Топ жарған үш ғалым

0
90

Былтыр қараша айының бас кезінде Elsevier ғылыми баспасында Стэнфорд университетінің сарапшылары әлемдегі ең беделді ғалымдардың тізімін жариялады. Осы рейтингте (World’s Top 2% Scientists) «Болашақ» бағдарламасының үш түлегі бар.

Стэнфорд университетінің сарапшылары библиометриялық зерт­теу негізінде жыл сайын әлем­де­гі үздік ғалымдардың рейтингін шығарады. Бірінші рейтингте мансабында ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар белгілі болса, екіншісінде кейін­гі жылдағы еңбектеріне ең көп сіл­те­ме жасалған ғалымдар ұсы­ныл­­ған. Яғни Scopus базасында жария­ланған материалдар бо­йын­ша көш бастаған ғалымдар ірік­тел­ді.

Сонымен 2021 жылы жұмыс­та­рына ең көп сілтеме жасалған авторлардың және мансабында еңбектеріне ең көп сілтеме жа­салған ғалымдардың тізіміне Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі, физика-математика ғы­лымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов енді. Оның астрофизика, гравитация, космология және солитон теориясы бойынша ғылыми еңбектеріне көп сілтеме жасалған. Осы тұста үздік ғалымдар рейтингіндегі «Бо­ла­шақ» бағдарламасының екі түлегі Нұрлан Оразалин мен Сәрсенбек Мон­таевтарды да ерекше атап өту­ге болады.

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техни­ка­лық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев құрылыс материалдары өндірісіндегі жаңа технологияларды әзірлеумен айна­лысады. Ол Жапонияда «Нано­тех­но­логия» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.

Сонымен қатар «Болашақ» бағ­­дарламасының түлегі, ғалым Нұрлан Оразалиннің еңбектері де жоға­ры бағаланып отыр.

«Мені әлемдегі ең көп сілтеме жа­салған ғалымдардың 2%-ына қос­­қанын біл­генде қуан­дым.­ Бұл көп­жылдық еңбектің және ­жү­йе­­лі жұмыстың нәтижесі деп біле­­мін. Ғылыми материал­да­рым­ның тақырыптары – корпо­ра­тив­­тік басқару, тұрақты даму, кор­по­ра­тив­тік әлеуметтік жауап­кер­­шілік, бухгалтерлік есеп пен қар­­жының өзекті мәселелері төңі­ре­­гінде. Әлем ғалымдары менің ғы­лы­ми жарияланымдарыма сілтеме жасағаны, әрине, қуан­тады», дейді КИМЭП универ­си­те­тінің бух­гал­тер­лік есеп және қар­жы ассистент-профессоры Н.Оразалин.

Жыл сайын ғылымның дамуы­на мемлекеттен ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқаны қуан­тады. Мысалы, қазір «500 ғалым» жобасы бойынша шетелде тағылымдамадан өтетін ғалым­дарды іріктеу жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­­сына сәйкес, жыл сайын 500 ға­лымның әлемнің жетекші ғылы­ми орталықтарында кәсіби құзы­рет­тілігін дамыту мақсатында бекі­тілген. Яғни жетекші маман­дар мемлекет есебінен тағылым­да­мадан өтіп, әлемнің үздік жоға­ры оқу орындарында, ғылыми орта­лық­тар мен салалық ұйым­дар­да зерттеу жүргізеді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы өтініштерді қабылдап, ғалымдарды іріктейді. Былтыр біз ғалымдарды іріктеудің жаңа ере­же­лерін әзірледік. Осының нәти­же­сінде енді комиссия құра­мы­­на инженерлік-техникалық, медици­налық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының док­торлары енеді», дейді «Халық­ара­лық бағдарламалар орталығы» АҚ бас­қар­ма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Тағылымдамадан өтуге арнал­ған ұйымдардың тізімінде халық­ара­лық академиялық рейтингтердің топ-250 позициясына кіретін 416 шетелдік жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу орталығы мен салалық ұйымдар бар. Мысалы, осы тізімде Принстон, Йель, Токио университеті, Лондон империялық колледжі, Корей озық технология­лар институты, Сингапур фи­зи­ка­лық-химиялық зерттеулер институты, сондай-ақ Майкрософт, Эппл Инк, Тойота групп, Самсунг секілді ірі корпорациялар, жетекші ЖОО мен зерттеу орталығы бар. Мемлекет тағылымдамадан өтуге іріктелген ғылымдардың шығынын өтеп, ай сайын стипендия төлейді. Еске салсақ, өтінімдерді қабылдау 15 наурызға дейін жалғасады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ