Сенаторлар елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға арналған заңды мақұлдады

0
77

фото:Н.Байбулин

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Үкіметтері арасында оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.Бұл туралы Сенаттың Баспасөз қызметі мәлім етті.

«Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң кедендік операциялар процесін жеделдетуге және тиісті рәсімдер құжаттарының санын қысқартуға арналған. Сондай-ақ құжат сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы өзара экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етпек.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Бүгін қаралған заң осы мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасында жеңілдетілген кедендік бақылау орнату үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Мақұлданған заң жүктерді тасымалдау көлемін арттырып, тараптар арасында сауда-экономикалық белсенділіктің өсуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Нұрлан Бекназаров сот сарапшыларының әлеуметтік мәртебесін көтеру туралы ұсыныс жасап, осы саладағы кадрлар тапшылығына қатысты проблемаларға тоқталды. Сондай-ақ ол сот сараптамасы орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет екенін атап өтті.

Нұртөре Жүсіп елімізде демографиялық саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның болмауына алаңдаушылық білдірді. Сенатордың айтуынша, осыған байланысты халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон сияқты демографиялық сын-қатерлерді еңсеру жолындағы жұмыстар уақтылы жүргізілмей келеді.

Андрей Лукин Үкіметті әскери қызметшілерге арналған әлеуметтік жеңілдіктерді қайтаруға және олардың мәртебесін көтеруге шақырды. Ол үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Сүйіндік Алдашев цифрландыру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың тиімсіздігіне назар аударды. Депутат цифрландыру бойынша жаңа бағдарламаларды іске асыру кезінде бұрын жіберілген қателіктерді талдап, одан сабақ алу керек екенін айтты.

Сергей Карплюк Ақмола облысындағы нәтижесіз бастамаларды назарға алып, елімізде туристік саланың инвестициялық тартымдылығы төмен екенін айтты. Осыған байланысты ол заңнамалық өзгерістер ұсынып, мәселені шешу жолдарын атап көрсетті.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз