Өткен жыл сыйлаған «өнегелер»

0
208

Соңғы жылдары қазақ тілінде шыққан кітаптар саны көбейді. Сапасы да артты. Жаңа бағытта, жаңа жанрда жазатын авторлар қатары да аз емес. Оқырмандарға түрлі тақырыптағы, заманауи шығармалар көптеп ұсынылды. Алайда туындылардың таралымы аз, жарық көргендері кең оқырманға қолжетімді деп айта алмайсың. Аз таралымды дүние мегаполистердегі дүкендерде ғана саудаланады. Аудан, ауыл тұрғындары үшін жетпей қалады.

Кітаптар жоқ емес, коучтардың түрлі дү­ниені үйреткендері, тағы бір авторлардың тез байып кету және қаржы табу жолдары, психо­логиялық тұрақтылыққа жету амалдары дегендей көптеген сәнге айналған тақырыптағы отандық баспа өнімі сөреден табасыз. Орысшасы көп екені сөзсіз, қазақшасы аз бол­са да кездесіп тұрады. Сұраныс бар екені анық. Өйткені біз көрген кітаптар сату барысында көп өтетін, хит туындылар қатарында деп жарнамаланады. Алайда әдеби шығарма іздеген жанға проза, поэзия туындысы, білім іздеген адамға тарихи, саяси кітаптар әлі де аз, бар болса тек орыстілді баспа өнімі. Кейін жаңа­дан шыққан біраз кітапты ғаламтордан іздеп, қарастырғанымызда олардың көбінің мемлекет тапсырысымен жарық көргені, таралымы бар-жоғы 1 мың данадан аспайтыны белгілі болды. Осыншама аз кітаптың респуб­ликадағы кітапханаларға бірер данасы ғана жетіп, кітап дүкені желісінде сатылғанның өзінде тез таусылып қалады.

Сосын баспаханаға тиесілі дүкені мен интернет дүкендеріне тапсырыс беріп іздеуіне тура келеді. Яғни кітап дүкенінен барып, қолыңа ұстап парақтап тұрып сатып алатын оқырманға ыңғайсыз. Ал ауылдағы, аудан орталығындағы оқырман сұранысы туралы айтпай-ақ қоялық.

Шығармашылық өкілдері елімізде соңғы жылдары әдеби байқаулар қатары көбейгенін жақсы жаңалыққа балайды. Оның ішінде прозаға бағытталған аталымдар саны артып, оқырманның көңілінен шығатын, баспа нарығы мен кітап саудасының көрігін қыздырар еңбектерге назар аударыла бастады.

Барыс жылы сегізінші рет «Алтын тобылғы» республикалық байқауы өткізілді. Әдебиет бәйгесінде «Жылдың үздік прозасы» – Абай Аймағамбетовтің «Бес күнді күту» шығармасы, «Жылдың үздік киносценарийі» – Мырза Бейбітұлының «Айғасар» сценарийі, «Жылдың үздік поэзиясы» – Нұржан Байтұсовтың «Ауыл суреттері» өлеңдер жинағы, «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» – Нұрбек Кеңесбайдың «Сары емшінің баласы» атанды.

Сонымен қатар барыс жылынан бастап «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы беріле бастады. Аталмыш әдебиет бәйгесінде «Үздік проза» номинациясы бойынша Айгүл Кемелбаеваның «Тырнақ» әңгімесі жеңімпаз атанды. «Үздік поэзия» Батырхан Сәрсенханның «Жұмбақ арал» поэмасы; «Үздік аударма» номинациясы Стефан Цвейгтің «Амок», Кенжебай Ахметовтің «Бақилық ағаның көз жасы» новеллалары. Бекен Ыбырайымның «Іздер құпиясы» детектив романы «Үздік балалар әдебиеті» номинациясынжа жүлде иеленді.

Жазушы Дидар Амантай «қазіргі қаламгер жастарға қарап олардың, жазған шығармаларына қарап жақсы бір толқынның келе жатқанын байқаймын» деген пікір білдірді. «Оның ішінде бәрінің де айтары бар, жазғандары маңызды, тақырып аясы тар емес. Олардың шығармашылық тақырыптары да тәуелсіз еліміз секілді еркін. Қазір көп көп айтылып жүрген ағымдардың белгісін байқаймыз. Ол ағымдардың ішінде қазаққа келетіні және келмейтіні бар. Бірақ жаңа әдеби әдістермен қатар, прозалық ағымдарға жататын ойлары көздеген тақырыптарын жаңа ағымдарға тиесілі дүниелерді алып қаламыз. Бұл жастар – біз көрген, біз білетін – жастардан өзгерек. Біздің өзіміз тарихи тұлғаларға айналып барамыз. Қазіргі әдебиет жастардың қолында, тағдырын жас жазушылар шешеді. Шетінен – жасампаз, ізденімпаз, білімпаз. Оза шауып отырады. Бәріне бірдей ортақ қасиет – ешқайсысы да анық емес, жабық шығарма авторлары. Ашық шығарма – өзін-өзі өлтірумен тең. Сонымен қатар, тегіс талапшыл, пәлсапашыл, еркін әрі тың. Екінші бір байқағаным – реалистік методты тәрк еткендері», – дейді Дидар Амантай.

Жазушының айтуынша, қазір елімізде прозаға байланысты көптеген бәйгелер ұйымдастырылып, қолдаушылар қатары артқан. Бұрын поэзияға көп көңіл бөлініп келді.

Сонымен қатар, пандемия кезінде кідіріп қалған өндіріс саласындағы іркіліс өнімнің қымбаттауына әкелді. Бұл баспа саласына да әсер етті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше бір жылда елімізде кітаптар бағасы 16,5 пайызға өскен. Кітап бағасы Ақмола мен Түркістан облысында 40 пайыздан асып кеткен. Астана мен 38,3%, Қостанай облысы 28,9% және Атырау облысы 24,9%. Баға тек Маңғыстау облысында ғана өзгеріссіз қалды.

 

Руслан Ақмағанбет – «Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында»

Жыл соңында Руслан Ақмағанбеттің «Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында» кітабы шықты. Бақытжан Бұқарбайдың жетекшілігімен жарық көрген кітап AmalBooks баспасы басып шығарды. Тарылымы 1 мың дана.

Алаш демократиясы

Бұл еңбекте алаш арыстарының либералды-демократиялық көзқарастыра мен идеялары барынша жан-жақты атлданып, жатық тілде түсінікті жеткізілген. Көзі қарақты оқырман алаш арыстары мен ағартушылық дәуірдегі либералдық бағыттың өкілдері арасындағы идеялық сабақтастықты бірден байқай алады. Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты тұлғалар қозғаған елдік мәселелерді Алаш зиялылары практикалық тұрғыда көтеріе, нақты шешу жолдарын нұсқап, өркениетті қоғам құру жолында сіңірген қажырлы қызметі кітаптың мазмұнына арқау болған. Оқырман қауым кітаптан классикалық демократия мазмұны және Алаш арыстарының демократиялық қоғам құрудағы қажырлы екбектерімен таныса алады.

 

Кәдірбек Сегізбайұлы – «Тағдыр толқыны» романы

Роман «Атамұра» баспасынан 3 мың данамен жарық көрген. Шығарма желісі 1916 жыл, 1918-1929 жылдар, 1930-1947 жылдар делініп үш үлкен салаға бөлініп беріледі.

«Есімі ел ішінде аңызға айналған өз заманының батыры атанып, Зайсан қаласындағы бір көшеге есімі берілген, туған жерінің ұмытылмас тұлғаларының бірі Әлібай Ошекеұлының ел өмірінің өліарасында дәл келген қызығынан қияметі басым, азабы мен тозағы қатар келген тіршілік жолына арналған шығарма», деп жазады автор.

Жазушы 20 ғасырдың 16-жылдарынан басталып, ғасырдың бел ортасына дейін ақ патша бастаған сүргіннен кейін кеңестік кезеңнің жүргізген оспадар саясатының салдарынан бүкіл қазақ елінің басынан өткен тауқыметтін осы шығармаға өзек еткен. Шығарманың атауы айтып тұрғандай, бүкіл ел басынан өткерген қасірет – үлкен тарих болса, шығыс шекарамызда жатқан бірер аудан жұртшылығының басынан өткен қуқымет, зұлматы сол үлкен тарихымыздың кішкентай бөлшегі ғана. Халықтың басынан өткен сол шағын оқиғалар негізінде өмірде болған Әлібай мергеннің ауыр да ерлікке толы тағдыры арқылы әдіптелетін шығарма болған оқиғалардың негізінде көп жылғы ізденістің нәтижесінде жазылған.

 

Санжар Керімбай – «Бейсен және болмыс»

Бейсен және болмыс

Кітапта Б.Құранбектің өмірінен түрлі қызықты деректер берілген. Оны экзистенция, логотерапия психологиясын жан-жақты түсіндіру беріледі. Адам болмысы қалай ашылады, қалай көрінеді, өмірдегі мәнін қалай анықтайды деген әртүрлі ситуацияларды араластыра отырып, сұрақтарға жауап беріледі. Кітап экзистенция философиясына, логотерапия іліміне қызығатын оқырманға арналады.

 

«Хәрри Поттер» топтамасының алтыншы, жетінші бөлімі

Раиса Сайран Қадыр басқарған Steppe & WORLD Publishing баспасы Әлемдік балалар әдебиетінің жауһарына айналған «Хәрри Поттер» топтамасының алтыншы бөлімі – «Хәрри Поттер мен Шалақан ханзада» кітабы, жетінші бөлімі – «Хәрри Поттер мен Ажал сыйлары» кітабын жарыққа шығарды.

Хәрри Поттер

Бірінші кітап «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» романы қазақ тілінде 2019 жылы шықты. Одан кейін «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме», «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны», «Хәрри Поттер мен от-сауыт», «Хәрри Поттер мен Феникс алқасы» атты бөлімдері аударылып жеке жеке кітап болып шықты.

Айта кетейік, британ жазушысы Жоан Роулиң ойлап тапқан сиқыршы бала Хәрри Поттер мен оның сиқыр әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде басып шығару құқығы Steppe & WORLD Publishing баспасына тиесілі.

 

Зәуре Төрехан – «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты»

«Steppe&World» баспасы балалар жазушысы, сценарист Зәуре Төреханның «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» атты фентези-романы шығарды. Оны аударған – Есей Жеңісұлы.

Әмина Туранның көшпенділер еліне саяхаты

Жас қаламгер Зәуре Төрехан шығармашылыққа келуіне өзінің атасының мол ықпалы болғанын, кішкентай кезінен үйде кітап толы сөрелердің жанында атасымен бірге отырып жазу-сызуға зейін қоя бастағанын, «осы балам түбінде адам болады, өйткені көзіме тік қарайды» деп, атасының сенім білдіріп, оқуға баулығанын, сондай-ақ, бала кезінен қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын қызыға оқығанын баяндады.

 

«Дауыс» антологиясы

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры жас қаламгерлердің «Дауыс» әңгімелер антологиясын баспадан шығарды. Бұл –10 жас автордың шығармасынан құрастырылған жинақ. Антологияға 1990-жылдардан кейін дүниеге келген он жас автордың әңгімелері енген. Атап айтқанда, Бақытбек Қадырдың «Куәгерлер», «Қайран әке», Досхан Жылқыбайдың «Квант», Арман Әділбектің «Пойыз терезесіне түскен сағым», Есбол Нұрахметтің «Тарақандар», «Табақ бет», «Журналист, молда, киллер және жезөкше», Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез», Темірлан Қылышбектің «Инелік жылы», «Дәрия», «Шам», Сафина Ақтайдың «Мүлдем жарық жанбайтын терезе», «Үйге қайтамын. Шаршадым», «Кемпір», Жәудір Нартайдың «Ұлжан», «Мен он төртке толғанда», Санжар Бекжановтың «Жоғалған қараша» және Берікбол Батанның «Жетім оқтың уақыты» әңгімелері топтастырылған.

Дауыс

Әдеби жинақ «Мазмұндама» баспасында 1 000 дана таралыммен шықты. Сондай-ақ авторлар антологияның таныстырылымын Алматы, Астана, Шымкент қалаларында өткізді.

 

Жадыра Шамұратова – «Секундтар арасындағы шексіздік»

«Секундтар арасындағы шексіздік» новелласында Сирияға аттанған баласын іздеп жанұшырған ана бейнесі суреттеледі. Оқуын бітіріп, қызметке тұрған соң Ақылжан өзгеріп, басқа ағымға түсіп кетеді. Жалғыз ұлы қалаға жұмысқа тұрып, хабарласпай қояды, артынан іздеп барып анасы оны таппай қалады. Полицияға арызданып, ұлының Сирияға кеткенін білген Сәлима кейін оны іздеп Түркияға шейін барады, бірақ Сирия шекарасынан өткізбей кері қайтады. Бұдан кейінгі ананың серігі – жалғыздық. Анасы баласының хабарын күтіп, телефонға телміріп отырған тағатсыз уақыты ұзаққа созылады. Кейін ұлы Мосул қаласынан хабарласады. Соңында ұлының қаза тапқанын басқа біреу хабарлайды. Осы аралықта және одан кейін ананың басынан кешкен тауқыметі автор шығармасына арқау болған.

 

Тоғжан Қасенова – «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы»

Атом улаған дала

Саясат ғылымдарының докторы, Олбани университетінің саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабы қазақша шықты. «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы» монографиясы Қазақстанның кеңестік кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі ядролық тарихымен таныстырады. Кітапта Семей ядролық сынақ полигоны және өткен ядролық кезеңнің еліміздің бүгінгі күнінде қалай көрініс тапқаны туралы айтылады. Кітаптың «Atomic Steppe: How Kazakhstan gave Up the Bomb» атты ағылшын тіліндегі нұсқасы былтыр ақпан айында шықты. Монография Герман Қоғамдық Қауымдастығы Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қорының қолдауымен қазақ тілінде басылды. Қазақстанның кеңестік кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі ядролық тарихымен таныстырады. Қазақстанның Кеңес одағынан қалған ядролық қарудан бас тартуы туралы тарихи шешімі, Семей ядролық сынақ полигоны және өткен ядролық кезеңнің еліміздің бүгінгі күнінде қалай көрініс тапқаны, қазақ халқының сынақтардан тартқан зардаптары жайлы айтылады. Аударған – Динара Мәзен.

 

Бақытбек Қадыр – «Жасыл шатырлар» прозалық кітабы

«Жасыл шатырлар» әңгімесінде мистикалық және ғылыми фантастикалық элементтер қарастырылған. Әдебиет сыншысы Анар Қабдуллинаның пікірінше, жазушы шығармада адам мен қоғам арасындағы конфликті астар мен тұспал арқылы көрсетіп береді.

Автор шындығы қат-қабат метафоралық символдар арқылы тұспалданады. Оқиға дамуында аспаннан адам жауады. Елдің назары аспаннан түскен адамдарға ауады. Басында бұл құбылысқа таң-тамаша қалғандардың бара-бара болмыс-әрекеті, шыққан тегі мен тілі түсініксіз, өздеріне ұқсамайтын жат адамдарды жатырқауының арты жеккөру мен өшпенділікке ауысады. Адам тағдыры ешкімді толғандырмайтын қоғам психологизмін көрсетіп беруді мақсат еткен жазушы шартты түрде фантастикаға бой ұрып, көңілді қоғамдық-әлеуметтік проблемаға аудартқысы келеді.Табиғаттан, топырақтан ажырау арқылы адами болмысты да жоғалтқан қала антиномиясы жазушы шығармашылығында көрініс бергені байқалды.

 

Айгүл Сейіл – «Ой керуен» кітабы

Кітапта журналист Айгүл Сейілдің 15 жылда жазған шығармалары жинақталған. Оның «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» басылымдарына шыққан әдеби талдау, мақала мен сұхбаттары қамтылған.

Аталған еңбек, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстындық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағдарламасы аясында Мемлекеттік тапсырыс арқылы кітаптың 3 мың данасы басылып шықты.

 

Зира Наурызбай, Лиля Калаус – «Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері»

Бату мен достары

Қазақ мифологиясының зерттеушісі, жазушы Зира Наурызбай отандық балаларға арналған фэнтези жанрындағы алғашқы кітаптардың авторы Лилия Калауспен бірлесіп Бату мен достарының шытырман оқиғаларға толы үш кітабын Steppe&world баспасынан шығарды. Балаларға арналған фэнтези басылым «Меломан» рейтингі бойынша қазақстандық бестселлердің ондығына енді. Мектептегі сабақтан шаршап, тентек сыныптастарынан жәбір көріп жүрген Батудың өмірі бір сәтте өзгереді. Күнделіктің мұқабасындағы суреттен шыққан сақ патшазадасы Аспара баланы адам аяғы жетпес жерге сапарға ертіп әкетеді. Сол сапардан кейін-ақ Батудың әр күні шытырман хикаяттарға толы болады. Оқырман Сақ ханзадасы Аспараға ілесіп, ежелгі сақтардың дүние-танымы, өмірі, жоралғысы туралы оқиғалардың бел ортасында жүріп, ежелгі заманның тіршілігіне аялдайды, сақ заманындағы қасиетті бұйымдар мен жартас сызбаларының сыры, Құрыш пен Тұмардың шайқасы, полигон мен кеңес заманындағы жандайшаптардың опасыз қылықтары туралы хикаяттарға қанығады. Бұл туынды балаларды қазақ дүниетанымының тұңғиығымен тоғыстырып, ұлтымыздың басынан өткерген тарихи жадымен табыстырады, тұнжырай шайқалып жатқан ертегі теңізі жал толқын жектіріп алыс көкжиектерге аттануға шақырады.«Бату мен достарының алтын тостағанды іздегені» Айнаш Садық аударды, екінші кітап – «Бату мен достарының Барсакелмес еліне саяхатын» мен «Бату мен достарының жұлдыздар елі Айдалаға саяхаты» деген үшінші кітабын Назгүл Қожабек пен Ғалымжан Оразымбет аударды.

 

Әлішер Рахат – «Паралель» романы

Өткен жыл сыйлаған «өнегелер»

Махаббат туралы роман «Burshaq» баспасынан шықты. Әлішер бұған дейін «Қара мысықтың қожайыны», «Махаббатым constant», «Параллель» сынды туындыларымен кеңірек танылды. Пьесалардың да авторы.Әдебиет­танушы Айнұр Ахметованың жазуынша, Әлішер жазушы ретінде әдеби бағытын, тақырыбын таңдап алған. Өйткені ол барлық туындысында адам санасының қатпарында жасырынып, көміліп жатқан ойларды ашуға тырысады. Әдебеитанушы Нұрлайым Батырдың пікірінше, кітапта екі түрлі әлемге куә боласыз. Бірі өзіңізге жақсы таныс қала келбеті мен онда тіршілік кешіп жатқан жастар әлемі. Енді бірі жалғыз адамның ішіндегі ешкімге айта алмайтын өзіне тән жан әлемі. Роман көбіне бас кейіпкер Шоқан есімді жас жігіттің ішкі психологиялық жан күйзелісімен өрбиді. Параллель әлем Шоқанның өзі армандаған өмірінің символындай. Бас кейіпкер қиялында параллель әлемге өтіп, сүйіктісі Аямен бақытты болуды армандайды. Роман басындағы Шоқан мен соңындағы Шоқанның ойы бір нәрсеге тұрақтаған. Ол Аямен қосылу және онымен мәңгі бірге болу. Бірақ ол бұл өмірде мүмкін еместей. Ішкі рухани күйзелістен шыға алмай, бас кейіпкер реалды өмірді тәркі етіп, параллель әлемнің қақпасы ашылғанын күтіп ғұмыр өткізу жолын таңдайды.

 

Джон Рональд Руэл Толкин – «Сақиналар әміршісі»

Ағылшын жазушысы Джон Рональд Руэл Толкиннің «Сақиналар әміршісі» кітабы XX ғасырдағы ең танымал туындының бірі. Кітап үлкен болғандықтан «Сақиналар бауырластығы», «Екі қамал», «Патшаның оралуы» деп үш бөлікте шығады. Роман-эпопеяны қазақ тіліне аудару авторлық құқығы «Фолиант» баспасына тиесілі. Алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылған трилогияның екінші және үшінші бөлімдері былтыр басып шығарылды.​ Авторы роман-эпопеяны 1937 жылы бастап, 1948 жылы аяқтаған. Содан бері кітап 38 тілге аударылған. Автор әдебиет ғылымының докторы, суретші, профессор, филолог-лингвист болған. Міне, осындай білімділігінің, әмбебаптығының арқасында ол өз шығармаларында жасанды көптеген тіл ойлап тапқан. ​ Романның астарлы сыры мен мазмұнына терең бойлай отырып, ағылшын тілінен аударған Алтынжан Иралиева.

Сақиналар әміршісі

«Сақиналар әміршісі» трилогиясы — мыңдаған жылдарды қамтитын Сақина үшін болған шайқас жайын баяндайды. Жазушы адамдар әлеміне дейін өмір сүрген эльфтер, гномдар, хоббиттер, перілер, орктар және басқа да мифологиялық жаратылыс иелерін, олар өмір сүрген әлемді толығымен ойдан құрастырған. Аталған фантастикалық туындының бірінші томы — «Сақиналар бауырластығы»

 

Айта кетерлігі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен 30 автордың кітабын шығарды. Жобаға қолдау көрсеткен Астана қаласы әкімдігі алдағы уақытта тағы 50 автордың кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Елордалық қа­лам­герлердің жаңа жинақтары «Фолиант» баспасынан 1 000 данамен жарық көрді. Аталмыш сериямен жарық көрген кітаптар еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітап­ханаларға таратылды. Сондай-ақ, «Мазмұндама» қорының төрағасы Шыңғыс Мұқанның жазуынша, Mazmundama жобасы әлем әдебиетінің 11 кітабын қазақша шығарды. Оның ішінде Оруэлдің әйгілі «Мал қорасы», Коэльоның ең ақырғы романы «Садақшысы», Ларсонның «Айдаһар таңбалы қызы» , Кафканың «Қамалы» мен «Процесі», Нобель сыйлығының лауреаты Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» романы бар. Зюскиндтің «Парфюмері» неміс тілінен аударылды.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ