Кореяда 2 күнде енгізген жобамызға Қазақстанда үш ай уақыт кетті – Жанәділ Талдыбаев
Қазақстандық стартап – CodiPlay бағдарламасы бүгінде әлемнің 8 елінде сәтті жүзеге асып жатқан жоба. Ол мектеп оқушыларына бағдарламалау тілін мобильді ойын арқылы оңай үйретеді. Соның арқасында, балалар мектеп бітіргенде кодинг тілін базалық білім ретінде меңгеріп шығып, кейін кез келген салада IT-технологиялармен, жасанды интеллектімен оңай жұмыс істеп кете алады. Жоба авторлары наурызда саудиялық компаниямен келісім жасап, енді сол елдің мектептеріне енгізуді қолға алған. Ең қызығы, әлем елдері қызығушылық танытып, білім бағдарламаларына дереу қосып жатқан жаңа жобаны Қазақстанда енгізу қиынға соғып отыр. Толығырақ жоба авторы Жанәділ Талдыбаев сұхбатта айтып береді.
– CodiPlay дегеніміз не? Қашан жасалды, қандай мақсатты көздейді, не пайдасы бар?
– Codiplay балаларды технологиялар саласындағы әр түрлі дағдыға кешенді оқытумен айналысатын жоба. Maker Education және STEAM принциптері, яғни мобильді ойындар арқылы 6-дан 18 жасқа дейінгі барлық сыныптағы балаларды бағдарламалау тілдеріне үйретеді. Біздің негізгі инновациямыз – балаларды геймификация арқылы IT сауаттылыққа, технологиялық сауаттылыққа баулу. Оны үйретумен бірге, мектептермен жұмыс істеу барысында сол балаларды оқытатын құрал-тәсілін де береміз. Сөйтіп, мұғалімдерді де үйретіп, осы сабақты өз мектептерінде жүргізуге мүмкіндігі болатындай контент болсын, құрал-жабдық болсын – бәрімен қамтамасыз етеміз. Осылайша бір жағынан мұғалімдердің де сауатын ашамыз.
– Бұл жоба Сауд Арабиясы компаниясына несімен ұнады?
– Наурыздың басында Эр-Риядта әлемдегі технология саласындағы ең үлкен конференциялардың бірі LEAP-2024 өткен. Сонда Сауд Арабиясының NTDP деген бағдарламасының қолдауымен AILA деген компаниямен серіктестікке отырдық. Жобамыз оларға Saudi Vision – 2030 деген бағдарламасымен үйлесетіндіктен ұнады.
Saudi Vision – 2030 бағдарламасына Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы бастамашылық етіп отыр. Ондағы мақсаты: патшалықты мұнай өнеркәсібіне деген тәуелділіктен арылтып, экономиканы дамыту және денсаулық сақтау, білім беру, туризм сияқты мемлекеттік жүйелерді жетілдіру арқылы халықтың жағдайын жақсарту.
Біздің ақпараттық технологиялар саласындағы жаңашыл оқыту тәсілдеріміз сол стратегиялық бағдарламаның білімнің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, жастарды еңбек нарығына дайындау мақсаттарымен тікелей ұштасады.
CodiPlay мобильді қосымша арқылы программалау, кодинг жасау білімін ұсына отырып, ақпараттық технологияларды оқыту қолжетімділігін кеңейтеді.
Көбі кодингті компьютермен ғана оқиды, компьютер болмаса, IT саласын меңгеру қиын деп ойлайды. Біз компьютері жоқ алыс аудандардағы балаларға да IT-ды оқуға бірдей мүмкіндік береміз. Бәрінде телефон болса жеткілікті. Басты мақсатымыз да сол, өйткені қазір компьютер әрқайсында бола бермегенімен, телефонды бәрі ұстайды. Бұл Vision 2030-дың барлық аудандарда, соның ішінде ауылдық аймақтарда білімге қолжетімділікті арттыру мақсатымен тікелей үйлесімді болып тұр. Өйткені, олар бүкіл халқының сауатын көтергісі келеді.
– Бізде балаларға білім алу міндетті болғандықтан, халық жаппай сауатты саналады. Ол жақта бұл тұрғыдан өзгешелік жоқ па?
– Жазу, оқу, ағылшын тілін білу деген сияқты 21 ғасырдың негізгі сауаттылығы көбінде бар. Орталық Азия болсын, Араб елдері болсын – ешқайсында бұл жағынан мәселе жоқ. Алайда технологияның, әсіресе жасанды интеллектінің дамуына байланысты әлгінде айтып кеткен сауаттылықтан бөлек, технологиялық, яғни IT сауаттылық қазір бәріне қажет. Өйткені, адамзат технологияның даму қарқынына ілесе алмай жатыр. Оны қалай қолдану керек екенін білмейді.
Мысалы, бұрын автокөлік пайда болған шақта аталарымыз, әкелеріміз сол көлікті қолдануды да, қалай жөндеу керек екенін де білді. Ал қазір IT бағдарламалар қатты дамып жатыр, оны кез келген адам қолдана алмайды. Бұзылса жөндеуді білмейді. 2010 жылдары адам мен технологияның айырмашылығы тек түсіну және қолданумен ғана шектелсе, қазір жасанды интеллектінің қатты дамып кеткендігінен, оны түсініп, қолдану қиын. Өйткені, технологиялық сауаттылық дамымаған.
Қазір IT саласын қоғамнан бөлек қарастыра алмаймыз. Ол барлық мекемеде, салада, мамандықта қолданылады. Демек, енді оны дұрыс қолдануды да үйрену керек. Жастар, балалар қазірден бастап игере бастамаса, кейін оларға технологиялармен бірге өмір сүру қиын болады, артта қалады. Сондықтан, біздің миссиямыз – кодинг, бағдарламалау тілдерін үйрету арқылы балалардың IT сауатын ашу.
Қарапайым тілмен айтсақ, мобильді ойындар ойнау арқылы түсініп, түсінген нәрсесін тәжірибеде қолданып, IoT гаджеттер жасау арқылы қолдана біледі. Мысалы, автотұрақ, бағдаршам деген сияқты смарт-элементтер арқылы гаджеттер жасатып, сол арқылы олардың технологиялар жасап жатқанын көрсетеміз.
– CodiPlay тағы өзге елдерде қалай қолданылып жатыр?
– Оңтүстік Корея, Индонезия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Англия және Катарда енгізіліп, 150 мыңнан астам балаға білім беріп жатыр. Саудия соңғы мемлекеттеріміздің бірі. Біздің мақсатымыз – бұл жобаны ТМД елдерінен бастап, Араб және Африка елдеріне дейін кеңейту. Бағдарламамыз жаңа елдерге енген сайын, біз сол елдің тілін платформамызға қосамыз, ал жазылған бағдарламаларды мұқият аударып, жергілікті аударма агенттіктерімен бірнеше рет тексереміз.
– Бағдарлама қашан басталды?
– Негізі 2018 жылы басталған. Алғашқы қадамы да сол жылы Оңтүстік Кореяда жасалды. Бірақ пандемия кезінде түрлі қиындыққа тап болдық.
– CodiPlay-ді игеру үшін қандай базалық білім болу керек?
– Оған телефоннан басқа ештеңенің керегі жоқ. Біздің мақсатымыз да сол, ештеңе білмейтін баланы бір сабақ ішінде қандай да бір технология жасай алатындай етіп шығарамыз, негізгі инновациямыз осы.
– Біздің елде қай өңірдегі мектептерге енгізілді? Қандай нәтиже беріп жатыр?
– Астана мен Алматыда енгізілген. Тағы бірер облыста пилоттық жоба ретінде істеп жатырмыз. Бірақ осы жобамызды енгізуде ең баяу және ең қиын жүріп жатқаны біздің ел. Оның себебі, бюрократия. Мысалы, Кореяда алғашқы 5 мектепті қосу 2 күн ғана уақыт алды. Ал Қазақстанда алғашқы мектептерді қосуға үш ай кетті. Министрлікпен де, жергілікті басқармалармен де келісу баяу жүреді. Орталықтандырылған жүйе жоқ. Бәрі де қолдайды, бірақ содан нәтиже шығару өте қиын. Мысалы, мемлекеттік сатып алу бар, баяу жүреді. Шешім қабылдауда орталық жүйе жоқ.
Басқа мемлекетке барсақ, бір апта конференциясына қатыссақ, келесі екі-үш аптада мектептерімен келісімшартқа отырамыз. Барған елдеріміздің 90%-дан астамы CodiPlay-ді мектептеріне енгізуге ұсыныс жасайды.
Бізде әр мемлекеттегі қосылатын мектеп саны шектеулі. Қазір Сауд Арабиясында 200 мектепті алдық, ол екі айда бітеді. Оның үстіне, беретін құралдарымыздың жинағы бар. Оны алдымен басым нарыққа жібереміз. Біз үшін алдымен Қазақстан бәрінен басым тұрады.
Біз осы бағдарламамызды әлемдегі басқа мемлекеттерге бергенде, бағасы бір оқушы үшін 15-тен 25 долларға дейін барады. Қазақстанда 1 доллар. Елдегі бүкіл 4 млн оқушы бағдарламалау тілін мектепте меңгеріп шығатын болса, экономикаға қандай пайда болар еді?! Тіпті, 5-10 жыл ішінде алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылар ек.
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658