Талдықорған полициясының бастығы кабинетінде қыз зорлағаны үшін 11 жылға сотталды

0
122
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 – Талдықорған қалалық соты Марат Күштібаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Күштібаевқа қатысты қылмыстық іс қызметтік міндеттерін атқару кезінде жәбірленушіге күш қолданып зорлау фактісі бойынша (ҚК 120-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы) қаралды.

Айыптау актісіне сәйкес, 2023 жылдың 12 қарашасында К. Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы бола тұра полиция бөлімінің ғимаратында, атап айтқанда, өз кабинетінде зорлау, яғни жәбірленушіге күш көрсету арқылы жыныстық қатынасқа түскен.

«Сот үкімімен Күштібаев Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігінің 5 тармағымен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес ол полиция полковнигі арнаулы атағынан айырылды» деп хабарлады Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін прокурор соттан оны 12 жылға бас бостандығына айыруды сұраған еді.

Еске салайық, былтыр қарашада Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев қыз зорлады деген күдікпен ұсталған болатын.

Мәліметке сенсек, қылмыс оның кабинетінде болған.

Ақпан айының соңында Марат Күштібаевқа қатысты сот отырысы басталған еді.

Процесс жабық режимде өтті.

Наурыз айында Марат Күштібаевтың денсаулығы сыр беріп, сот залынан ауруханаға алып кетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз