Ұлыстың ұлы күні қай күн?
Басқаны қайдам, бізге көктем жаңа жылдың келуімен, Наурыз тойымен сипатталады. «Ескіше наурыз 13-інен 14-іне қарағанда туады» дегенді бұрын үлкендерден жиі естісек те, мән бермеппіз. Күн мен түн теңеліп, жылдың келетін уақыты осы 13-і екенін өткенде ақын Светқали Нұржан facebook парақшасында жазды. Оқыған бойда наурыздың 17-сі күні арнайы тексерсек, расымен күн түннен 10 минутқа озып, жарық жеңіп кетіпті. Көпшілігіміз аталған датаны Амал мерекесі, Көрісу күні деп танып келгенімізді неге жасырайық?
Светқали Нұржан бұл туралы: «Көрісу күні» деген мейрам жоқ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа жыл мерекесі бар. Әз Наурыз да, Амал да осы 14-інде басталады. Бұл күллі түркі, барша қазақтың төл жаңа жылы! Мені тыңдамасаңыз да, Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп сынды әулиелерге құлақ асыңыз. Олардың және басқа да қазақтың қасиетті ақсақалдарының айтуынша, 22 наурыз – «қызылбастардың», яки шиғалардың жаңа жылы. Санаға біраздан бері сіңіп қалған: «Күн мен түн 22-сінде теңеседі» деген сөз жалған. Ол кезде күннің ұзақтығы 15-20 минутқа ұзарып кетеді. Нанбасаңыз, қолыңызда құралыңыз бар: тексеріңіз!
Бұл күні табиғатта басқа да көптеген өзгеріс болады. Мысалы, Самарқанның көк тасы ериді, балпақ іннен шығады, қой таңсәріде Самалыққұстың сәулесін көреді де, қошқар көкке қарап мекіренеді, балық су бетіне шығып қарынымен аунайды, қараторғай тұмсығын сумен шылайды, жеті тоғыстың әуірі білінеді, «Амалдың ақша қары» немесе «Құсқанаты» жауады, т.б.
«Көрісу» – сол ұлық мерекенің бір атрибуты ғана! Неге өз тынысымызды өзіміз тарылтып, қолдан жасанды мейрамдар жасауға құмармыз? Неге көзкөрекі ақиқаттарға самарқаулық қылып, жалғаннан перде тұтуға оң иығымызды беріп тұрамыз?» депті.
«Имансыздық намазда – қызылбастар салған жол» деген өлеңі бар еді Абайдың. Ендеше, наурыздың 21-інен 22-сіне қараған уақыт біздің санаға сіңіп қалған. Ал Алаш арыстары мен ғұламалары жыл басы деп 13-інен де ерте күнді, 9 наурызды көрсетеді. Оны оқығанда, тіптен қайран қалдық. Осының өзі этнограф зерттеушілерді Наурызды тани түсуге, таныта түсуге жетелердей. «Маған да мойын бұр» дейтіндей. Қазір қазақ Наурызды танымақ тұрмақ, әуелі шын мәніндегі жаңа жыл ретінде мойындау керек шығар деген ойдамыз. Өйткені Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне көз жүгірткенде, бұл дәстүр де, дін де, ғұрып та емес, жаңа жылдың басы екенін анық танимыз. Ендеше неге біз жаңа жылды шапанға орап, тұсаукесер рәсімімен көмкеріп, киіз үйге тығып қойдық? Бесікке бөлеу, тұсаукесер сияқты жоралғылар бала қырқынан шыққанда, тәй-тәйлай бастағанда жасалып жататын жоралғылар ғой. Ат шаптырып, көкпар тартып, қыз қуып, асық ойнап, ағаш отырғызып, тұманың көзін ашатын нағыз жыл мерекесі – Наурыз. «Қыр баласы» (Әлихан Бөкейхан) «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санында «Жаңа жыл» деп тайға таңба басқандай: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді… Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-шы март болады», деп жазыпты.
Әлихан Бөкейханның бұл дүниесі Ай мен Күн алмасып, тәулік пен жыл дөңгелеуінен хабардар маман жіліктеп шақпаса, екінің бірі пайымдай бермейтін ғылыми мақала. Оқырманның көкейінде неге 9 наурыз деген сұрақ қалады. Әлихан Бөкейхан ғана емес, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, тағы басқалары да 9 наурыз деп көрсетеді. Алаш арыстарының қай-қайсы болсын ерекше мән берген Наурыз мейрамына газеттерде мақала жариялап, астарына үңілген.
Ә.Бөкейхан біз жоғарыда мысалға келтірген «Жаңа жыл» атты мақала арасында күнтізбе жасалуының ретіне қарай ескі, жаңа стиль деп қарастырады. «XIX ғасырда осы екі стиль арасы 12 тәулік еді. Бізде 7-інші март болса, жаңа стиль Еуропада 19-ншы март еді. ХХ ғасырда жаңа стиль кемде-кем жатқан бір тәулігін қосып алды. Енді ескі стиль арасы 13 күн болады», дейді. Ескіше 13-інде туады деген осы ма екен әлде?
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «ең ұлық мейрам» Наурызды қайсыбір жылдары 14-інен бастап 22-сіне дейін тойлаудың жаңа формасы ойластырылып, халық назарына ұсынылған еді, аяқсыз қалды. «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні» сынды атаулы күндер бартын онда. Негізі бұл да ертеден бар ұстын, 14-інен бастап тойлау. Демек Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде әуелі күн мен түн теңелетін 13-ін назарға алған жөн емес пе? Сонымен қатар «қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «жасың құтты болсын!» дейді.
…Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға игі іс жасайтын мейрам ету керек» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі күні бүгінге маңызды деп білеміз.