Қолынан келсе, қонышынан басуға тырысады

0
299

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті қызметкерлері 750 мың теңгенің құрылғысын 900 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлағандардың жолын кесті. Облыстық басқармалардың бірі өздеріне қажетті металл құрылғыны өз құнынан әлдеқайда қымбатқа бағалап, пайда тапқысы келген сыңайлы.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің об­лыстық департаментінің басшысы Серік Орымбетовтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген мониторинг бары­сында қазына қаражатын «май­шелпекке» айналдыруға тыры­судың түрлі дерегі анықталып жатады. Былтыр және биылғы қаңтар айы басталғалы аймақ бойынша 109 сыбайлас жемқор­лық қылмыс тіркеліп, 86 адам жауапқа тартылыпты. Жемқорлық қылмыстардың ішінде пара алу фактілері жиі кездеседі. Есепті кезеңде 84 пара алу дерегі анық­талған. Сондай-ақ жымқыру мен алаяқтық, лауазымдық уәкі­лет­тікті асыра пайдалану фактілері де ара-тұра тіркеліп тұрады. Сы­байлас жемқорлыққа жол беріп, істі болғандардың арасында түрлі деңгейдегі сегіз басшы бар. Осы­ған қарап жемқорлық көріністерін жергілікті атқарушы органдар мен соларға қарасты ұйымдарда үй­реншікті нәрсеге айналғанын аң­ғару қиын емес. Бұл дерт әсі­ресе ішкі істер органдарының қызметкерлерін мықтап дендеген. Сол секілді лауазымын пайда­ланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласатындардың да саны азаймай тұр. Құзырлы орган қызметкерлері 12 кәсіпкерге лауазымын пайдаланып, «қам­қорлық» көрсетуді ұсынғандар­дың жолын кесті.

«Біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сызбасын нақты­ладық. Оған негізінен білім, ден­саулық сақтау және жер қа­ты­настары салалары енеді. Біздің мақсат – бас салып, жазалау емес, бірінші кезекте жемқорлықтың алдын алу», – дейді департамент басшысы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті про­куратураның үйлестіруімен жүргізілген шара барысында фар­мацевтикалық бақылау саласын­дағы лауазымды тұлғалардың жемқорлықтарын анықтап, ке­зекті парақорлық әрекеттің алдын алды. Денсаулық сақтау ми­нис­трлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау ко­митеті департаментінің бөлім басшысы міндетін атқарушы мен жетекшісі өз лауазымын оңай олжа табудың көзіне айналдырып, жүйелі түрде пара алып келген. Фармацевтикалық бақылауды ұйымдастыруға жауаптылар фар­мацевтикалық қызметті жүзеге асыруға берілетін бас лицензия­лар мен олардың қосымшала­рын беру үшін олардан жалпы сомасы 850 мың теңге болатын «сыйақы» сұраған.

Алматы облысында заңсыз коммерциялық қызметпен ай­налысатындар да бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық департамент ағын су жүйесіне мониторинг жүргізіп, бірқатар ауыл шаруа­шылығы өндірістік коопера­ти­вінің каналдарды пайдалану құқығының жоқтығына, табиғи монополиялар тізіліміне енгізіл­мегеніне қарамастан, ағын суды арзанға алып, шаруа­ларға бірне­ше есе қымбатқа са­тып, пайда тап­қанын анықтаған. Су сатуды кәсіп қылғандар ағын суды Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан «Қазсушар»-дың өңірлік филиалымен бекі­тілген тарифке сәйкестеліп отыр­ған. Соған қарамастан шаруа­лар амалдарының жоқтығынан ка­нал мен екі арадағы «делдал» кооперативтерден текше метрі 70 тиын болатын судың бір тек­ше метріне орташа есеппен 2 теңгеден төлеуге мәжбүр болған. Сонымен бірге екі ортада сауда жасап, пайда тауып жүрген 24 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің екеуінің ғана каналдарды сенімді басқаруға келісімшарты бар болып шыққан.

Мәселеге антикор араласып, ағын суды пайдаланудағы пай­дакүнемдердің схемасы әшкере болғаннан кейін фермерлер суар­малы суды тікелей Үлкен Алматы каналынан алатын болыпты. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен Еңбекші­қазақ ауданы, Қаратұрық ауылдық округіндегі 272 шаруа қожа­лы­ғының Үлкен Алматы каналымен 1 текше метр суды 50 тиыннан алатындығы жөнінде келісімшарт жасау мәселесі шешімін тапты. Соның арқасында бір ғана ауыл­дық округтегі жергілікті фер­мерлер бір маусымда 42 миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік алған. Алдағы уақытта басқа ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің де осындай тікелей келісімшарттарға отыруына қатысты мәселелер рет­телмек. Қазір жоғарыда айтылған 24 кооперативтің бесеуі ғана монополияға қарсы заңнамаға сәйкес өздерінің тарифтерін Ал­маты облыстық табиғи монопо­лияларды реттеу комитеті депар­таментімен бекітіпті.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ