Елімізде орташа зейнетақының көлемі белгілі болды

0
146
Фото: halyq-uni.kz

Елімізде жыл басынан бері 2 млн 364 мың адамға 926 млрд теңгеден астам зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 291,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 635,1 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 595 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 901 теңге, базалық зейнетақы – 42 694 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріліп тағайындалды.

Министрліктің хабарлауынша, зейнеткерге 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кездегі зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі қосылды.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 % артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ы болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% белгіленеді. Егер 1 ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі 1 ай болады, – делінген хабарламада.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көбейеді.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнетке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ