Студенттерді лицензиясыз оқытқан колледжер анықталды

0
165

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінде айтылды.

Комитет ұсынған деректерге сәйкес, биыл еліміздің 520 колледжі мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Бақылау іс-шаралары басталар алдында олардың әрқайсысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Мемлекеттік аттестаттауды өткізу лицензиясыз білім беру қызметімен айналысатын колледждерді анықтауға ықпал етті. Бұл – Қостанай облысының Денисов кәсіптік-техникалық колледжі, Қарағанды облысының А.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі, Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі», деп нақтылады комитет төрағасы Ернұр Дауенов.

Сонымен қатар 315 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 198-і аттестаттаудан өтпеген. Олардың негізгілері Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Жетісу облыстарында орналасқан.

Аттестаттаудан өтпеудің негізгі себептері – ТжКБ ұйымдары әзірлейтін білім беру бағдарламаларының, оқытушылардың сапалы құрамының МЖМБС талаптарына сәйкес келмеуі.

Бұдан басқа, өндірістік оқытуды жоспарлау мен өткізудегі, оқыту нәтижелерінің жетістіктерін бағалаудағы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін жеке оқу бағдарламалары мен жоспарларын дайындаудағы бұзушылықтар анықталды.

Бұл ретте Астана және Алматы қалаларының, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарының колледждері жақсы нәтиже көрсетіп отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз