Мемлекеттік рәміздер – бабадан мирас, ұрпаққа аманат

0
316

Ұлттың айшығы – мемлекеттік рәміздер рухы өр халықты айбыны. Жаһандық додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшылардың еліміздің көк туды желбіретіп, әнұранын әуелетсем деген ұлы армананың өзі Отанға махабаттан болса керек. Әлем елдері сынға түскен аламанда дараланған спортшылардың қарқынына біз де тәнті болып, бір жасап қалатынымыз да содан-ау шамасы.

Мемлекеттік рәміздердердің мәртебесі биік. Расында байрақты бәсекелерде атой салып, ел мерейін үстем ету екінің-біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан кез келген мекеме мемлекеттік рәміздерге ұқыппен қарап, көзінің қарашығындай қорғап, күтіп ұстауға міндетті. Алайда ара-тұра ашық ақпарат көздерінен мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібін сақтамаған мекемелер туралы ақпарат көзге ілігеді. Бірі білсе, бірі білмес, бірақ әр өңірде мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің орналасу тәртібін қадағалап, үнемі зерделеуге шығатын комиссия құрылған. Сол комиссияның отырысында мемлекеттік рәміздерді күтіп ұстамаған, жаңартпаған, талап-тәртібін сақтамаған мекеме басшыларына үнемі ескерту айтылады. Алайда комиссия мүшелері жыл сайын мемлекеттік рәміздердің талабын елемеген бірлі-екілі емес, бірнеше мекемені анықтап, ескерту жасап әлек. Әрине мекеме басшылығы ескертуді ескермей, бейқам жүрген жағдайда айыппұл төлеуі бек мүмкін. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Гимнді пайдаланудың арнайы белгіленген тәртібі бар. Осы талапты сақтамағандардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны расында орынды. Рәміздерге қатысты ережені сақтамағандарды сүттен ақ, судан таза деп ақтап алуға болмас. Дегенмен бірнеше жылдың бедерінде әлеуметтік желіде Мемлекеттік Туды қоқыс шығаруға пайдаланған азаматтың әрекеті жаға ұстатты. Бұл келеңсіздіктен кейін қоғам да шуласып, мемлекеттің нышандарын таптауға болмайтынын желіде жарыса жазды. Содан әрине осы хабар құзырлы органдарға жеткені белгілі. Бұл дегеніміз, мемлекеттік нышандардың еліміздің өткен тарихымен, бүгіні және келешегімен байланысы бар екенін білмейтіндер әлі де болса кездесетінін аңғартады. Еліміздің тұтастығы һәм азаттығы да мемлекеттік нышандарға байланып тұрған жоқ па? Мемлекеттік рәміздері жоқ ел болмайды. Отаршылдардың озбырлығынан босап, кешегі батыр бабалардан аманат боп қалған ұлан ғайыр атырапта дамудың даңғыл жолынан таймай, Орта Азиядағы алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылған рухты халыққа Тәуелсіздік бәрінен қымбат.

Егемендік алғаннан кейін тәуелсіз ел саяси мәтебесін Тәуелсіздік декларациясы арқылы бекітті. Содан 1992 жылы 4 маусымда мемлекеттің рәміздері – Ту мен Елтаңба қабылданды. Көп ұзамай Мемлекеттік Әнұран да 11 желтоқсанда бекітілді. Шын мәнісінде кеше ғана жер жаһанға егемендігін жариялған ел үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау жеңіл бола қоймады. Әуелі 1992 жылы Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындауға араласатын жұмыс тобын  құру туралы қаулы қабылдады. Ізінше, осы құжатқа сай шығармашылық комиссия жұмысын бастады. Оның құрамында елге белгілі заңгерлер, қоғам қайраткерлері болды. Кейін Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын әзірлеуге конкурс жарияланды. Рәміздердің жобалары бойынша жарияланған конкурсқа 600-ден астам жұмыс түсті. Мемлекеттік тудың эскиздері бойынша 1200 өтінім қабылданса, Елтаңбаның 245 үлгісі, Әнұранның 750 нұсқасы комиссияға ұсынылған. Осылайша мемлекеттік рәміздердегі еркіндіктің әрі бірліктің нышаны іспетті әрбір айшықты белгілер әбден зерделеніп, сүзгіден өтіп барып қабылданды.

Тағы кері шегініс жасасақ, рәміздердің тарихы алғашқыда тотемемизмнен бастау алып, кейінірек түркілердегі көк бөріге табынумен жалғасалады. Бұдан әрі ортағасырдағы хандар мен патшалар заманындағы жалау, елтаңба, яки теңгелердегі белгілермен үндеседі. Негізі мемлекеттік рәміздерде ұлттық идея көрініс табуы қажет. Ал ұлттық идея дегеніміз – халық ішінде қалыптасатын дүние. Саяси көшбасшылар уақыт сәтімен, заманның ағымымен ауысып отырса, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары негізін жоймай, керісінше, өткенмен сабақтасады. Демек, мемлекеттік рәміздер – ұлттың тарихы, мәдениеті және өмір салтын айшықтап тұруы тиіс. Еліміздің Елтаңбасы ана тілімізде таңба, белгі, мұра деген мағына береді екен. Таңғаларлығы, бұл термин сонау Түрік қағанатынан бері қолданылып келеді. Елтаңбаға таңдау түскенде Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың жұмысы озық шыққан. Авторлардың Елтаңбада ұлтымызға тән шаңырақты бейнелеуі ұтқыр шешім болған. Өйткені қазақ үшін шаңырақ отбасында береке мен бірліктің, тыныштық белгісі іспетті. Мемлекеттік нышандағы шаңырақ та солай елдегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына тоғыстырып, Отанымыз – Қазақстанның берік уықтарына айналуды үндейді. Мемлекеттік Әнұранның шығу тарихы тіпті тереңде. Сұрапыл ақын Жұмекен Нәжімеденов пен әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні егемендік алғанға дейін жарты ғасыр бұрын дүниеге келіпті. Бір жылдары жастарға арнап жазылған рухты әннің араға жылдар салып, Тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналуының астары бөлек. 2006 жылы 6 қаңтарда Парламент отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін 10 қаңтарда «Менің Қазақстаным» ресми түрде Әнұран ретінде қабылданып, оң қолды сол жақ жүрек тұсқа қойып айтатыны сынды ережелері де бекітілді. Сол секілді аспан түстес Мемлекеттік Туда күн астында қалықтаған қыран құс еркіндіктің мызғымас бейнесі. Тудың жиегіндегі алтын түстес ою да шебер үйлескен. Орайлы сәтте 1992 жылы қабылданған Тудың авторы белгілі суретші Шәкен Ниязбеков екенін еске салғанымыз дұрыс болар.

Президент Қысым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатында ұлттық нышандардың мән-маңызы туралы тарқатып айтып берген еді.

–«Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашан да ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында солай, сайын дала төсінде мекен еткен ата-бабаларымыз еркіндік, елдікті көксеп өтті. Ендеше, Ұлттық нышандар да сол алдыңғы аға буынның көзіндей құнды. Осыны біле тұра Мемлеттік рәміздерді талапқа сай пайдаланбау – өзгеге емес, өзімізге сын болмай ма?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ