Есірткіге қарсы күрес: 2000-нан астам есірткі жарнамасы жойылды

0
142

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырған республикалық акция аясында 2000-нан астам есірткі жарнамасы жойылды деп хабарлады turkystan.kz.

Жастар мен жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге құмарлық өршіп барады. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында арнайы тоқталып, айтып өтті. Тиісінше Президент атаулы мәселені қолға алып, жою жолдарын қарастыруды тапсырды.

Осы орайда нашақорлықпен күресу және оның алдын-алу мақсатында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты республика бойынша акция ұйымдастырды.

Есірткіге қарсы күрес: 2000-нан астам есірткі жарнамасы жойылды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала көшелері мен үйлердің ауласында жүргізілген рейд барысында 2000-нан астам есірткі жарнамасы жазылған граффити мен трафареттер анықталып, жойылды. Бұл тек 1 күндік акцияның көрсеткіші. Түрлі тәсілдерді пайдалана отырып жан-жақты жұмысты бастадық, дейді Жастар қанатының өкілдері.

«Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, саналы түрде нашақорлықпен күресуді қолға алған жастар саны артып келеді.

«Қоғамның күрделі дертіне айналған нашақорлық, синтетикалық есірткіге тәуелділік мәселесі көңіл көншітпейді. Жастар былай тұрсын, жасөспірімдер арасында белең алған бұл дерт аса назар аударуды талап етеді. Рухтастар болып жаппай осы акцияны өткізуіміздің де бір себебі осы. Акция барысында түрлі жарнамалар мен телеграм арналардың сілтемелеріне тап болдық. Сондай-ақ, қала тұрғындарына нашақорлықтың салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, жадынама таратылды. Осы мәселемен күресу үшін «Жастар Рухы» Жастар қанаты алдағы уақытта шаралар кешенін жасайтын болады. Осы тұста қазіргі таңда салауатты өмір салтын сақтап, есірткімен күресіп жатқан жастар санының артып жатқанын да ескерген жөн. Уақытша қызықтың арбауына түсіп кетпей, суық санамен ойланып, өз болашағын ойлайтын азаматтар қатары көбеюде. Жастардың бірлескен қарсы іс-қимылы арқасында жаһандық дертпен күресуде оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», – дейді Нұржан Жетпісбаев.

Айта кету керек, 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай жасалған игі акция аймақтардағы жергілікті атқарушы органдар, полиция департаментінің мамандары, мәслихат депутаттары, танымал спортшылар мен қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен жүзеге асты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз