Отбасы – отан діңгегі

0
290

Бұрыннан бері жиі айтылып келе жатқан “Отан отбасынан басталады” деген сөздің маңызы уақыт сайын артып келеді. Шынында мемлекеттің өзі отбасы типінде құрылатыны жасырын емес. Кез келген қоғамның дамуы әлеуметтік фактордан бөлек, отбасы құндылықтары арқылы өрбиді. Сондықтан елдің бұл құндылыққа ерекше назар салғаны абзал.

Қарапайым тілмен айтқанда отбасыны шаңырақ деп атап жатамыз. Міне, осы шаңырақ адамды бала кезінен қоғамға сіңісуге, маман болып қалыптасуына, әрісі жақсылық етуге үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы саналады. Ал отбасылық дағдарыс өршіген қоғамды қылмыстың көбеюі сияқты себептермен салыстырып қарасақ болады. Бұндайда тәрбие жайы тағы алға шығады. Бұл күндері адамның рухани құлдырауын адамгершілікке шөлеркеумен түсірдірсек болғандай. Сондықтан отбасы құндылығын мәңгілік жалпы адамзаттық құндылықтармен түсіндіреміз. Ол ақиқат, сүйіспеншілік, ішкі тыныштық, қиянат жасамау арқылы көрініс береді. Бір-бірін сүйіп қосылған екі адамның отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі осыған негізделсе игі.
Дегенмен әрбір отбасының өзгеге ұқсамайтын өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан, болмаса жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Осы жерде отбасы құндылықтарын бірнеше түрге бөліп қараймыз. Біріншісі дәстүрлі, екіншісі қазіргі, соңғысы, тәрбиелі құндылықтар деп аталады.
Адамдар отбасылық құндылықтар дегенді естігенде ең әуелі бір-бірімен ортақ тіл табысуды ойлайды. Алайда дәстүрлі отбасылық құндылықтар әртүрлі болмақ, соған байланысты адамдар осы тақырыпта келісімге келе алмайды. Мысалы, дәстүрлі отбасылық құндылықтар қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері арқылы қалыптасады. Оның қажеттілігін қазіргідей жас отбасылардың ажырасу статистикасы өскенде көріп отырмыз. Дәстүрлі отбасылық құндылық шаңырақта діни сенімді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, балаларды тәрбиелеу арқылы көрініс береді.

Ендігі сауал, қазақ қоғамына осы құндылықтардың қайсысы сай? Біздің ойымызша, үш құндылықтың да артық және кем тұстары бар. Оны әр отбасы өзі іріктейді. Соған қарамастан бұларды қоғамға жіктеп түсіндірудің қажеттілігі жоқ емес. Дәстүрлі құндылықтар тұрақтылықты, қазіргісі заман көшінен қалмауды дәріптесе, тәрбиелісі сыйластықты ту етеді. Асылы, отбасы құндылығы құнсыз дүниелердің астарында қалмаса болғаны.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ