жоғары ұпай көрсетіп, І орын иеленді. Оқушы кезімде өзім де республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба сайыстарында Орал өңірінің атынан топ жарған едім. Шәкіртіңнің де осындай дәрежеге жеткені өзің үшін зор мақтаныш, толқыныс пен тебіреніске толы сәт екен.

2023 жылдың маусым айында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан республика көлемінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервіне іріктеу жүргізілді. 2023 жылдың маусым айынан қарашаға дейінгі аралықта негізгі, ілгері, кәсіби деңгейде білім алып, іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өттім.

2023 жылдың желтоқсан айында республикалық «Үздік педагог» конкурсында топ жарып, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан сертификат және қаржылай сыйақымен марапатталдым.

Дәурен Сағынғалиев
Фото: Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан
Дәурен Сағынғалиев
Фото: Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан

– Биыл Англияда білім жетілдіріп келдің, екі елдің білім беру саласындағы ерекшеліктері қандай?

– Англиядағы оқуымыздың басым бөлігі Лондон қаласында өтті. Кейіннен Оксфорд пен Кембридждің бірнеше колледжіне барып, білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерімен таныстық.

Біздің елдегі білім беруді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар секілді ағылшын мектептерінде де «Ұлттық оқу бағдарламасы» қабылданған. Ағылшын бағдарламасының негізгі ерекшеліктерінің бірі – балалар қызығушылығы мен қабілетіне қарай жоғары сыныптарда кейбір пәндерге көбірек басымдық бере отырып жұмыстанады. Өзінің өмірлік мақсаттарын айқындаған оқушы үшін бұл – өте тиімді қадам. Ұлттық емтиханды тапсыру талаптарына байланысты кей пәндерге ғана баса назар аударғандықтан, ағылшын балалары үшін, тіптен, ата-аналары мен университеттер үшін де болашақ оқу мақсаттарын айқындау жеңілдей түсетіндігі анық.

Ағылшын мектептеріндегі білім беру үдерісі тек жылдармен өлшенбейді. Олар үшін маңыздысы оқушылардың GCSE, SCE, As u A level сынды оқу деңгейлерін меңгеруі.

Англияда 2021 жылдан бастап 4 жылда бір рет ағылшын тілі, қарым-қатынас (коммуникация), математика бойынша мектептің даму қарқынын анықтау мақсатында «негізгі бағалау» жүргізіледі. Бұл бағалау жұмыстарының таяу келешекте нәтиже беретіндігіне ағылшын білім беру жүйесінің мамандары сенімді. Әзірге Ұлыбритания білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA-2022 қорытындысы бойынша әлемдегі 15 үздік мемлекеттің қатарында. Әрбір білім сапасында көш бастаған мемлекеттің де өзгеден үйренері бар. Ағылшын мамандары математиканы оқытуда Қытай мемлекетінің тәжірибесіне қызуғушылық танытатынын айтты.

Оксфордтың St. Edward’s колледжіне барғанымда, оқушылар мен мұғалімдердің саны туралы сұрадым. Оксфордтың біз барған колледжінде 860 оқушы білім алады. Колледждегі математика пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің саны – 20. Осыдан-ақ Оксфорд колледждерінің өзгелерден не себепті дараланып тұрғаны түсінікті шығар.

Біз отандық білім беру мазмұнында құндылыққа бағдарланған білім беруді жиі талқылап жүрміз. Ағылшындардың маған ерекше ұнаған құндылықтары (values) – қонақжайлылық (welcoming) пен амбицияның басымдығы (aspirational). Қазақ та қонақжай. Алайда ағылшындарда қонақжайлылықтың шекарасы бар, өлшемі бар, мәдениеті бар. Амбиция дегенді іс-әрекеттерінен-ақ аңғарасыз. Еркіндіктің лебі есіп тұр. Жасқаншақ болып тұрған бала көрмейсіз.

Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан
Фото: Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан

– Қазақстан әлем көшінен қалмау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Ұлттық болмыстың қалыптасуына ықпал ететін бірден-бір күш – білім ордасы. Ұлыбританияның 40-тан аса премьер-министрі Оксфорд пен Кембриджде білім алған. Қазіргі премьер-министр Риши Сунак та – Оксфордтың түлегі. Ағылшынның арманын орындайтын азаматтар, міне, осындай ортада қалыптасады. Біздің елімізге де ұлттық кадрларды дайындайтын жаһандық деңгейдегі жоғары білім ордалары аса қажет. Ұлтымыздың келешектегі сапасын арттыру үшін де әр сала бойынша кадрлық резервтің қажет екендігіне сәт сайын көз жеткізіп келеміз. Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» атты кадрлық резерв бағдарламасы еліміздегі әр салада жасақталуы тиіс.

Қазақстанымыз әлем көшінен қалмасын деп еңбектеніп жүрген біз үшін қазір әлемді шарлау, жетістіктерді барлау, амал табу, өзгерісті өз ұлтыңның мінезіне сай дарыту маңызды болып тұр.

Англияға сапарым барысында өмірге риза халықты көрдім. 1096 жылы университет ашқан ағылшындардың материалдық құндылықтан ада екенін де еріксіз аңғардым. Өз халқым да сондай дәрежеге жетсе екен деп ниет еттім. Құр қалаумен іс өнбейтінін де түсінесің. Қазақтың оқыған азаматтары қай салада болмасын жауапкершілік алуға, ізденісімізді арттыруға, жанашырлық танытуға дағдылануымыз қажет-ақ.

– Өзіңнің алға қойған басты мақсаттарыңыз қандай және ол орындалып келе ме?

– Өмір жолымда педагогика саласына кездейсоқ келмегенімді түсінемін. Менің бойымдағы Жаратқанның берген бар қасиетін тоғыстырған бір ғана сала бар. Ол – ағартушылық.

Ендеше, менің миссиям – ағартушылық қызметім арқылы қазақ қоғамын жақсарту. Егер мұғалімнің интеллектісі жоғары болмаса, келешек қоғамның деңгейі де, моральдық қуаты да төмен болмақ. Өз саласында ілкімді ізденіс жасамаудың өзі біздің салада – індет. Бәлкім, содан да шығар, ой орамымды бүтіндеп, педагогика саласымен байланысты «Тоғыз толғаныс» деген кітап жаздым. Кейіннен білім саласындағы көшбасшы тұлғасына үңіліп, еңбек жолымды бастаған ұжымымның басшысы мен үзеңгілес әріптестерім туралы «Жан шуағы» атты кітабым жарық көрді. Келешекте шет мемлекеттердің орта білім берудегі табысты жолын зерделеп, ғылыми еңбектер жазу жоспарымда бар. Қазір «Білім саласындағы менеджерлердің құқықтық құзыреттілігін дамыту» бойынша докторлық диссертациямды қорғауға дайындық үстіндемін.

Үздік болудың кілті – үздіксіз даму. Бірнеше кәсіби конкурстарда топ жарсам да, марапатқа масаттанған емеспін. Марапаттан бұрын шәкірт алдында парасатты болуды ойладым. Үздік педагог атану жолындағы ізденісім мен жетістігімнің барлығының түп мақсаты да түсінікті. Ол – замандастарым мен іні-қарындастарымды педагогика саласына келуге үндеу, бұл салада дамылсыз еңбектің арқасында телегей жетістіктерге жетуге болатынына сендіру. Өзі қоғамды дамытуды мақсат еткен мұғалімнен егемен елдің ертеңіне еркін енетін ұрпақ қалыптасады емес пе?!

Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан
Фото: Дәурен Сағынғалиевтің жеке мұрағатынан

– Жаңа жылдан не күтесіз?

– Жаңа жылдан жақсылық күтемін. Барша қазақтың бақыты баянды болсын. «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген даналық сөзді қатаң ұстанамын. Мүмкіндікті пайдалана отырып, өзім білім алған Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатын (педлицей) 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Нәсіпқали Дәулетұлы бастаған барша ұстаздарыма алғысымды білдіргім келеді. Бүгіндері беделіміздің биіктеп, абыройымыздың артып жатқандағы Ақ Жайық өңіріндегі ұстаздарымның бізге берген терең білімі мен адал еңбегінің жемісі. Жаңа жылдағы қай ісіміз де өнімді болсын!

– Әңгімеңізге рахмет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын үздік педагогтің адам арманына жеткісі келсе, үнемі даму үстінде болуы керектігі туралы айтқанын жазған едік.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ