Мемлекет басшысы Қызылорда-Жезқазған бағытындағы тар жолды тезірек кеңейту керектігін айтты
Фото: t.me/aqorda_resmi
Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берілді
Бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалды.
Сонымен қатар президентке «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 шақырым) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді. Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады.
Мемлекет басшысы қазіргі жолдың шын мәнінде өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды.
Президент премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.
Бұған қоса, президентке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуалды баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.