Қонаевта жаңа зауыт ашылады

0
273
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қонаевта қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер бірігіп, жаңа зауыт ашуды жоспарлар отыр, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Қонаевтағы тамшылатып суару жүйесіне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауытты аралады.

Тамшылатып суару әдісі – суды өсімдік тамырына жеткізу арқылы оны ұқыпты пайдалануға мүмкіндік береді.

Зауыт қазақстандық және Қытай кәсіпкерлерінің бірлескен жобасы саналады. Кәсіпорын қуаты аптасына 500 гектарға дейін жерді тамшылатып суару технологиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта Тараз қаласында да осындай зауыт ашу жоспарланған.

Сондай-ақ министр Шеңгелді ауылындағы №5 сорғы станциясын аралады. Нысан жеке меншікте. Қазір оны кешенді реконструкциядан өткізіп, мемлекеттік меншікке беру мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов Алматы облысы Райымбек, Кеген, Талғар, Іле, Жамбыл және Ұйғыр аудандары мен Сарыбұлақ ауылының суару желілерін жаңғырту бойынша жоспармен танысты. Жобаларды іске асыру мерзімі – 8 айдан 2 жылға дейін. Сондай-ақ министр Алматы облысының әкімдігі мен сумен жабдықтау және су үнемдеу саласындағы жетекші қытайлық компаниялардың өкілдері арасындағы кездесуге қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша Алматы облысының әкімдігі мен Қытай компаниялары арасында өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша меморандумға қол қойылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ