Ұлылар мекені Ұлытау

0
205

Осыдан тура бір жыл бұрын Жезқазған өңірі жұртшылығы бөркін аспанға атып қуанды. Үлкен-кішісі бір-біріне ақжолтай айтысып, сүйінші сұрасқан еді. Өйткені 16 наурыз күні Президент «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елдегі өңірлер қатары жаңа үш облыспен толығатынын мәлімдеген еді. Үштіктің ішінде оңтайландыру кезінде ұшынған бидайдай күй кешкен бұрынғы Жезқазған облысының орнын оңалтатын жаңа Ұлытау облысы да бар.

Облыс орталығының тұрғындарын 2026 жылға дейін тұрақты және сапалы электр-жылумен қамтамасыз ету үшін Жез­қазған қаласында құны 100 млрд тең­ге­ден астам қаржыға ЖЭО-2 салу көз­дел­ген. Қазіргі уақытта «CITIC Construction Co Ltd» әлеуетті инвесторымен келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Мәліметтер Жезқазған, Сәтбаев қалаларының жылу электр станса­ла­рының тозуы 60-68 пайыз деседі.

 

Дамуға зор серпін берді

Жасыратыны жоқ, 1997 жылы облыс мәртебесінен айырылған Жезқазғанның жағ­дайы аса мәз емес еді. Әйтеуір, жүйе құ­раушы және қаланың тамыр соғысына сеп болған ірі өндіріс орындары ұнжырғасы түс­кен Жез өңірді таза жүнжіп кетуден сақ­тап тұрды. Бүгінде осы уақыт аралы­ғын­да бұл аймақтың дамуы тоқтағаны да ашық айтылып жүр.

Кезінде Жезқазған облысының облыс басшылығында ұзақ жылдар қызмет еткен, осы өңірдің ыстық-cуығын бірдей көрген қо­ғ­ам қайраткері, Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, бүгінде Ұлытау облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов Жезқазғанның бағы басынан тайған жылдарда осы өңір экономикасының кері кетіп, жастардың көкейіне қала болашағына сенім­сіз­дік ұялағанын ашық айтады. Ал былтыр Президент Жолдауында халықтың ұзақ жылдағы өтініш-тілегін ескеріп, осындай келешекке сенім сыйлаған шешім шығаруы жалғыз Жезқазған үшін емес, жалпы Орта­лық Қазақстан халқы үшін зор қуаныш екенін жеткізді.

«Ұлытау облысының құрылуы экономи­ка­лық қана емес, әлеуметтік, мәдени тұрғыда дамуға зор серпін бермек. Ұлытау өңіріндегі мыстан бөлек шашыраңқы жатқан минералды заттардың өндірілуіне, сол арқылы аймақтың дами түсеріне сенеміз. Кейінгі уақытта кенжелеп қалған руханият та көшін осыдан соң түзеуге тиіс. Үкіметтік деңгейде дайындалған Ұлытау облысының 2022-2026 жылға арналған кешенді даму жоспарының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы жоспар негізінде көптеген әлеу­мет­тік нысан салынады. Жаңа оқу орны ашы­лады. Медициналық ұйымдар бой көте­реді», дейді С.Қожамсейітов.

Ал Жезқазған облыс мәртебесінен айы­рыл­ған тұста өңірдің ілгерілеуіне кері әсер еткенін де еске алады. Расын­да, айдалада тұйық қала ретінде жапанда жалғыз қалған Жезқазғанның ертеңі тыңғылықты шешім қабылдауды талай жыл талап етіп келген-ді.

«1997 жылы Жезқазған облысы таратылды, соның салдарынан аймақтың дамуы тежеліп қалды. Өңірдің барлық саласы құлдырады. 25 жыл бойы аймақ ұмыт қал­ды десе де болады. Алайда ширек ға­сырдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті шешім қабылдады. Ұлытау облысы құрылды, ал Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы мәртебесін иеленді. Жаңа облыс құрылған сәттен бастап, төрт ай бойы әкімдік жинақталған проблемаларды шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Бұл жұмыстың қорытындысы – Мемлекет басшысы әзірлеуді тапсырған Ұлытау облысын дамытудың кешенді жос­пары. Былтыр Президент елімізде жаңа облыстар құру туралы шешімін жариялағаннан бастап, бұл оқиға аймақтағы қоғамдық-саяси көңіл-күйге де оң ықпалын тигізді. Кезіндегі Жезқазған облысын көрген, сол кезде қызмет атқарған аға буын жаңалықты қуана қабылдаса, жастар жағы бұл шешім аймақ үшін жаңа мүмкіндік деп қабылдады. Облыс құрылып, дербес жұмыс басталғалы бері аймақта тек мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімдері ғана емес, түрлі қоғамдық коммерциялық ұйымдар өз бөлімшелерін ашуда. «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасы, облыстық ардагерлер ұйымы, «Қазақ тілі» қоғамының филиалы, тағы басқа жаңа облыстық деңгейдегі ұйымдар құрылып, өңірдің қоғамдық өмі­ріне жан бітті», дейді Ұлытау облысы әкімі­нің бірінші орынбасары Аман Бәрекенов.

 

Ширек ғасыр ширыққан мәселелер

Бүгінде өңірдегі жылдар бойы жинақтал­ған проблемаларды шешу және облыс эко­но­микасын әртараптандыру міндеті тұр. Бұған дейін қабылданған кешенді жоспар минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуді көздейді. Индустриялық-инновациялық және әлеуметтік инфрақұрылымға баса мән береді. Агроөнеркәсіптік кешенді және кә­сіп­керлікті дамыту жан-жақты қарас­ты­рыл­ған. Осы орайда жоспарда 126 тармақ қамтылыпты.

Ұлытау облысы әкімдігі ұсынған дерек­терге жүгінсек, 2022-2026 жылдарға ар­налған инвестиция – 1,4 трлн теңге шамасында. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 124,8 млрд теңге, жергілікті бюд­жеттен – 45,8 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестициялар – 1,2 трлн теңге. Биыл жалпы инвестиция көлемі 12 млрд теңге болатын 350-ден аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік беретін 4 жобаны іске қосу жос­пар­ланған көрінеді.

«Жалпы, қабылданған шаралар эконо­ми­ка­ның 40 пайызға өсуін қамтама­сыз етуге, 9 мың азаматты жұмысқа орналастыруға, 1,4 трлн инвестиция тартуға ықпал етеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыстың қала құраушы кәсіпорындары «Қазақмыс Холдинг», «Қазмырыш» және «Қазхром» ЖШС зор қолдау көрсетеді. Өңір­де жалпы 25 млрд теңге инвестиция құйы­латын әлеуметтік-мәдени нысандар салынады», дейді А.Бәрекенов.

 

Шатқаяқтаған шағын бизнес пен ауыр қозғалған агрокешен

Ұзақмерзімдіден гөрі қысқа мерзімді жос­парлардың игілігін халық жылдам бай­қап, баға беретіні даусыз. Осы бағытта құзырлы орындар облысты индустриялық-инновациялық дамытуда құны 700 млрд теңгеден асатын 16 жобаны атайды. Бұл жобалар арқылы 3 мың ұлытаулық нәпақасын айы­ра алмақ.

Өңір экономикасын әртараптандыру және мұнай өнімдері тапшылығын шешуде зор мәнге ие. Бұл мақсатта жалпы құны 480 млрд теңге болатын орташа қуаттылықтағы жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасы пы­сық­талуда. Бұған қоса, шағын және орта бизнестің тынысын кеңейту мәселесі де өткір тұр. Мәселен, ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Ұлытау облысындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі небәрі 17 па­йыз екен. Одан түсетін салықтың да көлемі мардымсыз. Отыз пайыздың айналасында. Сондықтан да жаңа облыстың бұл орайда жандандыру керек жұмысы жеткілікті. Жергілікті билік күрмеулі түйіннің біреуін Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясындағы жылдың басынан бері қолдау тапқан 274 жоба шешуге біршама ықпал етеді дейді. Аталған жобалардың құны – 4,1 млрд теңге.

«Ауыл шаруашылығы саласында да проблемалар бар. Өкінішке қарай, кейінгі  кездері азық-түліктің жекелеген түрлеріне бағаның өсуі байқалады. Негізгі себеп – өндірушілердің көтерме-сауда бағасының өсуі және облыстың тұрақтандыру қорының болмауы. Жалпы, бұл халықтың тұрмысына әсер ете бастады. Бүгінгі таңда облыста әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің тек үшеуі (ұн, ет, бидай наны) өндіріледі, қалғандары сырттан әкелінеді. Қазір басқа салалар арасында 7-орында тұрмыз. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет резервінен тұрақ­тандыру қорын қалыптастыруға 1 млрд теңге бөлінді. Алдағы 2-3 жылда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда, 19 әлеуметтік маңызы бар өнімнің 13 түрін қамтамасыз ету мақсатында жос­пар әзірленді. Онда жалпы сомасы 9 млрд теңгеден астам 13 инвестициялық агрожоба іске асырылады. 1500 адам жұмыспен қамтылады», дейді өңірдің құзырлы басқармалары таратқан ақпаратта.

 

Әлеуметтік нысандар салынады

Енді ғана өз қолы өз аузына жете бастаған Ұлытау облысы үшін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының қаттығы мен тозуы да өзекті. Сондықтан да бұл мәселелерде да дереу шешім қабылдауды қажет ететіні мәлім. Осы күні қабылданған бағдар­ла­ма­лар арқылы алдағы бес жылда облыста 48 жаңа нысан салу көзделіп отыр. Оның ішінде, Жезқазған қаласындағы пери­на­тал­дық орталық, 9 мектеп, оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны бар. Бұдан бөлек, халықаралық мемлекеттік тех­никалық университетін ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, уни­верситет студенттерді 2023 жылдың 1 қыркүйегінен қабылдайды. Ол үшін жыл со­ңына дейін Үкімет ЖОО-ны ашу туралы қаулы қабылдауы қажет.

Облысты дамытуда тұрғын үй құрылысы да басым бағыт. Былтыр енші алған алғашқы жылы облыста қаржыландырудың барлық көзі есебінен 57,7 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліпті. Енді 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есені қамтымақ. Дәлірек айтсақ, биыл 140 мың шаршы метрден аса баспана бұқараға берілмек. Оның ішінде Жезқазғанда тек мемлекеттік бюд­жет есебінен 15 тұрғын үй – 1 180 пәтер, Сәтбаевта 6 тұрғын үй – 236 пәтер құры­лы­сын бастау жоспарда бар. Сондай-ақ жаңа облыстағы пәтер мәселесін тағы 10 ком­мер­циялық тұрғын үй шешуге ат салыспақ.

«Өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Инвестиция көлемі 16,2 млрд теңгені құрайтын Жезқазған қаласындағы «Үйтас-Айдос» су қабылдағышының II көтергіш сорғы стансасын қайта жаңарту басталды. 2022 жылы құрылыстың басталуына 100 млн теңге бөлінді. Қазір Үкімет резервінен 8 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Жезқазған қаласын сумен жабдықтауды ескере отырып, «Есқұла» су құбырының құрылысын биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр», дейді облыс әкімдігінің өкілдері.

Облыс орталығының тұрғындарын 2026 жылға дейін тұрақты және сапалы электр-жылумен қамтамасыз ету үшін Жез­қазған қаласында құны 100 млрд тең­ге­ден астам қаржыға ЖЭО-2 салу көз­дел­ген. Қазіргі уақытта «CITIC Construction Co Ltd» әлеуетті инвесторымен келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Мәліметтер Жезқазған, Сәтбаев қалаларының жылу электр станса­ла­рының тозуы 60-68 пайыз деседі. Тұрғын үй құрылысының ұлғаюы жылу тапшы­лы­ғын да тудырып отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ