Отбасы – бақыт ұясы

0
314

Биыл Сыр өңірінде Халықаралық отбасы күніне орай 25 іс-шара өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов баяндады.

– Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасады. Сондықтан атаулы мереке аясында арнайы бекітілген іс-шаралардан бөлек, қала және аудандардағы үлгілі отбасы мүшелерімен мектеп пен колледждерде танымдық кездесулер өтеді. Өздеріңізге белгілі, елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз беріліп келеді. Ана мен баланы қорғауға және оларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын көбеюде. Аймақта 16751 «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген аналар мен 34 мыңға жуық көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға  мемлекеттен  қажетті көмек беріліп келеді, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы.

Бұдан бөлек, дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына құжат қабылдау басталды. Қазақстандық отбасының жағымды имиджі мен ұлттық тәрбиені насихаттайтын байқау үш кезеңнен тұрады. Конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін керекті құжаттарды қалалық және аудандық қоғамдық даму бөлімдеріне тапсыру қажет. Бұл кезеңнің жеңімпаздары облыстық кезеңге, облыста үздік деп танылған отбасы республикалық байқауға жолдама алады. Осы байқауға үміткер боламын деген отбасының құжаттары 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданады. Сонымен қатар, қатысушылар отбасылық дәстүрлерімен, тарихи сәттерімен, қызықты оқиғаларымен әлеуметтік желіде #Мерейліотбасы, #МерейліотбасыKZO2023 хэштегтерін пайдалана отырып бөлісе алады.

Атап айтарлығы, 2014 жылы бастау алған бұл байқауға осы уақытқа дейін Сыр өңірінен 1900-ге жуық жанұя қатысқан. Олардың қатарында еңбек адамдары, ұстаздар қауымы, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен мәдениет пен өнер адамдарының отбасылары бар.

– 2021 жылдан бастап әрбір өңірлік деңгейдегі іріктеу кезеңінің жеңімпаздары «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атануда. Байқағанымыз, жыл санап қатысушылар саны артып келеді. Бұл – көңіл қуантарлық жайт. Мәселен, былтырдың өзінде байқауға өңірде 178 отбасы бақ сынады. Биыл да тағылымы талайға тәрбие болар отбасылар бақ сынап, отбасылық, рухани құндылықтарымызды жаңғыртады деп ойлаймын, – деді аппарат басшысы.

Айтпақшы, мереке аясында конкурста жеңімпаз атанған және өзге де үлгілі отбасылардың мүшелерімен қала және аудандарда кездесулер мен танымдық шаралар өтпек.

Жалпы бұл мереке «Отбасы – шаңырақ шуағы» атты мерекелік концертпен бастау алады. Мұнан соң мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық және спорттық шаралар жалғасын таппақ. Атап айтсақ, «Әкем, Анам және мен» отбасылық эстафеталық сайысы, «Отбасы – ұлт тірегі» тақырыбында жас отбасылар арасында облыстық форум, «Менің отбасым» суреттер байқауы, «Отбасы – бақыт мекені» спорттық шарасы, «Зияткер отбасы» жас отбасылар арасындағы интеллектуалды сайыс, «Өнерлі отбасы» атты кездесу, «Мерейлі отбасы» бағдарламасы аясында Әуезовтер отбасылық ансамблінің 45 жылдығына орай «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың» атты республикалық отбасылық ансамбльдер байқауы, «Бақытты ел – бақытты отбасы» өнер фестивалі және басқа да кешенді шаралар ұйымдастырылады.

Ақтілек БІТІМБАЙ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ