Тәркіленген қаржы мектеп құрылысына жұмсалды

0
185

Мұғалжар ауданының Құмжарған ауылында алты жылдан бері құры­лысы аяқталмай тұрған мектептің ашылу рәсімі өтті. Мектеп құрылысына «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясы бұрынғы басшылығынан тергеу арқылы өндірілген 196 млн теңге қаржы жұмсалды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқор шенеуніктерден тәр­кіленген қаржыны мектеп құрылысына бағыттау жөніндегі тап­сыр­масы аясында Ақтөбе облысында іске асқан алғашқы іс-шара.

Өңірдегі «сақалды құры­лыс­тар­дың» бірі – Құмжарған мектебі 2017 жылы басталып, 2019 жыл­дың бірінші жартысында пайда­лануға берілуге тиіс еді. Әуелде мем­ле­кеттік сатып алу рәсімі бойын­ша анықталған бас мердігер – «Сау­ран Инжиниринг» ЖШС. Мек­теп құрылысына жергілікті бюджеттен 294 млн 857 мың теңге бөл­ін­ді. Алайда 2020 жыл­дың 16 қара­ша­сындағы Ақтөбе қалалық соты­ның шешіміне сәй­кес аталған мердігер жосық­сыз жеткізуші деп танылды. Осы­лайша, мек­тептің жыры алты жылға созылды. Мердігер тұрақтамай, суб­мер­ді­гердің бірі келіп, бірі кетті. Құры­лыс материалдарының күрт қым­бат­тауы білім ошағының дер кезінде аяқталмауының тағы бір себебіне айналды.

Биыл ақпанның алғашқы күні балалары 1979 жылы салын­ған ескі мектептен жаңа ғимаратқа көшкенде ауыл тұрғындары ерекше қуанып, салтанатты ашылу рәсіміне бірі қалмай келді. Елдің қуанышына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет де­партаменті басшы­сының міндетін атқарушы Есқали Сала­матов ортақтасты.

– Мемлекет басшысы жаңа мерзімдегі бірінші Жар­лығында ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше назар аударды. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2022 жылдың соңында Ақтөбе облысы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Ең бірінші кезекте жұмыссыз, әлеуметтік осал топтағы аза­маттардың кәсіптерін ұйым­дастырып, тауарлы, қар­жылай несие алуына 6 млрд теңгеден астам қаражат бө­лінді. Мұнымен бірге ауыл­дағы шағын жинақты мектеп оқушыларының білім сапасын көтеру мақсатында «БілімALL» жобасын бас­тадық. 10 мың ауыл баласына Ақтөбе қаласының үздік мұғалімдері математика, фи­зика, химия, биология, ағыл­шын тілі пәні бойынша онлайн дәрістер өткізеді. «БілімALL» жобасына Құм­жарған негізгі мектебінің 50 оқушысы қосылды, – деді Ералы Тоғжанов мектептің ашылу рәсімінде.

Есімі белгісіз жемқордан Құм­жарған мектебіне қаржы өндіріп берген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өңірдегі бірнеше күрделі мәселені анықтапты.

– Білім беру ұйымдарының қыз­метіне байланысты тұр­ғындар арасында сауална­ма өткізіп, жалпы мониторинг жүргіздік. Оның қоры­тындысы бойынша халықтың ренішін туғызатын және өңір­дің әлеуметтік дамуына кері әсер ететін бірнеше себеп анықталды. Дер кезін­де аяқталмай жатқан мектеп құрылыстары да біз анық­таған артқа тартушы фактор­лардың бірі. Жергілікті атқа­рушылық билік пен сы­бай­лас жемқорлыққа қар­сы қызметтің бірлескен шешім­дері нәтижесінде Құмжарған мектебінің құрылысы аяқтал­ды, – деді Е.Са­ламатов.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Ақтөбе облысының мектеп­терінде 17 мың 844 оқушы­ға орын тапшылығы байқалады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ