Тасқынға – тосқауыл

0
196

Бұрын қазақ наурыздағы үлкен мерекелерге ерте бастан қамдана бастайтын, ал бүгін топан судың астында қалмаудың амалын іздейді. Тойдан бұрын, тасқынға тосқауыл болар қарекет керек-ақ. Ерте жауған жаңбыр елді әбігерге салғаны аян. Сондықтан сақтанбаса болмайды. Жетісуда да биыл ауа райы жылдағыдай емес.

Өңірде осы бағытқа бөлінген қаржы едәуір. Егер әр тиынын шашау шығармай жұмсаса, табиғи қауіптен қорқудың жөні жоқ. Су тасқынының алдын алып, елді мекендердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жұмыстарына ма­мандар қазірден бастап кірісіп жатыр. Облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, болуы мүмкін апат­тардың барынша алдын алуда.

Әншейінде аязымен зар қақ­сататын асау ақпанның көбесі сөгіліп, лайсаң тарта бастады. Жетісу өзі өзен-көлге бай өлке болған соң, арнасы тасуы әбден мүмкін. Төрт түлік малын мәмелеп отыр­ған ағайынның алаңы – осы. Оның үстіне Түркістандағы жайсыз оқиға жалпақ жұрт­тың үрейін еселетті. Мемлекет басшысы да министрлерге арнайы тапсырма беріп, жылдағы салғырттыққа жол бермеуді ескертті. Осылайша, әр өңір өзінше қамдана бастады.

Бүгінде Үкімет апта сайын жиын өткізіп, өңір басшыларының қарекетін қадағалап отыр. Осы ретте соңғы селек­торлық ке­ңес­те көктемгі су тасқынына қар­сы шараларға 955 млн теңге бөлін­гені айтылды. Аз ақша емес. Қо­мақты қаржының басым бөлігі бө­геттер мен су қоймалары сынды гидро­техникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тарына қарастырылған. Яғни 820 млн теңгенің барар жері бел­гіленіп тұр.

Енді жалпы сомасы 100 млн теңге көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына жұмсалмақ. Ал қалған 35 млн теңге кезек күттірмейтін шаралар бойынша жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындау мен оларға түзетулер енгізуге бөлінген. Он­дай құжаттар қатарында Жоңғар Алатауынан бастау алып, Текелі және Талдықорған қалаларын жарып өтетін, бірнеше аудандағы бірқатар елді мекенді жанап аға­тын, арыны қатты Қаратал өзе­нінің Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылы тұсындағы арнасын механикалық тазалау және осындағы бөгетті қалпына келтіру бойынша ЖСҚ жасау және түзету енгізу, осы өзеннің Текелі қаласы арқылы өтетін арнасының жағалауын бекіту түзету бар.

Сонымен қатар Панфилов ауда­нындағы Көктал-Арасан ауылы жанынан өтетін Бурақожыр өзеніндегі қорғаныс бөгетін жөн­деу-қалпына келтіру жұ­мыс­тарының ЖСҚ және осы аудан­дағы Сүптай ауылындағы Тышқан өзенінің жағалауын түзетуге ЖСҚ жасау, Қоңыр-өлең ауылындағы қар-жаңбыр суларын бұруға арналған науа жүйесін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына және науа жүйесін ор­натуға ЖСҚ әзірлеу үшін қаражат бөлінген.

Облыстың даму жоспары аясында Ақсу ауданындағы Ма­тай стансасы аумағы арқылы өте­тін Ақсу өзені арнасын түзету және механикалық тазалау жос­парланыпты. Осы жұмыстар нә­ти­жесінде, Панфилов және Ақсу аудандары бойынша тасқын қаупі күшті 7 учаскедегі жағдай тұрақтанып, қауіп сейіледі.

Өңірлік төтенше жағдайлар депар­таменті (ТЖД) жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі облыстық жоспарға сәйкес, туындауы мүмкін күрделі жағдайға сақадай сай болу үшін алдын ала болжамдар дайындау, елді мекендер мен олар­дың аумағын қорғау жөнінде қажет­ті шаралар қабылдау үшін су тас­қыны қауіп төндіруі мүмкін учас­ке­лерді ай­қындау, төтенше жағдайда ха­лықты хабардар ету жүйесін дайындау, су тас­қыны кезіндегі ережелер туралы жұрт­ты құлағдар ету жұмыстарын жү­зеге асырып жатыр.

Сондай-ақ арық-канал желіле­рін, жолдағы су өткізу құрылыс­тары мен көпірлерді тазалау, да­йындау, гидро­техникалық құры­лыстардың меншік иелері тарапынан жұмыс режімінің сақталуын бақылау қолға алынып, ма­териалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағармай, меди­циналық және басқа да ресурс­тардың қорлары құры­лыпты.

«Қазіргі кезде облыста 113 гидро­тех­никалық құрылыс бар. Оның 72-сі – республикалық меншікте, 28-і – ком­муналдық меншікте, 13-і – жекеменшікте. Олардың ішінде 8 су қой­масы, 16 тоған, 10 бөгет, 20 су то­рабы, 59 магистралдық канал бар. Облыс аумағында апатты жағ­дай­дағы су қоймалары жоқ дегенмен, бәрінің қауіпсіздігі керемет деп айтуға келмейді. Жағдайы да ала-құла. Ірі су қоймаларының толу барысын мониторингтеуді және бас­қаруды Су ресурстары комитетінің Бал­қаш-Алакөл бассейндік инспекция­сы жүзеге асырады», дейді облыстық ТЖД ТЖААБ басшысы, азаматтық қорғаныс майоры Ринат Тазабеков.

Жауапты мамандар ауыл-аймақтағы су тасқынына қатысты жағдайды анық­тау мақсатында былтырғы апатты оқи­ғаларға талдау жүргізген. Оның үстіне «Қазгидромет» РМК-нің қар жамыл­­ғысының биіктігі мен топы­рақтың тоңы туралы дерек­терін негізге ала оты­рып, жылда әуре-сарсаңға салар қарғын судың қайда барарына да болжам жасаған. Қандай да бір қауіп төнсе, қауқар көрсетуге дайын.

Температура күрт көтеріліп, жаң­быр түріндегі жауын-шашын мол түс­кен жағдайда облыс­тың барлық аума­ғында су тас­қыны туындауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті, елді мекендер мен инфра­­құ­рылым нысандарын су тас­қы­нынан қорғау мақ­сатында бірқатар профилактикалық және инженерлік-қорғау шара қолға алын­ған.

Жалпы, табиғаттың алдын ала бол­жан­баған тосын мінезі киліксе, осындай шаралар істі жеңілдетеді. Көбіне су тасқындарына қатысты оқиғалардың басым бөлігі алдын алу жұмыстарына деген нем­­құрайдылықты, дәлірегі су жүретін арық-атыздарды аршу, бөгетт­ердің сапасын тексеру, су бөгет­теріндегі су мөлшерін дер ке­зінде реттемеу, өзендер мен каналдардың табанын тазалау сынды шараларға баса назар аудармаудан туындап жататыны өкінішті.

Қараңызшы, жыл сайын өткізілген іс-шаралар нәтижесінде, 2021 жылы анықталған су тас­қыны қаупі бар 13 учаскенің же­теуінің тәуекел қаупі азайтылып, биыл су тасқыны қаупі бар 6 учас­кеде жағдай қалыпты. Оларға қатысты атқарылған және алдағы кезге жоспарланған жұмыстарды жоғарыда келтірдік. Барлығы жоспарға сай орындалса, аталған қауіпті учаскелердегі жағдай да рет­теледі.

«Қазселденқорғау» ММ «Жеті­су-Ала­тау аумақтық пайда­лану бас­қар­масы» филиалы басшы­сының орын­басары Айдос Сабыр­баевтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде аталған мекеме Же­тісу өңіріндегі барлық өзеннің гидро­логия­лық жағдайына күн­де­лікті мониторинг жүргізіп, то­пырақ тоңының деңгейін тұрақты өлшеп тұрады.

Инженерлік қорғаныс имарат­та­рының техникалық жағдайы қалыпты, олардағы қызметкерлер ауа райының құбылуына байланысты өзгерістерді тұрақты бақы­лауға алған. Әзірге өзен­­дердегі судың деңгейі жылдық мөл­шер­лемеден ауытқымаған, арналармен су еркін өтіп жатыр. Тұтастай ал­ғанда, су тасқынының салдарын жою жұ­мыстары облыста ойдағыдай жал­ғасуда.

Қорыта айтқанда, өзен-көл­дерге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын қыстың соңы мен көктемнің басында қарғын су қай тұсымыздан тап береді деп жыл сайын мазасыз күй кешеді. Қызылағаш оқиғасы халықтың әлі де санасында. Сондықтан аталған мәселеге қанша дайын­быз десек те, тұрғындардың ба­қылауда болғаны абзал.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз