ПИК-тен МИБ-ке дейінгі белес

0
119

Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын тұрғын үй қорын бас­қарудың тың тетігі ұсы­ны­­лып, бекітілген-ді. Сол ере­же-талаптың шең­берін­де был­тыр пәтер иелері коо­пе­ра­­тив­тері жұмысын тоқ­та­тып, оның орнына меншік ие­­­лері бір­лестігі немесе жай серік­­тес­­тіктер құрылуы керек еді.

Алайда бекітілген реформа толық орындалмай, тағы бір жылға шегерілді. Сонымен осы­ған дейін келісіп-пішілген «қолайлы» өзгерістер неге кешеуілдеді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеу­мет­­тік-экономикалық даму мәсе­лелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте тұрғын үй қорын бас­қаруға қатысты шаруаны байыпты шешуге шақырды.

– «Тағы бір мәселе – қалаларды абаттандыру. Бұл шаруамен барлық деңгейдегі әкімдер айналысуға тиіс. Өңірлердің даму деңгейі әлеуметтік-экономикалық факторлармен қатар ғимараттардың қасбетімен, олардың санитарлық нормаларға сәйкестігімен, ау­мақ­тарды көгалдандырумен, төңі­ректің жай-күйімен, балалар спорт алаңдарының болуымен және басқа да артықшылықтарымен анықталатыны белгілі. Бізде мұ­ның барлығы бар ма? Менің ойым­ша жоқ. Қоғамда тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесі де ұдайы талқылануда. МИБ-қа (меншік иелері бірлестігі) қа­тысты реформа соңына дейін жет­кен жоқ. МИБ пен ПИК (пәтер иелері кооперативі) қатар жұ­мыс істейді. Біз МИБ реформасын енгізу арқылы қателесіппіз. Бірақ қазір әкімдер Үкіметпен бір­ге бұл жағдайдан шығудың теті­гін табуы керек. Өйткені мә­се­ле шын мәнісінде өзекті», деп тұрғындарды сапалы және ашық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі орындалмағанын ескертті.

Сонымен қатар Президент осы ре­фор­ма жергілікті өзін-өзі басқару жүйе­сінің баспалдағын қалауды көздегенін еске салып, «Жалпы, тексерілген инфра­­құ­рылымдық саясат қажет. Жуыр­да Парламентте айтқа­ным­дай, бізге 2029 жылға дейінгі нақ­ты нәтижелерге ба­ғытталған, қар­жы­ландыру жайы қам­тылған, іске асатын мер­­зімі нақтыланған Ұлттық инфра­құ­рылымдық жоспар қажет», деді.

Тақырыпты тарқатсақ, 2019 жы­лы 26 желтоқсанда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заң­намалық акті­леріне тұрғын үй­коммуналдық шаруа­шылық мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылып, пәтер иелері кооперативтерінің орнына жаңа ұйым құрылатыны белгілі болды. Негізі, тұрғын үй қатынастары туралы заң 1997 жылы бекітілгенде, ПИК құру идеясы ұсынылған. Тәуелсіздік жылдарында осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп келді. Соның ізімен 30 жылға жуық уақыт өте керегесі кеңейіп, өзге елдермен терезесі теңесіп қалған мемлекет үшін тұрғын үйді басқарудың бұрынғы тәсілі ескіргенге ұқсайды. Сонымен, тұрғын үй қорын басқарудың «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасына негізделген түзетулер 2020 жылы қаңтарда күшіне енді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғырту мен дамытудың қа­зақ­стандық ор­талығы» акционерлік қо­ғамының басқарушы директоры Мар­ғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, 1997 жылы тұрғын үй қатынастары туралы заң ұсынылғанда ПИК құру туралы идея дұрыс бол­ған. Сол заңға сәйкес әр көп­пә­терлі тұрғын үйде пә­тер ие­ле­рі кооперативі болуы керек де­лінген. Алайда жылдар өте сол ПИК-тер қанатын кеңге жайып, бір емес, бірнеше үйді басқаруға көшіпті. Тіпті соның ішінде 20-дан бастап 100 үйді басқаруға бекінген ПИК-тер болыпты. Мұн­­дағы түйткілдің түйіні, ПИК-тер бірнеше тұрғын үйді бас­қару үшін тек бір ғана есепшот ашқандығында. Осылайша, көппәтерлі тұрғын үйлерде іске асқан жұмыстарда ашықтық қағидаты сақталмаған. Ашық­тық жоқ жерде, тындырымды шаруалар да көзге көрінбейтіні белгілі. Әрі бірнеше үйдің тұрғыны жиған қаражат бір шотқа түскеннен кейін, кейбір үйдегі шаруалар келер жылға шегерілуі мүмкін ғой. Осындай қайшылықтан кейін тұрғындардың басым көп­шілігі үйді күрделі жөндеуге ақ­ша жинауға құлықсыз болған. Сондықтан жоғарыда жаз­ғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мәселелері туралы заң­на­маға енгізілген түзетулерде ең басты қағида бір көппәтерлі тұрғын үйде бір бірлестік пен бір есепшоттың болуы. Тұрғындар көппәтерлі тұрғын үйді басқару үшін МИБ-ті немесе жай серік­тестікті таңдауды ұйғарып, есеп­­шот ашса, сәйкесінше, сол есепшотты тұрғындардың өзі бақылайды. Осыдан соң тұр­ғындар үйдің сүрілген-бүлінген жерін реттеп, тазалық сақтау мақ­сатында басқарушы компа­нияға немесе тікелей сервистік қызметтің көмегіне жүгінсе бола­ды. Ашып айтар болсақ, көппә­терлі тұрғын үйдің төрағасы басқару функцияларын өз құзы­­ры­на алуды ұйғарса, онда ол міндетті түрде сервистік ком­пания­мен келісімшарт жаса­сып әрі сол сервистік ұжымның қол­ға алған жұмыстарын бақы­лап отырады. Кейін, МИБ төраға­сы тұрғын үйге жұмсалған қаржы­ның есеп-қисабын ай сайын тұрғындарға тапсыруға тиіс. Бұл талап жай серіктестіктерге де қатысты. Мұнда ескеретін жай, МИБ заңды тұлға ретінде тіркелсе, жай серіктестік заңды тұлға бола алмайды. Яғни жай серіктестік Әділет ми­нистрлігіне тіркелмейді. Сәйкесінше жай серіктестіктер келісімшарт бойынша ғана жұмыс істейді. Жай серіктестікке өтуді көздеген тұрғындар әуелі жиналыс өткізіп, жай серіктестік құру туралы шешім қабылдаған соң, сенімді адамды анықтайды. Кейін сол азамат Әділет министрлігіне емес, тұрғын үй инспекциясына барып тіркеледі. МИБ пен жай серіктестікте бір есепшот болған соң тұрғындардың күрделі жөндеуге бөлек ақша жинап, алдын ала қамдануына мүмкіндігі мол екен. Ел егемендігін алған тұстан күні бүгінге дейінгі ара­лықты қамтысақ, күрделі жөн­деуден өткен көппәтерлі тұрғын үйлер некен-саяқ. Нақтырақ айтар бол­сақ, қазір 17 мыңнан астам көп­­пәтерлі тұрғын үй күрделі жөн­­деуді талап етіп отыр.

Биыл 15 наурызда тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы мәселелері туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліпті. Осы заң­ның шеңберінде жаңа басқару ныс­андарына көшпеген үйлер­ге тұрғын үй инспекциясы уа­қыт­­­­ша басқарушы компания та­ғайындауы мүмкін. ПИК-ті жабу­дың басты мақсаты нарық­тан біржола шығарып тастау емес екен. Себебі ПИК-те үйлерді басқарып көз­ге көрінген және жұмысын жақсы біле­тін білікті мамандар бар. Демек олардың сервистік қызмет көрсететін компания құруға немесе басқарушы қызметке баруға мүмкіндігі бар. Яғни олар қайта құрылып, сер­вистік қызмет көрсетуіне әбден болады. Осы тұста 13 сәуірге дейін МИБ пен жай серіктестікке ауысқан тұрғын үйлердің статистикасына зер салсақ, ел бойынша 46 714 тұр­ғын үйдің 45 436-сы жаңа ереже-та­лап­ты орындаған (97,3%). Олардың ішінде басым көпшілігі жай серіктестік. Алайда Астана мен Алматы қала­сында 1000-нан астам тұрғын үй әлі бас­қарудың тың тетігін таңдамаған. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы мәселелері туралы заңнамаға биыл тағы да өз­ге­ріс енгізілуіне бәлкім осы жағдай да түрткі болған шығар деп топшыладық. Бұл да болса тұрғын үйді басқару ісін біраз ширатады деп сенейік. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамы­ту­дың Қа­зақ­стандық орталығы» акцио­нерлік қоғамының басқарушы директоры М.Әбдікәрімов те осы бағыт­та алға қойған жоспар­лы шаруалар тоқтамағанын айтты.

«Біз МИБ пен жай серіктес­тікке кө­шу туралы барлық ақ­парат­ты сайтқа жүктедік. Заң, қаулы, бұйрықтар түгел сонда тұр. Біз Астана қаласындағы пә­тер иелері кооперативтерімен күн­ара кездесіп жатырмыз. Бұл жұ­мыстарға жергілікті әкімдік­тер, тұрғын үй инс­пек­циясы, жергі­лікті Әділет басқар­масының мамандары араласса, енді салық басқармасының мамандарын да осыған тартуды көздеп отырмыз. Қазір облыстарға хат жолдап, елде әлі неше ПИК жұмыс істеп тұрғаны жайында ақпаратты түгендеп жатырмыз. Президент тапсырмасынан кейін осы бағытта тағы тың өзгерістер болады деп ойлаймыз. Бұл мәселе қаралып жатқан да болар, бірақ әзірге бізге жете қойған жоқ. Мұны Үкімет шешеді. Қолданыстағы заңнаманы өзгерту жөнінде шешім қабылдаған соң, біз орындауға дайынбыз. Әрине, реформаны іске асыру барысында туындаған сұрақтар болды. Дегенмен ол мәселелер биыл 15 наурызда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері туралы заңнамаға енгізілген түзетулер шеңберінде реттелді деп ойлаймын», дейді ол.

Кейінгі жылдары көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ісін цифр­­лан­дыруға да басымдық бе­ріліп жатқан көрінеді. Әрине, тұрғындар осы өзгерісті тиімді деп санаса, онда олардың шешімді жылдам қабылдауына мүмкіндігі болады. Қазірдің өзінде тұрғын үй мәселелеріне қатысты 15-ке жуық цифрлық қосымша бар екен. Онда қашықтан жиналыс өткізу тәртібі де қарастырылыпты. Дегенмен осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін де әр үйден бастамашы бір адам шығып, істі қолға алуы керек болады. Бірақ алдымен мемлекеттік қызметтер интеграцияланып, бір жерге шоғырлануы қажет. Бұл енді келер күннің ен­шісінде.

«Тағы бір жайға тоқталсақ, МИБ төраға­сы ай сайын жалақы алып, со­ның есесіне тұрғын үйді басқаруға қа­тыс­ты жұмыстарды үйлестіріп отыруы керек. Яғни төраға жұмысты үй кеңесінің шешімімен ұйымдастырады. Ал төрағаның қолы тимесе немесе басқа да жағдайлармен басқарудан бас тартса, жиналыс жасап, ол үйге басқарушы компанияны тар­туға мүмкіндік бар. Басқарушы ком­пания үлкен болса, бір үйді емес, оншақты үйді басқаруға мүм­кіндігі бар. Яғни бір тұрғын үй ал­қабындағы үйлерді басқаруына болады. Қысқасы, қанша үйді бас­­қарса да шектеу жоқ. Еске­ре­тін жайт, олар тек басқару функ­ция­ларымен ғана айналысады. Инже­нерлік жұмыстарға ара­лас­пай­ды. Онымен сервистік ұйым­дар айналысады. Демек мұн­дай жағдайда басқарушы ком­па­ния мен сервистік ұйымдар өза­ра келісімшарт не­гізінде жұ­мыс істейді», дейді М.Әбдікәрімов.

Біздіңше, көппәтерлі тұрғын үйді басқаруда басқарушы ком­панияның көмегіне жүгінгеннен сервистік компаниямен төте бай­ланысқан тиімдірек секілді. Себебі белгілі, ортада басқару­шы компания болмаса, қызмет көрсету құны арзан түседі. Әрі тұрғын үйдің қандай да бір жұмысына жылдам тапсырыс беріп, шаруаны ертерек тындыруға болады. Қалай десек те биыл заң бойынша пәтер иелері кооперативтерінің 1 шілдеге дейін ғана жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Ал егер көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары белгіленген мерзімге дейін ұйымдасып, бір тоқтамға келмесе, онда мұндай көппәтерлі тұрғын үйлерді уақыт­ша басқарушы компаниялар бас­қармақ. Осыған қарағанда, тұр­ғын үй қорын басқару бойынша енгізілген өзгерістер қалай да биыл­дан қалмай орындалатын тәрізді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеу­­меттік-экономикалық даму мәсе­лелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте ескерткен мәселелері, соның ішін­де Ұлттық инфра­құрылымдық жос­пар турасында Үкімет қандай ұйғарымға келетінін кезі келгенде біле жатармыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ