Эйнштейннің миы қайда?

0
200

1955 жылы ғалым Альберт Эйнштейн қайтыс болғаннан кейін оның миы алынып, 240 бөлікке бөл­шек­теліп, бүкіл әлем ғалымдарына бір-бір­ден таратылды. Сол Эйнштейннің миы қазір қайда?

Сол жылы 18 сәуірде Аль­берт Эйнштейн Нью-Джер­си штатының Плейнсборо қаласындағы Принстон уни­вер­ситетінің медициналық орталығында 76 жасында науқас­тан қайтыс болды. Оның тілегі­мен аты аңызға айналған физиктің сүйегі өртеліп, күлі белгісіз жерге шашылды. Тек миы ғана сақталып қалды.

Оның мәйітін қа­да­ғалаған Принс­тон ауруханасының патологі Томас Стольц Харви есімді кісі еді. Ол ғалымның миын бас сүйегінен алып тастап, оны 240 бөлікке бөліп, оның көпшілігін 40 жылдан астам уақыт бойы ыждағатпен сақтап, өзінің же­ке меншігіне қалдырады. Қа­­зір сол бөліктердің 170-і Принстон университетінің ме­ди­циналық орталығына қай­та­рылды, аталған орында ға­лым­­ның ми бөлшектері кім көрін­геннің қолы жете бермей­тін жерде құлыптаулы тұр. Филадельфиядағы Мют­тер медициналық тарих мұра­жайын­да Эйнштейннің ми тінінің тағы 46 жұқа тілімі құнды жәдігер ретінде сақталған. Қалған бөлшектердің қайда екені әлі белгісіз.

Тарихтағы әйгілі ғалым миының бөліктері неге табылмай жатыр? Бұның жауабы Томас Харви және басқа­лардың Эйнштейннің миында физикалық ерекше құбылыстың бар екені әрі миға дұрыс ғылы­ми талдау жасау оның даныш­пандығын тағы бір мәрте дәлелдей алады деген көзқараста болып отыр.

Эйнштейннің миын бөл­геннен кейін Харви олардың кейбірін 200 ультра жұқа тіннің 12 жиынтығына сәйкестіре кесуді қадағалайды, бөліктердің әрқайсысы адам шашы енінің жартысынан аспайды. Сонымен бірге олар аталған ғылыми жұмыс алдында аңызға айналған мидың толық фотосуреттерін әр қырынан түсіреді.

Эйнштейннің отбасының рұқ­сатынсыз Томас Харви физиктің ми қыртыстары туралы арнаулы слайдтар жасап, оларды мидың жасырын құпияларын аша алады деп үміттенген есім-сойлары әлі белгісіз зерттеушілерге жіберген. Харви осы үлгілердің көпшілігін АҚШ пен Канаданың кей өңірлеріне өзі жеткізіп берген, сонымен бірге Эйнштейн миының қалған бөлігін өз көлі­гіндегі картон қорапқа салынған құтыда сақтайды. Бұл туралы Science басылымы ашық жазады.

Бір дәуірдің данышпанының миын әрі-бері тасымалдаудан титықтаған Харви қалған бөлік­терді үйіндегі бірнеше құты­ға ауыстырады. Ол үлгілерді қызығушылық танытқан зерт­теушілермен бөлісуді жалғас­тырса да, Харви Эйнштейннің миының негізгі бөлігін 1998 жылға дейін өз үйінде сақта­ды. Ол арада аттай желіп 43 жыл өткен соң, Принстон университетінің медициналық орталығына ғалымның ми қал­­дықтарын қайтарды. Егер ғалымдар медициналық орта­лық­­қа аталған миды зерттеу жө­нін­де қызықты ұсыныс жаса­са ғана, Эйнштейннің миын жақын­нан көруге рұқсат етіледі.

Харвидің Эйнштейн миының құпиясын ашуға деген талпынысынан нәтиже шықты ма деген сұрақ әлемді кезгелі қашан? Әрине, нәтиже жоқ емес, бар. Харви өзге ғалымдарға жіберген фотосуреттер мен үлгілер туралы бірнеше зерттеу жарыққа шықты, олар­дың алғашқысы 1985 жылы жарияланды. Бұл зерттеулер қарапайым адамдардың миы­ның бақылау топтарымен салыстырғанда, Эйнштейннің ми құрылымында шамалы айырмашылықтар бар екенін дәлелдеді. Әсіресе Эйнштейннің маңдай бөлігіндегі қосымша ойық, атап айтқанда мидың жұ­мыс жадымен және жос­парлаумен байла­нысты бөлігі белгілі бір аймақтардағы нейрондардың ақпаратты жылдам өңдеуге мүмкіндік бере алатынын ұғындырды.

Осыдан кейін Томас Хар­виден ұлы физиктің кесілген ми бөліктерін тапсырып алған зерттеушілер алған заттарын кері қайтарды. Дегенмен Харви жіберген слайдтардың бір бөлігі әлі күнге дейін қал­пына келтірілмеді. Бұл жағдай «Эйнштейннің ми бөліктері қайда?» деген сұрақты бар­ған сайын қиындата түсті. Ғалым­ миының негізгі бөлігі данышпан физик қайтыс болған Принстонда қалғанымен, қалған бөліктері тектен-текке жоғалып кетті. Мүмкін оны осы салаға қызығатын ғалымдар көзінің қарашы­ғындай сақтап отырған шығар, ақиқат түбі бір күні ашылары даусыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ