Лондонда ұлттық дәстүрлеріміз ұлықталды

0
49
Фото: Олег Савка

 – Лондонда мәдениет апталығы өтіп жатыр. Ұлттық құндылықтар ұлықталатын шараға Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының өкілдері де қатысуда. Олар “Тал бесіктен жер бесікке дейін” атты қойылым қойып, шетелдіктерді салт-дәстүрлерімізбен таныстырды, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Лондоннан бесік табу қиын. Дүкенде сатылмайды. Елден алдыруға уақыт тығыз. Жергілікті қазақтар оны қолда бар дүниелерден жасапты. Дейтұрғанымен, бай тарихымыз бен мәдениетімізді шетелдіктерге тереңінен түсіндіру идеясы сәтті жүзеге асқандай. Бұл күні бесікке салу дәстүрінен бөлек тұсау кесу рәсімі де өткізілді. Әр қуанышты сәт сайын шашу шашылды.

“Мен Лондонға Оралдан қыдырып келдім. Ұлыбританияда қызым, күйеу балам және екі жиенім тұрады. Ұрпақ жалғасын тапқан үлкен әженің рөлін ойнадым. Шашуымды шаштым. Әуелі көрермендер тіксініп қалып, содан кейін дәм екенін, оның тәтті екенін түсініп, жерге еңкейіп алды”, – дейді қойылымға қатысушылардың бірі Гүлзада Хасанова.

беташар
Фото: Олег Савка

Шетелдіктер үшін бәрі таңсық, бәрі қызық. Асық атып ойнап жатқан балалар, ұлттық нақышта киінген қазақ жастары оларды сүйсінтпей қоймады. Жүргізуші барлығын ағылшын тілінде түсіндіріп отырды. Жаңа түскен келіннің беташар жоралғысы жиналғандардың ерекше қызығушылығын туғызды.

келін түсіру
Фото: Олег Савка

Кейбірі, тіпті, өз елінің салт-дәстүрлерімен ұқсастықтар тауып, таң-тамаша болды.

“Бізде де жаңа түскен келіннің беті жабылады. Оның жүзі ешкімге көрсетілмейді. Бұдан бөлек бізде де қариялар батасын беріп, сыйлықтар таратады. Мен ерекше әсер алдым. Маған қатты ұнады”, – дейді Намибия азаматы Джорокий Камувете.

“Өмірдің әрбір кезеңінде киімдер де жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны қызықтырды. Қарт адамдарға сый-құрмет молынан көрсетіледі екен. Олардың жасы мен өмірлік тәжірибесі ерекше бағаланатыны қуантты”, – дейді Ұлыбритания азаматы Маделин Хагган.

қыз баланың ұлттық киімі
Фото: Олег Савка

Осы шара үшін қазақстандық этнографтар, тігіншілер мен қолөнершілер өз өнімдерін ұсынған.

ұлттық киі
Фото: Олег Савка

Кимешектер мен жаулықтар, ұлттық нақышта жасалған әшекей бұйымдар, үстел төсеніштері мен таза былғарыдан тігілген сөмкелер арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде сатылды.

“Бұл өзіміздің қазақи ою-өрнек бейнеленген сөмке. Ағылшындардың немесе басқа ұлттардың аса қызығушылығын тудырады бұл сөмке. Бағасы өте қолжетімді. Яғни бұл сөмкенің бірнеше нұсқасын біз бүгін сатып үлгердік”, – дейді Қазақ орталығының мүшесі Мұхаммед Мұсабеков.

Апталық — сән арқылы мәдени мұраларды паш етуге мүмкіндік беретін бірден бір шара.

ұлттық киім
Фото: Олег Савка

Қазақстаннан бөлек Доминикан, Жапония, Маврикий және басқа да мемлекет өкілдері өздеріне тән болмысы мен даралығын көрсетіп, елдерін насихаттауға тырысты. Сауда орталығында ұйымдастырылған көрсетілім мыңдаған көрерменнің назарын аударды.

“Кез-келген ұлттың мәдениеті ерекше. Мысалы, мен бүгінге дейін қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы білмейтін едім. Іс-шараның арқасында көп ақпарат алдым. Мәдениет апталығы ұлттық құндылықтарды жарқыратып көрсетуге арналған тиімді платформа деп ойлаймын”, – дейді шараның ұйымдастырушысы Шабаз Грэм.

Тұманды Альбион – көп ұлтты ел. Мұнда ағылшын, шотланд, уэльс және ирланд халқынан бөлек иммигранттардың ұрпақтары береке мен бірлікте өмір сүреді. Адамдарды нәсіліне қарай алалау заңмен қудаланады. Әралуандылыққа ерекше мән беріледі. Жергілікті халыққа ұлттық құндылықтарын насихаттауға мемлекет тарапынан қолдау білдіріледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ