Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарЗаң мен тәртіп

Департаменттің араласуымен 3 жасар баланың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

Сурет - ЖИ арқылы жасалынған авторы Сәкен Әміржан Сәкенұлы

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықтың сақталуын бақылау – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жұмысының басым бағыттарының бірі.
Осы бағытта Департаменттің араласуымен мүгедектікті белгілеу және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау мәселесіне қатысты азаматтың шағымы оң шешімін тауып, 3 жасар баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етілді.
Атап айтқанда, Департаментке ағымдағы жылдың 3-тоқсанында Арал ауданының тұрғынынан 3 жасар ұлына мүгедектік белгілеуден бас тарту туралы шағымы келіп түсті.
Шағымды жан-жақты әрі объективті қарау мақсатында Департамент Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінен тиісті құжаттарды сұратып, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу барысында қабылданған шешімдердің заңдылығы мен негізділігіне зерделеу жүргізді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілікті айқындау Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 155-бабына және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Зерделеу барысында медициналық құжаттарда көрсетілген диагноздардың толық ескерілмеуіне қатысты мән-жайлар анықталды.
Атап айтқанда, бала 2026 жылғы 8 мамырда Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында» медициналық тексеруден өтіп, оған негізгі диагнозбен қатар бәсекелесетін диагноз да қойылған.
Алайда, 2026 жылғы 9 қыркүйекте медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің мамандары баланың мүгедектігін белгілеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Азаматтың аталған шешіммен келіспей берген өтініші бойынша
2026 жылғы 24 қыркүйекте қайта куәландыру жүргізілгенімен, бастапқы шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Департамент жүргізген зерделеу нәтижесінде баланың медициналық құжаттарында екі диагноз көрсетілгеніне қарамастан, мүгедектік белгілеу мәселесін қарау кезінде негізгі диагноз ғана басшылыққа алынып, бәсекелесетін диагноздың ескерілмеуіне қатысты заңнама талаптарының сақталуы бойынша кемшілік белгілері анықталды.
Осыған байланысты Департамент тарапынан Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетіне тиісті сұрау салу жолданып, екі диагнозды ескеру тәртібіне қатысты түсіндірме беру сұралды.
Осы ретте, Комитет тиісті құжаттарды зерделеп, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне 3 жасар баланың бәсекелесетін диагнозына байланысты мүгедектік мәселесін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдамай, «көзбе-көз» консультациялық қараудан өткізу қажеттігі жөнінде шұғыл тапсырма берді.
Осылайша, Департаменттің араласуы нәтижесінде бұрын қабылданған бас тарту шешімі қайта қаралып, азаматшаның шағымында көтерілген мәселе оң шешімін тапты. Ең бастысы, 3 жасар баланың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңнамада көзделген әлеуметтік қорғау шараларын алу мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Департамент тарапынан Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне азаматтың өтініші мен оған қоса ұсынылған құжаттарды қайта қарау, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуы бойынша қызметкерлер арасында түсіндіру (семинар) жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ заң бұзушылықтарға жол берген жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде тиісті ұсыну енгізіліп, енгізілген ұсыну толық орындалды.
Бұл жағдай мемлекеттік қызмет көрсету барысында әрбір азаматтың өтінішіне мұқият қараудың, ұсынылған құжаттарды толық әрі объективті зерделеудің және заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Департамент азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік органдар қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.
Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру – Департамент қызметінің негізгі басымдықтарының бірі.
Егер мемлекеттік қызметті алу барысында Сіздің құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, Сіз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне қағаз нысанда жүгіну арқылы немесе «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы электронды нысанда шағымдануға құқылысыз.
Мекенжайы: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1.
Байланыс телефондары: 8 (7242) 70-56-36, 70-00-40.

Сәкен Әміржан Сәкенұлы
Қазақсан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы

Сәйкес жаңалықтар

Қызылорда облысында «Ішімдіксіз ауыл» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

zamandas_kz

Аида Балаева и Фам Тхи Тхань Ча обсудили дальнейшее развитие культурно-гуманитарного сотрудничества между Казахстаном и Вьетнамом

zamandas_kz

Китай стал официальным партнером Astana AI Film Festival

zamandas_kz