Маркетплейстер тауарлардың сапасыз көшірмесін қалай өткізеді?

0
166

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың арқа­сында айшылық алыс жерде тұрған тауарды үйіңізден шықпай-ақ сатып алуға болады. Дегенмен кейде көрмей сатып алғанның жақсы жақтарымен қоса, жағымсыз жақтары да бар. Қысқасы, қандай да бір зат­ты көрмей сатып алу де­геніміз не? Яки болмаса, маркетплейстер отандас­тары­мызға сапасыз заттарды қалай өткізе алады?

Бүгінгі таңда елімізде интернет арқылы сауда-саттық жасау айтарлықтай артып келеді. Өткен жылы маркетплейстердегі сатушылар саны екі есе, сатылымдар бес есе өсті. 2022 жылы 7 мың жеткізуші тіркелді, Қазақстан кәсіпкерлерінің тауарларын сату көлемі 46 миллиард теңгеден асты. Жерлес­теріміз косметика мен парфю­мерияға, киімге, үйге арнал­ған тауарларға, темекі, кітап­тар, тұрмыс құралдары мен балалар тауарларына белсенді тапсырыс береді. Мысалы, былтыр бұрынғы жылдарға қарағанда балалар тағамына тапсырыс төрт есе өскен және ол ұлғайып келеді.

«Бүгінгі таңда дәрілік препараттармен қатар балалар өнімдері де ең жиі жасалатын жасанды тауарлардың арасында үшінші орында тұр. Мұн­дай тағамдар – баланың ден­саулы­ғына ғана емес, өмірі­не тіке­лей қауіп төндіреді. Көбі­несе мұндай жасанды өнім­дер арзан шикізаттан жасалады, сондықтан улану және аллер­гияның пайда болу қаупі жоғары. Тағы бір қауіпті контрафакт – көлеңкелі фармацевтика нарығында 16,8%-ды құрайтын дәрі-дәрмектер. Мысалы, өткен жылдың маусым айында өз өндірісіне шикізат түрінде да­йын дәрілік заттарды жеткізу­дің контрабандалық арнасы тоқтатылды. Коммерциялық ұйымдарға сату және одан әрі онкологиялық ауруларды емдеу үшін медициналық мекемелерге тарату жоспарланып отырған контрафакті­лік препараттардың үлкен партия­сы айналымнан алынды. Бұл – сұмдық жағдай. Бірақ осыған қарамастан, елге жалған сертификаттары бар, жалған дәрілік препараттар келіп, электрондық коммерция арналары арқылы сатылып жатыр», дейді «Денсау­лық» ұлттық қауымдастығы­ның басшысы Бақыт Түменова.

Мәселен, бүгінде ресей­ліктер де маркет­плейс­тердің контрафакт өнімдеріне жаппай ша­­ғым­дана бастады. Брендтік және түпнұсқа өнімдердің ор­ны­­на пайдаланушылар кө­шір­ме заттарға ие болып отыр. Биз­нес­мендер түпнұсқа тауар­лар­дың кейпімен, күмәнді және сапасыз заттарды жіберу жағ­дай­лары көбейіп кетті. Жалған өнімдердің арасында косметика, парфюмерия, ойыншықтар, киім, аяқкиім, темекі және бас­қа да көптеген тауар бар.

Шындығында, Рос­пот­ре­б­­­над­зор маркетплейстерде жалған сату мәселесі бар екендігін және өршіп жатқанын мәлімдеді. Бізге аян болғаны, кейбір сауда алаңдары белсенді жұмысына қарамастан, контрафакт өнімі­нің болуын бақылауды реттемеген. Сонымен қатар әккі кә­сіп­керлер тіпті автоматты түрде тексеруге болатын тауарларды ба­қылауды да қолға алмаған. Өйт­кені сатушылар да өнім сертификаттарын сұрамайды.

Фе­дералды қадағалау қыз­ме­­тінің мәліметі бойынша, контра­­­­фактілік тауарлардың кө­п­­­­шілігі Wildberries-те сатылады. Бұл сату алаңынан сатып алу­шыларға жалған киім-кешек, аяқкиім мен парфюмерия жиі ке­леді.

Бірақ Яндекс Маркет пен Ozon сияқтылар сатушыларды әлдеқайда мұқият тексеріп, ба­қы­лайды, сондықтан мұнда жалған тауарлармен байланыс­ты мәселелер аз көрінеді.

Дегенмен Ресейдегі жағдай 1 нау­рыздан бастап өзгеруі мүм­кін. Сауда алаңдары тауар­лардың айналымына қойыла­тын барлық талапты орын­дау­­ға және контрафактіні немесе таңбаланбаған өнімді сату­ға жауапты болмақ. Ресей премьер-министрі Михаил Ми­шус­тиннің қаулысына сәй­кес, сауда алаңдары «Адал белгі» белгісінің жоқтығы үшін жа­уап­­қа тартылуы мүмкін. Ол зауыттан дүкен сөресіне дейінгі тауар жолын көрсететін QR-коды болып табылады.

PwC Kazakhstan деректеріне жүгін­сек, Қазақстандағы бөл­шек электрондық коммерция сек­торындағы бес тауар сатылса, төрт мәміле маркет­плей­с­терде жасалады. Бар­лық ірі ойыншы қазақс­тан­дық биз­несмендердің мар­кет­плейстердегі саудаға деген қызы­­ғу­шылығының артуына баса назар аударып отырғанына да тоқтала кеткен жөн. Өткен жылдың алғашқы алты айын­да Қазақстандағы бөлшек элек­трондық сауда нарығының кө­ле­мі 501 млрд теңгені құра­ды. Жасалған e-commerce тран­з­акцияларының саны 19 мил­лион­ға жақындады, ал орташа чек сомасы 1%-ға азайып, 26 000 теңгені құрады.

Соңғы алты айда маркет­плейс­тердің жұмысына қатыс­ты шағымдардың саны күрт өсті. Адамдар ақаулы тауар­ды қайтарғысы келеді, уақ­ты­лы жеткізілмегеніне, өнім­нің сапасына, ұзақ мерзімді ақшаны қайтармау фактілеріне наразы­лығын білдіреді. Жалпы, осыдан орасан зардап шек­кен отандастарымыз алаң­ның жөн-жосықсыз қыз­ме­тіне ша­­ғымданып отыр. Тұты­ну­­­шылардың құқықтарын қор­ғау комитетіне 20 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 160 пайызға артық. Жаппай ха­лық­тық наразылық электронды сауданың үлесіне тиесілі.

Егер адам жалған өнімге тап болса, бірінші кезекте мар­­кет­плейсті қолдау қыз­ме­­тіне хабарласу керек. Егер олар көмектеспесе, сотқа ба­ру­ға бо­­лады. Бірақ сарап­шы­лар­дың пікірінше, өтемақы алу мүм­кін­дігі өте аз. Қазақ­стан­дық­тарға контрафак­ті­лік тауар бо­йын­ша пікірлер жазуға кеңес беріледі: бұл жағдайда алаң сатушыны бұғаттауы мүмкін. Са­рапшылар өнімді алған кезде оны әрдайым тексеріп оты­ру­ға кеңес береді. Киімде, аяқ­киімде және парфюмерияда таң­­балау мен код бар екеніне көз жеткізу маңызды, оны ресми сатушының веб-сайтында тексеруге болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ