Үстінде шапан, қолында домбыра: Өскемендік волонтер өзге ұлттарға қазақ тілін тегін үйретіп жүр

0
27
Фото: кейіпкердің мұрағатынан

 – Өскемендік ақын Аян Қалымбек өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі мен домбыраны тегін үйретіп жүр. О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың «Кел сөйлесейік» клубына келушілер оның сабағын асыға күтеді. Үнемі үстінен ұлттық киімді, қолынан ұлттық аспапты тастамайтын Аян бізге сұхбат берді.

– Өзге ұлт өкілдеріне волонтер ретінде қазақ тілін үйретіп жүргеніңізге қанша уақыт болды ?

– Өткен жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желіден қаладағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың «Кел сөйлесейік» клубына еріктілер іздеп жатқаны жайлы оқып қалдым. Кітапхананың 14 филиалында болатын сабақтарға волонтерлер қажет екен. Ойланбастан жазылдым. «Бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік, мемлекеттік тілді насихаттайық» деп құр сөзбен айта бермей нақты іспен дәлелдегім келді. Жұмыстан бос уақытта сенбі күні аптасына бір рет баратын болып келістім. Тек өзім емес, ниеттес, пікірлес адамдар жиналған «Eastiler» ұйымының мүшелері бардық. Содан бері тіл үйретіп келеміз. Өзімнің негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сондықтан маған қиын болған жоқ. Сабаққа көбінесе зейнеткерлер келеді екен. Олардың біраз жасқа келгеніне қарамастан қазақ тілін меңгеруге деген талпынысы көңіл сүйсінтеді. Сөздерді жаттатқызып, күнделікті тұрмыстық диалогтарға баулимыз. Ең әуелі «Нан қанша теңге тұрады?», «Аялдама қай жерде?» деген сияқты қажетті сөздерге үйреттік. Атау мен ілік септікті, жіктік, тәуелдік жалғауды түсіндірдік. Уақыт өткен сайын келушілердің қызығушылығы артуда десем артық айтқандық болмас. Қазір араларында тіпті қазақша мақалдататындар да бар.

– Осы клубта домбыра да үйретіп жүр екенсіз. 

– Иә. Ол былай болды. Бірде домбыра шертетінімді білген кітапхана қызметкерлері «Сабаққа домбыраңды ала келсең» деп сұрады. Сөйтсем, тіл үйреніп жүрген апалардың мектепке баратын немерелері домбыраға қатты қызығады екен. Үйренгілері келетіндігін айтыпты. Қуана келістім. Сағат 11.00-де басталатын сабаққа бір сағат ертерек келіп, оқушыларды ұлттық аспабымызға баули бастадым. Домбыра сабағынан соң апалары мен немерелеріне қазақ тілін үйретеміз.

– Өзіңіз қайда жүрсеңіз де үстіңізден ұлттық киімді тастамайсыз. Бұның себебі неде? Өзгелерге ұлттық киімді насихаттау ма, әлде сізге ұлттық киіммен жүрген шабыт сыйлай ма ?

– 2016 жылы ауылға барғанымда апамның сандығынан құдалыққа киілген сан түрлі түсті шапандарды байқадым. Қызығып, киіп көріп едім шешкім келмей кетті. Сонда неге үнемі киіп жүрмеске деген ой келді. Ол кезде қазіргідей ұлттық киім брэндтері шықпаған. Каникул біткен соң күзде қалаға қайтқанда шапандарды ала келдім. Жеңі ұзын, ескі шапанды киіп көшеде алшаң басып жүремін. Бәрі сұқтанып қарайды. Біртүрлі сезімде болдым. Ұялғандаймын, бір жағынан намыстанғандаймын. Бір айдан соң етім үйреніп кетті. Жел соғып, шапанның етегі желбіреген сайын өзіме күш, шабыт алатындай сезінетінмін.

Содан соң жеті күнге 7 шапан алып, оларды ательеге апарып жеңі мен етегін қысқарттым. Студент болған соң үнемі жаяу, автобуспен жүреміз ғой. Көшеде бәрі маған таңырқап қарап жатты, араларында видеоға түсіріп әлеуметтік желіге салғандар да болды. Оқуды аяқтап жұмыс істеген соң шапанның сапалысын ала бастадым, арнайылап та тіктірдім. Ал қазір ұлттық киім трендке айналды десек те болады. Неше түрлісі жарыққа шығып, оны киетіндер көбейіп келеді. Өзімнің соны облыста бірінші болып бастағаныма қуанамын. 100 адамның 10-ына болсын әсер етсем мен үшін зор мәртебе.

– Қазақ тілінде өтетін «Etno quiz» интеллектуалдық сайысын ұйымдастырып келесіз. Халықтың қызығушылығы қандай ?

– Облыс бойынша қазақша quiz өткізуді алғаш 2020 жылы журналист Дарын Нұрсапар қолға алған. Соған үнемі барып, қатысып жүретінбіз. Ондағы сұрақтарда шектеу жоқ. Жапонияның самурайлары, неміс халқының дәстүрі деген сияқты әлемнің кез келген бұрышынан сұрақтар қойыла береді. Сөйтіп жүргенде неге тек өз ұлтымыз туралы сұрақтар қойылатын этно quiz ұйымдастырмасқа деген ой сап ете қалды. Өзіміз ашқан «Eastiler» ұйымындағы қыз-жігіттермен ақылдасып, сол ойды іске асырдық. Биылғы қаңтар айынан бастап өткізіп келеміз. Айына бір рет болады. Сұраныс өте жоғары. Тұрақты командаларымыз көп. Бүгінгі жастар той-томалақтан гөрі білімге бет бұрып келе жатқан секілді. Дарын аға бұған қуанбаса ренжіген жоқ. Себебі осындай сайыстардың көбейгені қазақша аудиторияны арттырып, тілдің насихатталуына сөзсіз әсер етеді.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ