Елордада асық атудан жастар арасында ашық чемпионат өтті

0
14

Астанадағы Aspan спорт кешенінде 2005-2008 жылдары туған жастар арасында асық атудан және бес асық ойынынан ашық чемпионат басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Асық ату – қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жалғасқан дәстүрлі ойыны. Тек ұлттық мейрамымызда ғана ойналып келген асық ату бүгінде көпшілік арасында сұранысқа ие спорт түріне айналды.

«Астана қаласының ашық біріншілігіне 39 қатысушы тіркелді. 22 ер асық атудан сынға түссе, 17 қыз бес асықтан жүлдені сарапқа салады. Жүлдеге іліккен жастар Астана құрамасының сапына алынып, тамыз айының ортасында Ақтөбеде өтетін жастар арасындағы ел чемпионатына қатысады.

Елорданың өзінде бәсекелестік жоғары. Мысалы, ашық чемпионатта 4 спорт шебері және 5 спорт шеберлігіне үміткер жастарымыз өз өнерлерін ортаға салуда», – деді Астана қаласының аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметов.

Осы орайда асық атудан ел ішіндегі бәсекелер жас ерекшеліктеріне (7-10, 11-13, 14-16, 17-20, 21-ден жоғары) байланысты бөлінетіндігін де айта кеткеніміз жөн.

Жарыстың әділ өтуі үшін төрешілер арнайы Павлодар облысынан шақыртылды. Тіпті турнир барысын асық атудан Қазақстан Республикасының жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Дүйсембай Қожамжар бақылады.

«Соңғы жылдары ұлттық спортқа көңіл бөлінудің арқасында асық ату мен бес асық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енді. Алғаш рет ұлы даламызда 10-нан астам мемлекеттің басын қостық. Заңда да өзгерістер еніп жатыр. Алайда асық атуда әлі де дамытатын тұстарымыз бар. Мысалы, кейінгі уақытта асық атуға арнайы кілемдер үлгісі қолданылып келеді.

Спортшылар қызыл және көк бұрыштан шығады. Сақаларын арнайы түске бояйды. Бұның барлығы уақытпен бірге алға жылжи береді. Ал ішкі бәсекелестікке келетін болсақ, оңтүстік өңірдің кішігірім артықшылығы бар. Неге? Себебі ол жақта көктем ерте шығады. Далада асық ойнау өте қолайлы», – деп ҚР жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Дүйсембай Қожамжар өз ойын бөлісті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз