«Тимур Құлыбаевтың құда-жекжаты өріп жүр». Депутат ұлттық олимпиада комитетінің жұмысын сынады

0
90
Ермұрат Бапи, фото: parlam.kz
Депутаттық сауал ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолданды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің жұмысын сынға алып, онда Тимур Құлыбаевтың туыстары мен таныстары өріп жүргені айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолданды.

«Қазақстан ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне миллиардер Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктеріміз құлдырай бастады. Мысалы, соңғы рет Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарында спортшыларымыз бірде-бір алтын немесе күміс медаль алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Ал медальдық есепте Қазақстан 83 орынға бір-ақ түсті!

1994 жылдан 2014 жылға дейінгі Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4-ші, 5-ші орын алып келген еді. 2018 жылы біз 9-орынға, ал 2023 жылы 11-орынға түстік.

Шамамен Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін. Бұл тәуелсіз ел ретінде Қазақстан қатысатын сегізінші олимпиада ойындары болмақ», – деді Ермұрат Бапи.

Депутаттың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алған. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойынында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспеген.

Депутат елімізде футбол біршама қарқынды дамып келеді деген пікірде.

Президенттің өзі ұлттық құрама ойынына қолдау көрсету үшін, соңғы кездері футболға арнайы барып жүр, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар Ермұрат Бапи ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысын сынға алды.

«Миллардер Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығына кілең «ескі Қазақстанның» өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх достары өріп жүр.

Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастан аспауы керек деген шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелерінің ішінен бұл межеден асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар.

Ұлттық олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жете алады? Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаны бақылайды. Оның ішінде: АЛМЭКС холдинг тобы, «Каспий Мұнай» және Retro Retail мұнай компаниялары бар.

Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсін?!», – деді депутат.

Ермұрат Бапидің пікірінше, ұлттық олимпиада комитетінің жұмысында әлі реформа жүріп жатқан жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет ұлттық Олимпиада комитеті мен федерациялар арасында тиісті үйлестірудің жоқтығын атап өтті. Тиімді қарым-қатынастың, өзара көмектің болмауы теріс нәтижеге, жеңіліске алып келеді. Париж олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуге тиіс! Ұлттық олимпиада комитетіне түбегейлі өзгерістер керек, – деді Ермұрат Бапи.

Депутат бұл мәселеге қатысты бірнеше ұсынысын айтты:

  • Париж олимпиадасы алдындағы лицензиялық спорт турнирлеріне бай-бағыландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар – патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет.
  • Спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою керек.
  • Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамына ревизия жасап, оларды тек жас, жаңа Қазақстан өкілдерімен жасақтау керек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ