Ұлт ұстазының мұрасын ұлықтау – парыз

Ұлт алдындағы тарихи істері таудай теңдессіз тұлға, кемел ер Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл. Алты Алаштың өткен-кеткенін түгендеп, ғылымның тұмасын ашып, қараңғы қоғамның қоламтасын үрлеп, білімнің шырағын жаққан ұлт ұстазының ұлы тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Сәйкесінше жер-жерде түрлі шаралар бастау да алып үлгерді. Айта кету керек, республикалық жоспардың жобасында 63 пунктен тұратын 6 бағыттағы іс-шара қамтылған.
0
282

Қазақ тілі үшін өлшеулі өмірін сарп еткен тұғырлы тұлға қазақ елінің қоғамдық-саяси, мәдени, әдеби, ғылыми өміріне білек сыбана кірісіп, өнімді еңбек ете білді. «Қайткенде қазақтың көзін ашып, сауаттандырамын» деген әуелгі мақсатынан таймады. «Ана тілі» атауын қазақ ұғымына сіңдіріп, тілдік ғылымды барынша түзеп, тілімізге мыңнан аса термин сөзді енгізе отырып, соның жолында талай тер төкті. Ұлтты ішкі-сыртқы жаудан құтқаратын сауаттылық үшін күресті. Қала берді жүрек пен сананы құлдықтан құтқаратын білім үшін барын бәйгеге тікті. Одан бөлек қырық бөлінген елді біріктіретін идея іздеп, езгідегі елдің құрметі мен сенімін қайтарғысы келді.

Қоса кеткен жөн, Ахмет Байтұрсынұлының Орынборда басылып шыққан «Қазақ әліпбиі» еңбегіне биыл 110 жыл толып отыр. Араб графикасына негізделіп, бар болғаны 28 қаріптен тұратын аталмыш әліпби 1912 жылы ел қолына тиіп, ауыл балаларының сауатын ашу үшін қолданысқа ене бастады. Оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен, бір жағынан оқытушыларға жеңіл болғаны анық. Екінші жағынан балалар бір жылда хат тану мүмкіндігін алған. Елдің сұранысы мен кеңес тұсындағы қазақ мектептерінің қажетіне орай «Қазақ әліпбиінің» оқулықтары сол тұста 9 рет баспадан басылып шықты. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде «Қазақ әліпбиін» дүниеге әкелген ұлы ұстаз қазақ тарихында тағы бір тың қадам жасады. Ол сонымен бірге, қазақ тілі грамматикасын ғылыми түрде жүйелеп шықты. Сөйтіп, Ахаң қазақтың дыбыс, сөз, сөйлем жүйесін, терминологиясын толық зерттеп, қазақ тілі грамматикасының негізін қалады. А.Байтұрсынұлының лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерін кезінде Орта Азия, бүкіл түркі әлемі мойындап, оның лингвистика саласындағы зор жетістіктерін өздерінің грамматикасында пайдаланған екен. 1929 жылдан кейін кеңес өкіметі саясатымен Қазақстандағы мектептер әуелі латын, одан кейін кирилл қарпіне көшірілгенімен, Қытай мен Моңғолиядағы 2 миллионға жуық қазақ осы күнге дейін тау тұлғаның 28 қаріпті емлесі мен грамматикасын қолданады.

Ал Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» әрбір сауатты адам түсінетіндей түрде жазылған. Онда әңгіме, роман, өлең жанрларының көптеген түріне ғылыми-теориялық терең сипаттама берілген. Мұнда да автор көптеген қазақы терминді қолданған және оны оқи отырып, автордың сөз түрлендіргіш қасиетіне таңдай қағасың. Ахметтің тіл оқулықтары мен «Әдебиет танытқыштағы» сол терминдері өмірде қолданысқа тез сіңіп кетті.

Ұғынғанға, әмбебап тұлғаның шығармаларына ден қойып оқып, тереңдеген сайын ондағы даралық пен даналыққа тәнті боламыз. Ең бастысы ұлт ұстазы қалыптастырған ұлттық болмысымызды саф қалпында сақтауға әрі дамытуға бүгінгі жастар, біздің перзенттік парыз екенін ұқтық.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз