Геральдист мамандар тапшы

0
382

Ел Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ құрылған еді. Бұл орталықты құрудағы мақсат қандай еді? Жалпы геральдика деген ұғым нені білдіреді? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Геральдика дегеніміз – таңбатану ілімі. Бұл да өнердің бір түрі. Оны біз жартастарға таңбаланған петроглифтер мен иролгифтерден де байқауымызға болады. Мұны тіпті геральдиканың бастауы десек те болады. Ал еуропалықтар болса, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет пен қауымдастыққа тән таңбаларды «геральдика» деп атаған екен. Демек, геральдика деген ұғым – мемлекеттің, рудың, мекеменің, әулеттің, жеке тұлғаның және тағы бсқа ерекшелік таңбасы бар гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы болып саналады.

Қазақтың ұлттық геральдикасының тарихы тым тереңде жатыр. Соңғы жылдары қазақ даласынан табылған рахеологиялық атрефактілер мен ерте ғасырларда мемлекеттік басқарудың өзегі болған геральдикалық белгілер: ту жалау, хандардың мөрі, картография, хат-хабар және өзге де жәдігерлер ұлттық геральдиканың айқын дәлелі. Одан бөлек, мөр-таңба, сфагистикалар да бар. Мұны көне түркі мәтіндерінде «тамға» деп атаған екен.

Қазақ геральдикасының тағы бір көрінісін сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңдерін жіктей отырып, тарихи мемлекеттер: үйсін, қарлық, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірлеріндегі тас-таңбалардан табуға болады. Оған жалғасатын Ұлық ұлысымыз – Алтын орда, Қазақ хандығын да айтуға болады.

Сол себепті де, таңба қазаққа таңсық емес. Әрісі тас-тауында петроглифі мен иероглифі қалған, берісі Елтірі қаған қайтыс болғанда қойған таңбалы тасын айтуға болады. Ал ежелден келе жатқан әр рудың бір жартасқа әкеп өз таңбасын қалдыру дәстүрі тағы бар.

Ең қызығы, елімізде геральдист мамандар тапшы. Ол үшін алдағы уақытта ЖОО-да геральдист мамандар дайындау ісін қолға алу жоспарлануда. Ол үшін еліміздегі Геральдикалық орталық жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес құру, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оны пайдалану мен қолданудың ережелерін түсіндіру мақсатында өңірлерге экспедиция ұйымдастыру, семинарлар өткізу мәселесін де жиі айтып жүр. Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ басшылығының пікірі де осыған саяды. Орталықта «Қазақ геральдикасы» атты еңбек дайындалып жатыр. Алғашқы томы да дайын тұр. Бұл еңбекті дайындаудағы басты мақсат –қоғамның мемлекеттік рәміздерге деген құрметін, патриоттық сезімін ояту.

Геральдист мамандар көбейсе, тарихи құнды жәдігерлерді зерттеп, ұлттық геральдикаға көп үлес қосар еді.

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз