Наурыздың түп-төркіні қайда жатыр?

0
419

Көк жаңарып келген көктем әуелі Наурызымен ерекше. Тарихы тереңде жатқан төл мерекенің халық үшін орны бөлек. Ел-жұрт етек-жеңін жинап, жаңа жылдан мол үміт, көп жақсылық күтеді. Бұқара ежелгі ғұрыптан айнымай игі істер жасауға асығады. 22-наурызда күн мен түн теңеліп, «Самарқанның көк тасы ериді». Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, бар тіршілік атаулының қайта тірілетін шағында бұл мейрамның тарихы қайдан бастау алды дегенге ойланып көрдіңіз бе? ¤

Жылдың басы, бар игілік атаулының символы саналатын Наурыз мейрамының шығу тарихы ежелде жатыр. «Жаңа күн» деген мағынаны беретін мереке түркі халықтарына ортақ. Наурыз ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда 18-ғасырға дейін тойланып келген. 3-5 мың жылдан бері Балқан түбегінде, Орта Азия мен Таяу Шығыста тойланады. Көктем мерекесі туралы деректер антикалық және ортағасырлық жазушылардың еңбектерінде де кездеседі. Ал қазақ халқы Наурызға «Ұлыстың ұлы күні» деп айдар тағады. Яғни ұлы істердің бастауы деп ұққандығы туралы деректер бар.  Ел арасында «Ұлыс күні қазан толса, ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, жол болар» деген сенім бар.

¤          Бұл уақта арада араздық болған ағайын татуласып, қыстан аман шыққан жұрт азан-қазан күй кешеді. Жалғыз жарым жетімдерге, кембағал жандарға көпшілік қарайласады. Ат жарысып, алтыбақан басында думан орнап, көкпар, қыз қуу, күрес, аударыспақ сияқты қазақтың ұлттық ойындары ойналады. Мал ауызы көкке, жан ауызы аққа тиетін тұста араларына жік түскен ағайын татуласып, қыстан аман шыққанына қуанып азан-қазан күй кешеді. Жалғыз жарым жетімдерге, кембағал жандарға жұрт қарайласады. Бұл уақта жастар «Бастаңғы» ұйымдастырып, бойжеткендер көңілі ауған жігіттерге «ұйқыашар» деп аталатын ерекше тағам әзірлейді. Ал жігіт, бозбалалар қыздардың қарымтасы ретінде «селт еткізер» сыйлықтарын сыйлайды. Жұрт төс қағыстырып, үлкенге сәлем беріп, хәл сұрасады. Жалпы, «Наурыз» сөзінің этимологиялық мағынасын Бибізия Қалшабаева былай түсіндіреді: «Салттық мәнін былай қойғанда, сөздің өзі тепе-теңдік, әділдік, жаңару, жаңғыру деген мәнді үстейді. Тек қана үй, қора-қопсыны ғана тазалап қоймай, игі күнде әр адам ар-ожданының алдында да тазалануы керек. Ал ел арасында бұлақтың басын тазартып, арықтарды аршып, халық үшін, ел үшін игілікті істерді істеу дәстүрге айналған».

Анығын айтайық, Наурыз діни мейрам емес. Бұған дейін ел арасында осындай жаңсақ түсінік болған дейді мамандар. Тіпті кезінде Кеңес Одағы тарапынан мерекені атап өтуге тыйым салынып, жарты ғасырдан астам уақыт тойланбай келді. Мақсат – түркі халықтарын біріктіретін мерекені ел жадынан өшіру еді. Бірақ 1988 жылы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған бір топ қазақ зиялылары ұлттық салт-дәстүріміздің қайта жандануына ықпал жасады. Ал, 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 21-наурызды «Халықаралық Наурыз мерекесі» ретінде мойындады. ЮНЕСКО Наурызды «Материалдық емес мәдени мұра» тізіміне енгізді. Бүгінде еліміз қазақы жаңа жылды жалпы үш күн атап өтеді.

¤

Мадина ОҚАС

 

¤

ПІКІР ҚАЛДЫРУ