Бір адам – бір тағдыр
Кейде алуан түрлі әдеби шығармаларды оқып отырып, кейіпкерлер өміріне, оның өмір сүрген ортасына назар аударасың, жазушылардың ойшылдығы, тапқырлығы да оқырманды тәнті етпей қоймайды. Бір байқағаным, мейлі қай ұлттың әдебиеті болсын, әйел кейіпкерлер арқылы сол кездегі қоғамның келбетін, адам жанының нәзіктігін суреттеуге көбірек ден қойыпты, соған ұмтылыпты. Кейде оқиғалары ұқсас болмаса да, кейіпкерлері арқылы адам тағдырын сөз еткен шығармаларды қатар оқып, жазушылардың шеберлігі мен оқиғалар желісіне жіті назар аударуға құштармын. Мұндағы мақсатым, кім мықты жазады деп емес, кімнің жазғаны оқырманды ойландыра алады деген сұраққа жауап іздеу екенін де жасырмаймын.
«Сары торғын» – сағыныш салмағы
Түпнұсқадан оқыған кезекті әңгіменің бірі «Сары торғын» деп аталады. Авторы – Пит Хэмилл. Бұл әңгіме алғаш рет жарияланғаннан бері әлі де оқырманның есінен кеткен емес. Аталған шығарма 1970 жылдар төңірегіндегі Америка тұрғындарының өміріндегі шексіз сүйіспеншіліктің символы. Әрі әскерде болғандар мен түрмеде отырғандардың туған ауылына аман-есен қайтқан әсерлі шақтарының айқын көрінісі іспетті. Түрмеден босап қайтқан жігіттің жары ауыл сыртындағы емен ағашына сары торғын байлауы Америкада 1959 жылдардан бұрын ел арасына кең таралған әңгіме. 1971 жылы қазан айында, газет шолушысы Пит Хэмилл Нью-Йорк пошта газетіне осы шағын әңгімесін жариялайды. Ол халық аузында айтылып жүрген әңгімені әсерлі етіп жазып, жұртқа ұсынғанын баян етеді. 1972 жылы маусым айында, тура тоғыз айдан соң, «Оқырман» басылымы бұл әңгімені қайта жариялайды. Сол жылғы маусым айында, ABC-TV арнасы ауылына оралған қылмыскердің өмірі туралы театрландырылған фильм нұсқасын эфирге шығарады. Осыдан бір жарым ай өткен соң, Эрвин Левин мен Рассл Браун «Емен ағашы басындағы сары торғын» атты әнді өмірге әкеледі.
Автобуспен әлдебір жаққа демалуға бара жатқан бір топ жас көңілсіз отырған сапарластарына назар аударады.
«– Үйлендіңіз бе?
– Білмеймін…
– Білмегені несі?
– Түрмеде әйеліме хат жазып, егер менімен жалғасты үй ұстауға шарасыз қалып, басқа біреумен отасу ойы болса, әрі тұрмыстың соққысына шыдай алмаса, балаларымыз әкеміз қайда деп сұрап мазаласа, мені ұмытып, қалаған адамымен отбасын құруына қарсы еместігімді, әрі маған бұдан былай хат жазбауын өтіндім. Бірақ, керісінше, ол төрт жылдан бері менің келер жолыма қараумен өмір өткізіп келді. Маған хат жазудан ешқашан жалыққан емес». Кімді болса да, бейжай қалдырмайтын әңгіменің осы тұсы деп ойлаймын. Жазушының ел аузынан естіген әңгімені түрлендіріп, оқырманның көңіл күйіне әсер ететіндей күйде ақ қағазға түсіруі – бір жағынан шеберлік, екінші жағынан өнерге, өмірге деген құштарлық.
«– Онда сіз бүгін үйіңізге қайтып барады екенсіз ғой? Неге білмеймін дейсіз?
– Иә, – деді ыңғайсызданып. – Өткен аптада түрмеден шығатыным туралы естіген соң, хат жазып, егер ол басқа біреумен отбасын құрған болса оны түсінетінімді, керісінше, мені әлі де күтіп отырған болса мен көп өтпей үйге қайтатынымды айттым. Біз бұрын Брансуик ауылында тұрғанбыз, ауылға кіреберіс жерде бір үлкен емен ағашы бар болатын. Оған мені әлі де күтіп отырса, әлгі емен ағашының басына сары торғын байлап қоюын, сары торғын көрінсе мен автобустан түсіп үйге баратынымды, егер сары торғын көрінбесе, өз жолыммен жүре беретінімді айтқам». Қазіргі қоғамда қателескен адамдарға деген түсінік те өзгеше болатын сияқты. Түрмеде отырған немесе әлдебір айыпты болған адамға екінші рет өмір беру, мүмкіндік сыйлау да ізгіліктің бір түрі екенін түсінетін кез жетті. Кейіпкер Вингоның жан толқыны, көңіл күйінің алай-түлейлігі осыны меңзесе керек, демек оның әлемі – қорқыныш пен үрейдің ұясына айналған.
«Сәлден соң…. автобустағылар орындарынан атып-атып тұрды да, шыңғырып, айғайлап, тіпті кейбірі жылап та жіберді. Тек жүдеу көңіл Винго ғана үнсіз, кенет ол да каучук ағашына қаз-қатар байланған сансыз сары торғындарды көрді, көрді де өз көзіне өзі сенбей отырып қалды. Жапан далада жалғыз өскен каучук ағашы сары торғынмен көмкеріліпті. Отыз, жоқ елу, бәлкім, жүз неше торғын болар… Сары торғынға оранған каучук жапырақтары құдды «сізді күтіп тұрмыз», деп тұрғандай самал желмен баяу тербеледі. Жүздері бал-бұл жанған жастар әлі де айғайлап келеді. Олар автобустан түсерде Вингоның қолын кезек-кезек қысып жатты». Мәз-мейрам жастар ақыры Вингоны ой арпалысынан құтқарғандай болды. Қысқаша айтқанда, оған жылылық пен бақыт енді жар болмақ. Жазушының осы шығарманы жаңғыртып жазуындағы мақсаты да – осы.
Он жасар Гучаның тағдыры
Тайвань жазушысы Сан Маудың «Сахара әңгімелері» атты прозалық кітабына оның Сахара шөліндегі көрген-білгендері туралы бірнеше шығармасы еніпті. Жазушы Сан Мау 1943 жылы туған. Өткен ғасырдағы қытайдың белгілі жазушыларының бірі. «Сахара әңгімелері», «Жылауық түйенің хикаясы», «Жаңбырлы маусыммен бірге жоғалу», «Тымық кеш», «Түсімдегі гүлдер», «Менің асылым» сияқты кітаптардың авторы. Ол 1991 жылы қайтыс болған. Оның әңгімелері адам тағдырын сөз етуден жалықпайды. Солардың бірі «Қолбала» атты әңгімесі. Аталған туынды Сахара шөліндегі әлде бір елді мекенде өрбиді. Кейіпкері он жастағы Гуча атты қыз. Мына дүниенің ақ пен қарасын енді айыра бастағанда Гучаны әкесі қалыңмалға сатып, ұзатып жібереді. Өркениетті елден барып, мұндай жосынды түсінбей басы қатқан Сан Мау Гучаның тойын, құдалығын қаз-қалпында суреттейді.
«Біз үнсіздік ішінде шай ішудеміз. Кенет мен тағатсызданып:
– Сіздер Гучаны әлі кішкене деп ойламайсыздар ма? Ол не бәрі он жаста ғой.
– Кішкенесі несі? Оның шешесі маған сегіз жасында тұрмысқа шыққан.
Екінші күні математикадан сабақ беріп болған соң, мен шай қайнатудың кезегі Гучаға келгенін айттым. Сәлден соң шай үстінде оған бұл істің мән-жайын қанша қайталап айтсам да, ол бірден түсініп кете алмады». Шығарманы оқи келе, өрімдей қыз Гучаға жаныңыз ашиды, тіпті ол хат танып, оқу тауыспастан қалыңмалдың құрбаны болып кете барады.
«– Ақымақ, сен көп өтпей тұрмысқа шығасың. Мен оған осылайша ашығын айттым. Оның беті батар күндей қызарып кетті де: «Қашан?» деді.
– Рамазан айы өткен соң. Сен кімге тұрмысқа шығатыныңды білесің бе?». Жазушысы таңдандырған істің барысы осылай басталады. Шығарманы оқып отырып, біз бұл шынайы өмірде болған оқиға шығар деп түйдік. Өйткені Сан Мау – бірнеше жыл Сахара шөліне барып тұрып, сондағы өмірді өз көзімен көрген қаламгер. «Біз тұратын шағын көшенің іші «Jeep» көлігіне лық толды. Жаңасы да, ескісі де бар. Бұл көрініс Хандидің осы өңірде беделі жоғары екенін дәлелдеп тұрғандай. Жолдасым екеуміз құдаларды қарсы алуға баратын көлікке отырдық. Көлік тоқтаусыз сигнал беріп, құм үстінде зырлап келеді. Еркектер сол баяғы әуенге салып, Гучаның әпкесінің үйін бетке алды. Бұрынғы дәстүрде түйеге мініп, мылтық атып, шатыр тігіп, құдаларды қарсы алады екен. Ал қазір түйенің орнына «Jeep» көліктері, мылтықтың орнына тоқтаусыз берілген сигнал алмасыпты. Бірақ бәрі де мазасыз шуыл. Мені қатты таңғалдырғаны құдаларды күтіп алған шақ болды». Адам тағдыры, кісілік құқық, адамгершілік, болашақ деген ұғымдар мен Сахара шөліндегі ескі дәстүрмен өмір сүріп жатқан тайпалардың арасындағы жер мен көктей байланысты оқырманға жазушы жалғыз әңгімесімен-ақ түсіндіруге тырысады.
«Сақалды қыз», сен қайдасың?
Жазушы Нұрғали Ораздың ешкімге ұқсамайтын жазу стилі, шығармаларындағы өмірге құштарлыққа үндеу идеясы туралы тартынбай айтатын сәт келді. Қаламгердің шығармасына деген оң баға ол өмір сүрген қоғамға деген жылы көзқарас болмақ. Жазушының көп әңгімелерінің ішінде оқшау тұрғаны да «Сақалды қыз» туындысы болса керек.
«Сол күннен бастап әлгi сақалды қызды жақыннан бiр көруге аңсарым ауды да тұрды. Бiрақ жуық арада соның сәтi түсе қоймады. Менiң төбем көрiнгеннен ол қасқырдан үрiккен елiктiң лағындай алыстан зымырап қашатын болды. Кiмнiң шығарып жүргенiн бiлмеймiн‚ ауыл iшiнде: «Қаладан келген суретшi сақалды қыздың суретiн салмақшы екен‚«деген қаңқу сөз тарап кетiптi». Алғаш рет «Сақалды қызды» оқығанымда, өн-бойымды бір суық ағыс сызып өткендей болып еді. Неге дерсіз? Шығарманың тақырыбы да, айтар ойы да оқырманды бейжай қалдырғысы келмейді. Мен бұл әңгімені киноға сұранып тұрған шығарма дер едім.
«Ондай ой менiң басыма келмеген. Күлдiм де қойдым. Алайда сақалды қыздың түрiн жақыннан бiр көрсем деген аңғал әуестiгiм ауыл iшiнде алыпқашпа әңгiме туғызғанымен қоймай‚ онсыз да көлденең жұрттың көзi мен сөзiнен сескенiп әбден жүйкесi жұқарған бейшара қыздың жанын жаралағанға ұқсайды. Мен оны, бiрақ кейiн бiлдiм‚ кеш бiлдiм…». Нұрғали Ораз не жазса да, сендіріп жаза алады. Қоғамнан, адамдардан жасырынып ішқұсалықпен өмір сүріп жүрген сақалды қыздар айналамызда көп шығар, кім білсін? Бірақ олардың тағдырын ақ қағаз бетінде сөйлете алатын Нұрғали Ораз сынды суреткерлер керек-ақ.
«– Егер… егер, – дедi ол қайтадан булыға сөйлеп, – сiз менiң суретiмдi салатын болсаңыз бар ғой, онда… онда мен өлемiн!
Ол кемсеңдеп жылап қоя бердi. Мұны күтпеген мен мүлде сасқалақтап қалдым». Осы тұста жылап қоя берген кейіпкер емес, біз шығармыз деген үрейлі ой сап ете түседі. Автордың қаламы бізді бір бөлек, сақалды қызды бір бөлек етіп суреттеуге ұмтылыс жасайды. Адам жанын түсінуге тырыспайтын қоғамда өмір сүріп жатқан біз үшін мұның бәрі қисынсыз ойдың жиынтығы сияқты көрінетін шығар, бірақ, ізгілік алаңында бәрі айқындала түсердей.
«Қонақүйдiң балконына шығып, түннiң беймезгiл уағы болса да қызық-думанға тоймай, сауық-сайран салып жатқан қаланың қызылды-жасылды шамдарына қарап: «Сақалды қыз, сен қайдасың қазiр? – деп ойладым iштей толқып. – Осы қалада тұрасың ба?..». Кейіпкермен ілесіп, сақалды қызды күн мен түн де, жазушы қаламы да, оқырман ойы да іздеп жүрген сыңайлы. Расында, сен қайдасың, сақалды қыз?
«Ыстанбұл бақыты» – құтқарылған Мәриям
Түрік жазушысы Зүлфо Ливанелидің «Ыстанбұл бақыты» атты романы да әйел адамның тағдырына құрылған тамаша шығарма. Біз атап отырған кітап автордың паспортына айналған туынды, ең алдымен, Түркияда, сосын Еуропа мен Батыста арты-артынан басылып, бірнеше халықаралық сыйлықты еншіледі. Отыз екі тараудан тұратын «Ыстанбұл бақыты» үш кейіпкердің үш бағыттағы өмірін бірінен соң бірін алма кезек баяндап, оқырманды жетелеп отырады. Әу баста үш кейіпкер де үш түрлі адам ретінде қарапайым өмір сүреді, ал оқиға өрби келе үшеуінің тағдыры бір-біріне байланысып кетеді. Бас кейіпкердің есімі – Мәриям. Ол он бес жаста. Анасы оны өмірге әкелерде қайтыс болғандықтан, ауылдастары оны қырсықты қыз ретінде көріп, өмірге артық адам санайды. Жарынан айырылған әкесі ағасымен бірге бір үйде тұрады. Оның ағасы ауылдың имамы. Солай бола тұра имам інісінің қызының арын аяқ асты етеді. Оқиға осы жерден басталады. Дін құрсауынан шыға алмаған ауылдағылар жас қыздың өлуін тілейді. Бірақ Мәриямның өмір сүргісі келеді, оның күресі басталады. Оқиға өрби келе оны әскерден қайтқан немере ағасы әкесінің бұйрығымен Ыстанбұлға апарып, өлтірмекші болады. Ыстанбұлға барған соң бәрі басқаша болады.
Ал екінші кейіпкер Ыстанбұл университетінің профессоры Ирфан. Ол бәрінен бәз кешіп, өмірден түңіледі де, бір қайық жалдап, жалғыз өзі Эгей теңізіне сапар шегеді. Кенеттен ол басына іс түскен Мәриямға кездесіп қалып, оған көмектеседі. Тіпті оны өзінше ойлай алатын, сабырлы да, ақылды адам қалпына түсіреді. Ең бастысы, оны діннің құрсауынан аман-есен алып шығады. Үшінші кейіпкер имамның әскерден қайтқан ұлы – Жамал. Ол Мәриямды өлтірмекші болғанымен, оған қолы батпайды. Ең соңында ол бәрін анық біледі, әкесінің абыройсыз әрекетіне көзі жетеді. Автордың шеберлігі сонда кейіпкерлер кейде өз ісіне өзі өкінішпен қарайды, бірақ бәрін де болашаққа, ертеңге деген үкілі үміт жеңеді де, алға жетелей береді. Мәриямның басына түскен іс арқылы жазушы Түркияның шығысындағы әсіре діншілдік пен әділетсіздіктерді аяусыз сынға алады. Дін мен дәстүр қатар жүрмесе, оның соңы зардаппен, азаппен, тіпті адамдардың бірін-бірі қорлауымен аяқталатынын ашық айтып отыр.
Қалай десек те, бір адам – бір тағдыр. Ал оны қалай жазу, оқырман санасына қалай жеткізу қаламгерлердің шеберлігіне байланысты. Біз сөз еткен әр ұлттың жазушылары бір-бірін танымайды, тіпті олар бірінің шығармасын бірі оқып та көрген жоқ. Бірақ жазған әңгімелерінің ауаны бір жерден шығып отырады. Бұл да тағдыр ісі ме дерсіз. Мүмкін олар «Адамдар тағдыр деп жүрген нәрсе, шын мәнiнде, олар жасаған ақымақтықтардың жиынтығы ғана» деген Артур Шопенгауэрдің айтқанын ақиқат көзімен, кейіпкер іс-әрекетімен дәлелдегісі де келген шығар.