Ораза айт мейрамының тарихын білесіз бе?
Отыз күн оразадан кейін мұсылман қауымы өздеріне берілген шексіз нығметке шүкіршілік айтып, ағайын-туыспен мерекелік көңіл-күйде қауышады. Ораза айт қалай пайда болды? Айт күні қандай амалдар жасау керек? Бұл мейрамның тарихы мен ерекшеліктері жайлы мақаламызда айтатын боламыз.
Ислам дінінде екі мереке бар. Оның бірі – Ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт. Айт деген сөздің мағынасы “мейрам” дегенді білдіреді. Рамазан аяқталғаннан кейін басталатын шәууал айының бірінші күні ораза айт мейрамы ретінде баршаға мәлім. Халық арасында айт мейрамын үш күн тойлайды. Шариғи түсінік бойынша ораза айт мерекесі бір күн деп есептеледі. Дегенмен, пейілі кең қазақ халқының үрдісі бойынша кембағал жандарға, жетім-жесірге көмек көрсету, садақа беру, көптен көріспеген жақын адамдардың үйіне айттап бару сынды жақсы амалдар жалғаса береді. “Ислам ғылымхалы” кітабында айт мерекесі мынадай әсерлі сөздермен өрілген: “Айтты барлық иманды жандар іштей сезінеді. Біздің өлкемізге аса нәзік, аса сүйкімді, аса тәтті болып келеді. Мыңдаған жылдан бері қадірлі қонақтай келіп, құт-берекесін шашып, мейірім-шапағатымен құшақтаған айтты қашан да үйімізде, мешіт, мінәжатхана мен көшелерде көріп келген сәтте-ақ құшағымызды ашып тұра жүгіреміз. Иә, айт әр келгенінде сана-сезімімізге қатты әсер етіп, өзімізді құшағында тұрғандай сезінеміз. Сонда біз оны бейне бір аңқыған жұпар иіс, тіл мен тамағымыздағы ләззат, жүректе сезілген тәттілік, ой-өрісімізге жаңа атқан таңдай сезіне кетеміз. Ол да күннің әр сағатында бізге тілмен жеткізе алмайтын ғажайып әуенін шарықтатып ала жөнеліп, айналасын баурап алып, бәрімізді өзінің ақыреттік бағына қарай тартады. Ой-сана мен қиял-әлемімізді ғаламат суреттермен безендіреді”.
Ораза айт қалай пайда болды?
Ислам тарихына үңілсек, Ораза айт мейрамы 624-жылдан бері аталып өтіп келеді деген дерек бар. Айт сөзі оразаның “қарымтасы” берілетін күн деп те айтылады. Яғни, ораза айт – отыз күн бойы Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен мұсылманның қуанышқа бөленетін күні. Анас (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте: “Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Бұл қандай күндер?”, – деп сұрағанда: “Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк”, – дедi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды”, – дедi.
Ораза айт қазақ даласында қалай тойланады?
Ислам дінін ықыласпен қабылдаған қазақ халқы мұсылман баласына тән амалдарды салт-дәстүріне сіңірген. Сонау хандық кезеңінде ислам дінін ұстанған түркі тайпалары Қазақ хандығына мүшелікке өтті. Ал ислам дінін қабылдамаған тайпалар “қазақ” бола алған жоқ деген деректер де кездеседі. “Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар”, – деген халық даналығынан қазақ жерінде айт мейрамының ерте замандардан бері тойланып келе жатқанын аңғаруға болады. Тарихи құжаттарға зер салсақ, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Бұған 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының “Мұсылмандар мерекесі” туралы қабылдаған шешімі негіз болған. Оған Cейітқали Меңдешев төрағалық жасады, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан Төралқа мәжілісіне қатысқан деген мәлімет бар. Алайда сол кезеңдегі солақай саясаттың салдарынан 1926 жылдан бастап бұл шешім күшін жойған. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ елінде мұсылмандық дәстүрлер қайта жаңғыра бастады. Мешіттердің іші құлшылығын орындаған жамағатқа толды, ал айт мейрамын ерекше тойлайтын қазақ жұртының ақ дастарқанынан молшылықтың, береке мен бірліктің көрінісін көруге болады.
Ораза айтта қандай амалдар жасау керек?
Айт намазын оқу.
Айт күні ең бірінші орындалуға тиіс уәжіп амал болып саналады. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде бірде-бір рет айт намазын қалдырмай оқығаны жайлы хадистер келтірілген. Намазға барарда құрма жеп шығу. Намазға барардың алдында құрма жеу сүннет амалға жатады. Бұл оразаның аяқталып, айт мерекесінің басталғанын білдіреді. Ғұсыл құйыну, жаңа киім кию, әтірлену. Тазалық – иманның жартысы. Ғалымдар айт күнінде хош иіс сеуіп, жаңа киім киген абзал екенін айтқан. Алайда ер адамдарға жібек матадан тігілген киім киюге болмайтынын ескерткен. Адамдарды қуанту. Қазақ халқында айттық сұрау дәстүрі бар. Сондықтан да айт мейрамымен құттықтап, айттық сұраған адамды құр қол қайтармайды. Мұсылман бауырларын айт мерекесімен құттықтау. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күніне қатысты: “Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер” – деген. Құранды жүргізіп оқып отырған адамның қолы.
Айт күндері мұсылман бауырының жағдайын сұрап, зиярат ету, қуанту адам баласын сауапқа кенелтетін іс боп саналады. Бұған хадисті мысал етуге болады. “Бірде бір адам айт күні көрші ауылдағы досын зиярат етуге жолға шығады. Жолда оған Алла періште жіберіп, ол адамнан: “Қайда бара жатырсың?”- деп сұрайды. Ол: “Бұл ауылда бір бауырым бар еді, соған бет алдым”. Періште: “Бір шаруаң бар ма еді ол адамда”. Ол: “Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көрем сол үшін” – дейді. Сол кезде періште: “Алла мені саған жіберді, сен ол адамды жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрді”,- деген. Ораза айт – мұсылмандардың құлшылық ететін әрі қуанатын ұлық мейрамы. Себебі бұл күні адамдар жақындарына сыйлық береді, жетімнің маңдайынан сипап, мұқтаж жандарға көмек қолын созады, жақсы істер жасап, бір-бірін қуантады. Адамзат баласының рухани әлемін байытатын, жүрегін мейірімге толтыратын айт мерекесінің ерекшелігі де осы болса керек.