Борышкердің мойнында «бұғалық» жүр
ФОТО: www.aqjolgazet.kz
Әлеуметтің әлеуетін реттейтін әмиян. Қазір қандай жағдай болсын, қаржыға келіп тіреледі. Басқаны қайдам, біздегі нарық халықты осыған көндіктірді. Көнбесіңе шараң қайсы, жеке шоттарың көгендеулі, банк картаң бұғаттаулы, шекара асуың шектеулі. Сазарған сот орындаушы бозарған борышкердің бойына қан жүрместей қылып «күретамырын» буып тастаған. Біздегі әлеуметтік мәселенің күйіп тұрған тұсы осы.
Хош, сонымен айналамызға қарасақ, қарызға белшеден батпағаны, несиенің кермек дәмін татпағаны аз. Әйтеуір бұл – нақты мысал келтіруді талап етпейтін жайт. Қарызын қайтара алмай, борышын өтей алмай жүргендерді бұрын да еститін едік. Әйткенмен кейінгі 10 жылдың көлемінде тіпті көбейіп кетті. Мамандардың пайымдауынша, қарыздарын қайтара алмай қалғандардың қатары пандемиядан кейін артқан. Өйткені көптеген адамның жұмысы тоқтап, айлық-жалақысы кешіктірілген. Соның салдарынан қарыз-несиелер (сол кезде шегерілгенімен) өсімі ұлғайып, төлеуге қауқары жетпегендер «қара тізімге» іліккен. Қарыз беруші (банк) жай ғана «қара тізімге» енгізіп қойып қарап тұрсын ба, одан кейінгі борышкердің тағдырын жеке сот орындаушылар мен коллекторлық агенттіктердің құзырына тапсырады. Бұдан кейінгі жағдай жұртқа етене таныс. Олар қарыз берген банктің атын айтады да, «қарызыңды бүгін қайтармасаң, бітті…» деп қара аспанды төндіреді.
Коллекторлық қызмет туралы заңға сәйкес Ұлттық банк коллекторлық агенттіктердің қызметін бақылайды делінген. Заңның ережелеріне сай коллекторлық агенттік – екінші деңгейдегі банктердің (банктер) немесе микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қарыздары бойынша берешекті өндіретін ұйым. Коллекторлық агенттіктердің тізімімен Ұлттық банктің сайтында «Рұқсаттар мен хабарламалардың тізілімі» бөлімінде танысуға болады. Және онда коллекторлық агенттіктің нақты қандай функциясы бары көрсетілген.
Қазір нотариус, коллекторлық агенттік, жеке сот орындаушы үштігінің заңды құзыреті тым артып кетті деп зар илеп жүргендер көп. Мұны қалай да жаңа сайланған Парламент мүшелері мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қайта бір қадағалап, заңды халық мүддесіне сай бейімдеуі қажет. Өйткені қазір не көп жеке сот орындаушы көп, бірінен құтылсаң, екіншісі шығады алдыңнан. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрінің» кебі. Әділет министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазір елімізде 260 мемлекеттік сот орындаушы болса, ал жеке сот орындаушының саны – 2 169.
Сонымен бұл деректерге әрі қарай көз жүгіртсек, елімізде қалтасына тосқауыл қойылып, қаңтарылып тұрғандардың ұшы-қиыры жоқ. Мәселен, шектеу қойылған нотариалдық істері – 4 371 212, тыйым салынған тіркеу істері – 73 307, ел шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар саны – 901 779, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 646 107, шектеу қойылған жеке шоттар бойынша – 33 148 220. Бұл сан-цифрды айтқанда, тіл сүрінбеуі мүмкін емес. Қарап тұрсақ, шектеу мен тыйымның шырмауына іліккендер шаш етектен. Ал енді бұл көрсеткіштегі жағдайларға мысал келтіріп, дәйектеп жату тіпті мүмкін емес, егер ондай адамдарды іздеу керек болса, алысқа бармай-ақ дәл қасымыздан табатынымыз анық. Алайда бізді толғандырған алматылық жеке кәсіпкер Рахат Құсман деген жігіттің басынан өткен оқиға болып отыр. Бұл да бір қилы парадокс.
«Жеке кәсіпкерлердің шотына шектеу жиі қойылады. Соның бірі өзім. Жеке шаруашылыққа қатысты мемлекетке төлеу керек салықтан 1 теңге қалдық қалып қойса да шоттарымыз бұғатталып қалады. Кәсіп болған соң несие аласың, кейде кешіктіріп төлейсің, тағы да шектеу. Мәселен, пандемия кезінде шаруамыз шатқаяқтап, кәсібіміз біраз тұралап қалды. 2021 жылы жұмысымызды қайта жандандырып, қарыздардан құтылдық. Шектеулердің шідерінен босатылдық. Сөйтіп, былтыр Қатар елінде өткен футболдан Әлем чемпионатына отбасыммен барып, тамашалап қайтуға бел будық. Бір жағынан ел көріп, жер көріп демалып қайтсақ деген ой еді. Барып-қайтуға ұшаққа билет алып және бара жатқан жағымыздың да кейбір тиісті жерлеріне алдын ала төлем жасап қойған едік. Сөйтіп, шамаданымызды асынып әуежайға барып, енді ұшқалы тұрғанымызда бір-ақ білдік, менің бұрынғы қарыздарым бойынша қойылған шектеулердің ішінде шетелге шығуға тыйым салынған шектеу алынбаған екен. Яғни менде бірде-бір қарыз жоқ, ал шектеулерді дұрыс алмаған жеке сот орындаушының салғырттығы бұл. Оған хабарласып шектеуді алдырғанша, ұшақ күтіп тұра ма, аңырып әуежайда сан соғып қалдық. Қаншама ақша айдаладағы Қатар елінен қайтпай қалды, көбісі күйіп кетті», дейді ол.
«Мал ашуы – жан ашуы» ғой, Рахаң басында біраз буырқанғаннан түк шықпағанын айтып, бұл жайт басқаларға да сабақ болса дейді. Бізде бұл оқиғадан кейін шетелге шығардан күн бұрын, шектеулерден таза екеніңізге көз жеткізіп алған жөн екенін түсіндік.
Қазір әлеуметтік желілерде «арест шешеміз, 25 мың теңге» деген жарнама көп. Шектеуді шешкіштердің көбі борышкерлердің ақшасын қақшып алып қана қоймай, алғыс-батасын алады екен. Өйткені борышкерлер жоғарыда айтқан «үштіктен» әбден көресіні көрген, өзіне тиесілі айлық-жалақысын ала алмай сандалып келсе, оны интернеттегі біреу 25 мың теңгеге шешіп берсе, неге барын бермесін? Қысқасы, бұл жақта да сол қайнаған жабайы базар. Олардан заңды лицензиясын талап етіп жатқан ешкім жоқ, әркімнің жеке шаруасы шешілсе болғаны. Ал бұл қаншалық заңды жұмыс, мұны реттейтін Қаржы нарығын реттеу агенттігінің не ойлағаны бар? Бұл салықтан айналып өтіп жүрген делдалдарға қолайлы орынға айналған жоқ па? Бұл былықтарға неге мониторинг жүргізілмейді, шеті мен шегі жоқ шектеулерге кім тектеу жүргізеді?
Бізді осынау толғандырған сауалдарымызға байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып көрген едік, агенттіктің баспасөз қызметі коллекторлық агенттіктердің жұмысына байланысты арыз-шағым түскен жағдайда ғана тексеріс жүргізетінін айтады.
«Жеке сот орындаушылар біздің құзырымызда емес, ал коллекторлық агенттіктер бізге қарайды. Егер ондай тиісті заң шеңберінен шығып, борышкерге артық қысым көрсетсе, жеке телефон арқылы хабарласса, сағат 20.00-ден кейін мазаласа, борышкер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады. Ондай жағдайда коллекторлық агенттік тиісті жауапкершілікке тартылады немесе заңды лицензиясынан айырылуы мүмкін. Кез келген арыз-шағым 15 күн ішінде қаралады. Борышкерлердің тағы бір ескеретін нәрсесі – аудио, бейнедәлелдерді өзі жинағаны жөн. Егер өз құқығын өзі қорғағысы келсе», дейді агенттіктің баспасөз қызметкері Азамат Кенже.
Демек коллекторлық агенттік деген Құдайдан кейін тұрған құдірет емес екен. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар» дегендей, оның да төбесінен қарайтын, кез келген борышкер базынасын айта алатын мемлекеттік мекеме бар.
Қалай болғанда шектеу мен тыйым демократиялық құндылықтарға қайшы, кез келген адамның жайлы өмір сүруі үшін әуелі әмияны ашық тұруы керек емес пе?