Оқу-ағарту министрі инклюзивті және арнайы білім беру мәселесін талқылады
Оқу-ағарту министрі «Талдау мектебі – Школа аналитики» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесіп, инклюзивті және арнайы білім беру мәселесін талқылады.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024 жылы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асты. Барлық білім беру ұйымдарында бірдей инклюзиялық білім берудің қажеттілігі мен маңыздылығын ескере отырып, министрліктің құрылымында алғаш рет Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды.
«Өткен жылы ғылыми қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қыруар жұмыс атқарылды. Инклюзиялық және арнайы білім беру саласындағы барлық нормативтік құжатқа талдау жүргізіліп, нәтижесінде 15 нормативті-құқықтық акт қабылданды. Осыған орай баланың дүниеге келген сәтінен бастап оқу оқып, мамандық алған кезіне дейін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі үлгісі енгізілді, қолдау кабинеттері үшін жаңа талаптар бекітілді, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс үшін жеке бағдарламалар әзірленді, одан бөлек педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші секілді жаңа лауазымдар пайда болды», – деп бөлісті бұл туралы әлеуметтік желідегі өз жазбасында министр.
Сондай-ақ министрлікпен Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету, білім берудегі қиындықтарды анықтау және алдын алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру.
«Әсіресе, балалардың әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінуде. Міне, дәл осы мақсатта Алматы қаласындағы Арнайы және инклюзивті білім беру орталығын трансформациялау қолға алынуда. Маңыздылығына баса назар аударар тағы бір жаңалық — былтырдан бастап техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін квота саны өсті. Онымен қоса «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кешенді қолдау көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленуде. Білім беру ұйымдарында жайлы орта қалыптастыру барлық білім алушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін негізгі фактор», – деп қорытындылады министр.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде бүгінгі таңда 500-ге жуық арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағындағы мектептердің 90%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалды, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті.