Елордада жасөспірімдер арасында «Grand Tour Biathlon» өтеді
Астанада 4 тамыз күні биатлоннан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогы – «Grand Tour Biathlon» өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа еліміздің Ақмола, Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 100-ге жуық спортшы қатысады.
«Grand Tour Biathlon» – Қазақстан Биатлоншылар одағының балалар спортын дамытуға бағытталған 4 қысқы, 2 жазғы кезеңдерден тұратын жобасы. Бірінші кезең – ШҚО, Риддерде, екінші кезең – БҚО, Ақсайда, үшінші кезең – Павлодар қаласында, төртінші кезең – Щучинскте, бесінші кезең – Петропавл қаласында ұйымдастырылды.
Қысқы кезең рейтингісі бойынша үздік спортшылар Норвегиядағы «Liatoppen» балалар фестиваліне жіберілді. Жарыстың жаңа форматы биатлоннан өтетін Әлем Кубогы кезеңдеріне барынша ұқсастырылған. Жобаның басты мақсаты – елімізде балалар биатлонын дамыту, Астана қаласында биатлон бөлімшесі мен тегін секция ашу.
Астана қаласында өтетін шешуші кезеңде спортшылар 4-5 тамыз күндері спринт және жеке жарыстарда бақ сынайды. Қазақстан Биатлоншылар Одағы үздік 5 командаға жалпы жүлде қоры 15 млн теңгені құрайтын қаржылай сертификаттар табыстайды. Ең үздік спортшылар жарыстың хрустальді кубоктарымен марапатталады.
Жанкүйерлер үшін арнайы ойындар ұйымдастырылады. Лазерлік мылтықпен барлық нысанаға дәл тигізген көрермендер Федерация тарапынан арнайы сыйлықтарға ие болады. Балаларды тегін балмұздақтар мен су күтеді.