Сотталушы кінәсін мойындады

0
251
Фото: видеодан скриншот

Алматы облысында 8 жасар қызды ұрлаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 6 маусымда сағат 06:00 шамасында ер адам алкогольдік масаң күйде Қарғалы ауылына қарай көлік тоқтатып тұрған кәмелетке толмаған қыз баланы көріп, алдап сөзге тартып, өзімен бірге Ұзынағаш ауылына алып кеткен. Бірнеше қонақ үйге тоқтамақ болған, алайда қонақ үй әкімшілері сотталушының масаң күйде болғанын көріп, қабылдаудан бас тартқан. Содан сотталушы қыз баланы өзімен бірге ертіп, Қарасай ауданында орналасқан үйдің сыртындағы «Монша» атты жазуды көріп, сол үйде ұйықтап алу мүмкіндігі бар деп ойлап, ауласына алып кірген. Сол уақытта аулаға шыққан үйдің иесін көрген қыз бала ер адамның қолынан сытылып шығып, аталған азаматтың өзін алдап ұрлап кеткені туралы айтқан. Үй иесі бірден ұялы телефонының видеокамерасына түсіре бастаған. Бұл әрекеттерді көрген сотталушы өзінің қылмыстық әрекеттерінің іске аспайтынын түсініп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Сотталушы кінәсін мойындап, жасөспірім қызға қатысты теріс ойы болмағанын айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Жәбірленушінің анасы сотталушыны кешірмейтінін айтып, қатаң жаза тағайындауды сұраған.

Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, куәгерлермен, жәбірленушінің жауаптарымен және басқа объективті дәлелдемелермен дәлелденіп, расталды.

Жамбыл аудандық соты ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында ер адамның оқушы қызды ұрлап, ауылға алып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ