Олжас Бектенов: шикізатты газ түрінде сатудың орнына біз полиэтилен өндіреміз, бұл қосылған құнды 20 есеге арттырады
фото:Үкімет
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов әлемдегі ірі мұнай-химия компанияларының басшылары – Қытай мұнай-химия корпорациясының (SINOPEC) президенті Джао Донгпен және «СИБУР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Михаил Карисаловпен кездесті.
Басты мәселе – қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны, ал жалпы құны шамамен $7,7 млрд-ты құрайтын әлемдік қуаттардың 1%-на тең полиэтилен өндіру бойынша алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін бірлесіп салу.
Кездесу барысында Sinopec-тің жоба қатысушыларының құрамына кіруін ресми түрде аяқтайтын үшжақты хаттамаға қол қойылды. Осылайша, зауыт иелерінің құрылымы келесідей: ҚазМұнайГаз – 40%, SINOPEC – 30%, СИБУР – 30%.
Үкімет басшысы жоғары деңгейде өнім өңдеуге бағытталған жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Мәселен, «Полиэтилен» жобасын шикізатпен (этанмен) қамтамасыз ету үшін Теңіз кен орнында газ бөлу кешені (ГБК) салынады. ГБК қуаттылығы жылына 9,1 млрд м3 құрғақ газ өңдеп, оның ішінде жылына 1,6 млн тонна этан өндіру көзделіп отыр. Этан магистральдық құбыр арқылы Теңізден «Карабатан» алаңына («ҰИМТ» АЭА аумағы, Атырау облысы) дейін жіберілетін болады, онда полиэтилен өндіру зауыты жұмыс істейтін болады.
Америкалық лицензияланған Chevron Phillips және Univation технологияларын қолдана отырып, 22-ге жуық полиэтилен маркасын шығару жоспарланып отыр, оның 40%-ы – премиум класс. Өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсаттағы қолданудың кең ауқымы полиэтиленді әлемде ең көп сұранысқа ие полимерге айналдырады.
Бүгінгі таңда полиэтилен медицина, протездеу, қорғаныс, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, ғарыш индустриясы және басқа да салаларда қолданылады. Полимер тауарлардың кең желісін өндіруде: пластикалық тозуға төзімді құбырлардан, құрылыс материалдарынан, дәрі-дәрмектерден, шприцтер, протездерден бастап, ғарышкерлерге арналған сауыт-саймандар мен киімдерге, автомобиль бөлшектеріне дейін қолданылады. Мақсатты нарықтарға Қазақстан, ТМД елдері, Қытай, Түркия және Еуропа елдері кіреді. Бұл ретте ішкі тұтыну үшін өткізу бағасы импорттық бағадан төмен болады.
«Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көмірсутектерді терең өңдеуді белгіледі. Экономикамыз үшін басымдық – жоғары деңгейде өңдеу өндірісі – экспортқа бағдарланған технологиялық тізбекте қосылған құнның жылдам өсуімен өнім шығару. Бастапқы шикізат – этан мен үшінші сатыдағы қайта өңделген өнім – полиэтилен арасындағы қосылған құн 20 есеге, тоннасына $80-90-нан $1600-1800-ға дейін артады. «Полиэтилен» жобасы өңдеу өнеркәсібінің де, жалпы ел экономикасының да дамуына елеулі серпін беретіні сөзсіз. Сарапшылардың есептеулері бойынша, жобаны іске асырудан 2030 жылға қарай елдің ЖІӨ-ге қосатын үлесі шамамен 1,2%-ға бағаланады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Зауыт құрылысын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам, пайдалану кезеңінде 850-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Аталған жоба Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Зауыт тиісті инфрақұрылыммен және арнайы салық режимімен қамтамасыз етіле отырып, арнайы экономикалық аймақ аумағында салынатын болады. Осыған байланысты Премьер-Министр жобаға қатысушылардың назарын жергілікті әлеуетті барынша пайдалану қажеттігіне аударды.
«Біз мемлекет тарапынан ел экономикасы үшін маңызды жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар сіздер жергілікті қамту үлесін арттырады деп күтеміз . Ол үшін отандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алынатын тауарлар мен жабдықтардың тізімін анықтау қажет. Біз қазақстандық мамандарды оқытуға және құзыреттер беруге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Біз үшін жергілікті кадрларды, оның ішінде жобадағы басшылық лауазымдарға барынша тарту маңызды. Біз басқа бірлескен жобаларды іске асыру кезінде де осындай тәсілдер күтеміз», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен, «Полиэтилен» зауытынан бөлек газ бөлу кешені мен магистральдық құбыр салу жоспарланған.