Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшысы қай проблемаға бірінші кезекте назар аударады
– Жаңадан Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Ақмарал Әлназарова ведомствода қай мәселелерге бірінші кезекте назар аударатынын айттыдеп хабарлайды zamandas.kz KAZINFORMге сілтеме жасап.
«Қазір қаралуы тиіс біраз мәселе бар. Осыған дейін біз Сенат комитетінде трансплантология проблемаларын көтерген едік. Сондықтан бұл саладағы мәселені шұғыл шешу керек. Себебі 4 мыңға жуық науқас орган алмастыруды күтіп отыр. Елімізде ағза донорлығы тиісті деңгейге жете алмай отыр. Екінші жағынан медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейту ескерілген. Бұл бағыт неғұрлым күшті болса, аурушаңдық пен өлім-жітім азаяды. Сондықтан халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған барлық профилактикалық іс-шаралар медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде жүзеге асырылады», – деді А. Әлназарова Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту мәселесі бар.
«Бұл бағытта Мемлекет басшысы тапсырма берді. Бүгін осы мәселені шешуге қатысты бірнеше кездесу жоспарланған», – деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақмарал Әлназарова Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тоқтату жоспарда жоқ екенін айтты.
Мұнымен қоса ол елімізде өлімнен кейінгі міндетті донорлықты енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.