Насихат науқаны: үгіт пен үміт
Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына кандидаттарды тіркеу толық аяқталды. Науқанның келесі маңызды кезеңі – үгіт-насихат жұмысы басталды. Үміткерлер сайлаушылар даусына ие болу үшін бағдарламасындағы басым бағыттарды тұрғындардың назарына ұсынбақ.
Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында партиялық тізімдерді тіркеу, жеребе тарту, шетелдік байқаушыларды аккредиттеу және сайлау алдындағы үгіт мәселелері талқыланды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі және мәслихатар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес, 2023 жылғы 18 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталғанын хабарлады.
Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес аумақтық сайлау комиссиялары мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастырады және олардың өткізілуін қамтамасыз етеді. Саяси партиялар атынан облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына ұсынған тізімдерді тіркеу осы өңірлердің аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне жатады. Олар барлық сайлау үдерістерін өңірлерде өткізеді. Мәселен, пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының 334 мандатына аумақтық сайлау комиссиялары өңірлерде партиялық тізімдерді тіркеудің рәсімдерін жүргізді.
Қолда бар жедел ақпаратқа сәйкес, барлық өңірлердегі аумақтық сайлау комиссиялары облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды партиялық тізімдер бойынша тіркеді. Осылайша, партиялық тізімдерді Парламент Мәжілісіне және облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының депутаттарына тіркеу кезеңі аяқталды.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 15 ақпанға дейін саяси партиялардың қарауына ұсынылған барлық 7 тізімді тіркеуді аяқтағанын хабарлады. Сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиялары пропорционалды негізде сайланатын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттары депутаттарының жартысын сайлау бойынша партиялық тізімдерді тіркеу жөніндегі жұмысты тәмамдаған. Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысуға ұсынылған барлық 7 саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеді. Олар – «Қазақстан Халық партиясы» – 52, «Ақ жол» партиясы – 54, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» – 19, «Байтақ» жасылдар партиясы – 18, «Ауыл» партиясы – 25, «Amanat» партиясы – 90 кандидат, «Respublica» партиясы – 23 кандидат. Ал осы партияның 2 кандидаты берген өтініштеріне сәйкес алынып тасталды. Cөйтіп, еліміздің Парламент Мәжілісі депутаттарының мандатына үміткер саяси партиялардың 7 тізіміне 281 кандидат енгізілді. Әрбір саяси партия әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың қажетті өкілдігін сақтайды. Жалпы, барлық партиялық тізімдер бойынша бұл санаттар 38,1% құрайды. Кандидаттардың орташа жасы – 45,7 жас, 19 үміткер 29 жасқа дейінгі санатта, 80 – әйел (28,5%), 201 – ер адам. Саяси партиялар тізіміне 12 этностың өкілі енді.
Сондай-ақ Константин Петров мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы хабардар етті. Атап айтсақ, республика бойынша 223 мәслихатта 3 415 депутат сайланады, оның ішінде 668 – облыстық мәслихаттарға, 617 – қалалық мәслихаттарға, 2 130 – аудандық мәслихаттарға. Облыстық мәслихаттарға 668 депутаттың 334-і партиялық тізімдер бойынша сайланады.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша 1 447 кандидаттың 118 партиялық тізімі тіркелді. Оның ішінде «Ақ жол» партиясынан 20 өңірде 199 кандидат тіркелді, «Amanat» партиясынан барлық өңірде 692 кандидат тіркелді, «Ауыл» партиясынан барлық 20 136 кандидат тіркелді, «Байтақ» жасылдар партиясынан 18 өңірде (Қостанай облысы мен Жетісу облысынан басқа) 89 кандидат тіркелген, ал ЖСДП барлық өңірлерде партиялық тізімдерін ұсынбаған, Қазақстан Халық партиясынан барлық 20 өңірде 172 кандидат тіркелген, «Respubliсa» партиясынан да 20 өңірде 159 кандидат тіркелген. Тіркелген тізімде әйелдер мен жастардың қажетті өкілдігін әрбір саяси партия сақтады, бұл санаттар 39,2%-ға тең. Кандидаттардың орташа жасы – 43,8 жас, 29 жасқа дейінгі – 182 , 434 – әйел (30%), 1013 – ер адам. Саяси партиялардың тізіміне 22 этностың өкілдері енді.
Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Сайлау туралы заңның 37-бабына сәйкес саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол енгiзiлгенін мәлімдеді. Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 13 шілдедегі №15/214 қаулысымен сайлау бюллетеніне саяси партиялар атауларын енгізу туралы жеребе өткізудің ережесі бекітілді.
Осы орайда, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина отырысқа қатысушыларды жеребе өткізудің ережелерімен таныстырды. Ол ережелерге сәйкес мөлшерлері мен түстері бірдей конверттерге тіркелген партиялардың санымен тең реттік нөмірлер жазылған парақтар салынатынын хабарлады. Бір конвертте нөмір жазылған бір ғана парақ болады. Конверттер мөрленіп, барлық қатысушылардың көз алдында үстел үстіне орналастырылады. Әр саяси партияның өкілі кезекпен бір конвертті алып, оны ашады, парақта жазылған нөмірді көрсетеді. Конверт ішіндегі нөмір – саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін нөмірі болып табылады. Жеребені өткізудің нәтижесі хаттамаға енгізіліп, оған қатысып отырған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қолдарын қояды.
Сонымен жеребе қорытындысы төмендегідей: 1 – «Amanat» партиясы; 2 – «Ауыл» партиясы; 3 – «Respublica» партиясы; 4 – Қазақстан Халық партиясы; 5 – «Байтақ» жасылдар партиясы; 6 – «Ақ жол» партиясы; 7 – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Осылайша, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда саяси партиялардың атауларын сайлау бюллетеніне енгізу тәртібі айқындалды. Бұл тәртіп пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттарын сайлауда пайдаланылатын болады.
Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 9 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 79 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Бүгінде аккредиттеуге 2 шет мемлекеттен және 1 халықаралық ұйымнан 4 байқаушының кандидатуралары ұсынылды: Бельгия Корольдігінен – 2, Қырғыз Республикасынан – 1, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі Миссиясынан – 1 кандидатура. Сонымен қатар Мұхтар Ерман ОСК-ға ЕҚЫҰ ДИАҚБ-дан осы ұйымның Миссиясының құрамындағы өзгерістер туралы алынған нотаға байланысты бір байқаушы бойынша Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы келіп түскенін атап өтті.
Сонымен бұрын аккредиттелген байқаушы Мишель Ньянг байқауға қатыса алмайды. Осыған байланысты ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі Миссиясының құрамына тиісті өзгерістер енгізілді.
Жиында сайлау алдындағы үгіт жүргізу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасап, сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін бірден басталатынын хабарлады. Сайлау науқанында үгіт 18 ақпанда сағат 18.00-ден басталып, 18 наурызда сағат 00.00-де аяқталады.
Ол отырысқа қатысушыларға заңнаманың негізгі жаңалықтарын жеткізіп, енді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихаттан бөлек сайлау алдындағы іс-шаралар, үгіт материалдарын шығару, онлайн-платформалар арқылы да жүзеге асыруға болатынын атап өтті.
Сондай-ақ БАҚ үшін тағы бір жаңалық атап өтілді – енді дауыс беру күні сайлау учаскесінде қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл қатыса алады. Анастасия Щегорцова жиналыстар, митингілер, шерулер мен демонстрациялар сияқты қоғамдық іс-шараларды өткізу тәртібі арнайы заңмен реттелетініне де назар аударды. Оларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органға хабарласу қажет.
Сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу кезінде сайлау науқаны үшін арнайы жасалған баспа материалдарын, соның ішінде безендендірілген материалдарды, сондай-ақ сайлау науқанына арнайы әзірленген омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегін таратуға жол берілетінін есте ұстаған жөн. Алайда тегін тауарларды, қызметтерді және т.б. ұсынуға жол берілмейді. Бұл сайлау алдындағы тыйым салынған үгіт болып табылады.
Барлық үгіт материалдары міндетті түрде мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс: осы материалдарды шығарған ұйым, оларды басып шығару орны, таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, қандай қаражаттан төленгені туралы. Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде үгіт баспа материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарды таратуға тыйым салынады. Кандидаттар, саяси партиялар барлық үгіт материалдарын өз сайлау қорларының қаражатынан төлейді. Заң бұл мақсатқа басқа көздерден өзге ақша таратуға тыйым салады. Сондай-ақ сайлау қорынан төленбеген кез келген тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді қабылдауға тыйым салынады.
Отырыста жергілікті атқарушы органдардың сайлау алдындағы үгіт жүргізуге дайындығы туралы, оның ішінде кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыруға арнайы орындар мен үй-жайларды қамтамасыз ету туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ үгіт кезеңінің аспектілері және сайлау алдындағы үгіт және заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік кезеңіндегі БАҚ пен интернет-кеңістіктің мониторингі туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Бас прокуратураның өкілдері баяндады.
Отырыс аясында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова республикадағы эпидемиологиялық жағдай және коронавирустық инфекцияның, тұмаудың және ЖРВИ таралуының алдын алу шаралары туралы хабардар етті. Ол республикадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты. Тәулігіне оң ПТР нәтижесі бар 120 COVID-19 жағдайы және теріс ПТР нәтижесі бар 10 COVID-19 жағдайы тіркеледі. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес барлық өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Айжан Есмағамбетова соңғы 3 апта ішінде республика бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың біртіндеп өсуі байқалғанын атап өтті. Сырқаттанушылық барлық өңірлерде өсті, жалпы республика бойынша өсім 1,6 есе (148 мыңнан 243 мың жағдайға дейін) құрады. Коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай мен ЖРВИ және тұмаумен сырқаттану маусымын ескере отырып, сайлауға үгіт жүргізу кезінде съездер мен конференциялар өткізу кезінде кең үй-жайларды пайдалану, үй-жайларда ауаны желдету жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін және R көрсеткіші 1-ден жоғары өңірлерде бетперде режімін сақтауды қамтамасыз ету ұсынылады.
Сондай-ақ отырыста депутаттыққа жекелеген кандидаттардың жіберген сайлау туралы заңнаманы бұзу туралы мәселе қаралды. Отырыс барысында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев 17 ақпанда Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 47-бабының 3-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттығына төрт кандидатты сайлау алдындағы үгітті тыйым салу кезеңінде өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Бас прокурордың ұсынысы енгізілгенін хабарлады. ОСК тиісті қаулы қабылдады.