Азық-түлік қауіпсіздігі – ғаламдық мәселе

0
316

Осыдан екі жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жер-су ресурстарын барынша тиімді пайдалану мақсатында жердің құнарын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су өткізу жүйелерін цифрландыру жөнінде іс-шаралар қабылдадық. Орнықты азық-түлік жүйелері туралы айтқан кезде көптеген елде су дипломатиясына қатысты мәселелер өзекті екені анық байқалады. Азық-түлік жүйелері жөніндегі проблемалар мен су ресурстарын басқару, шекаралық өзендерді пайдалану мәселелері өзара тығыз байланысты. Мұның барлығы азық-түлік жүйелері туралы келісімдерде көрініс табуы керек», деген еді.

Ғаламдық азық-түлік мәсе­лесі талқыланған саммитте Президент өз ұстанымын ашық білдірді. «Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жаһан­дық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау мақсатында тұрақты экожүйе қалыптастыру үшін барынша белсенді жұмыс істеуі қажет. Саммит аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны жақсарту, тұрақты ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету сияқты Ор­нықты дамудың екінші негізгі мақ­сатына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», деп сөзін түйіндеген еді.

Ал енді өз елімізге келсек, Қазақстан әуелден аграрлы ел екені мәлім. Суды, жерді үнеммен пайдалануды жақсы үй­реніп, дұрыс игерсек, өзіміз тұрмақ ғаламның тағы жарты миллиард халқын азық-түлік­пен қамтамасыз етуге әлеуетіміз толық жетеді.

Аузымызға жарты мил­лиардтың түсіп отыр­ған себебі, Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуі бойынша, осы ғасыр­дың орта тұсында 9 миллиардтан ас­там тұрғынды азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет болады екен. Алаш баласы Алланың берген ырызды­ғы­мен адамзат баласының дұ­рыс тамақтануына өз үлесін қосса деген тілек қой біздікі.

Қашанда «Сапалы ас – ден­саулық кепілі». Әр жыл са­йын әлемде 420 мың адам астан уланып бақилық болатын көрінеді. Өте өзекті болып отыр­ған бұл мәселе алыс-жақын шетел­дік және отандық ғалым-мамандар да үлкен алаң­дау­шылық туғызып отыр. Сон­дық­тан жер қыртыстары таза, майлы топырағы әлі ластанбаған қазақтың кең даласында табиғи әрі органикалық өнімдерді молынан өндіріп, адамзат саулығының сақаюына қаймана қазақта өз үлесін қосса деген тағы бір тілек бар.

Бүгін-ертең елордада өтетін Астана халықаралық форумы аясында тағам сапасы, азық-түлік бағасын тұрақтан­дыру, әлем елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі және экономикалық-транзиттік әлеуеті кеңінен талқыланады.

«Соңғы кездердегі геосаяси жағдайға байланысты әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі саласында қиын­дықтар болды», деді «QazTrade» АҚ бас директоры­ның бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Ресей мен Украина азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің әлемдік саудасында шешуші рөл атқарады. 2021 жылы екі елден тасымалданған бидай экспорты шамамен 30%-ды құраған. Украина жүгерінің төртінші ірі экспорттаушысы болды. Ал күнбағыс майының экс­порты екі елден де әлемдік сұ­раныстың 78%-ын жауып отыр екен.

«Қазақстанға келер болсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тұрғы­сынан отандық өндіріс ішкі на­рықты едәуір дәрежеде қамта­масыз етеді. Әсіресе тауық еті. 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша ішкі нарықтағы тауық еті импорты – 55,9, ірімшік­тер мен сүзбе бойынша импорт­тың үлесі – 50,6 және қант импортының үлесі 49,2 пайызды құрады», деді Н.Құлбатыров.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет­тің аграрлық және экономи­ка­лық саясатының басты мақсаттары­ның бірі. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігіне ұмтылу – үздіксіз үдеріс.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға­сын тұрақ­тандыру шең­берінде екі не­гізгі тетік пайдаланылады. Біріншісі, кәсіпкерлік субъек­тілерін «айналым схемасы» шең­берінде қаржылан­дыру және өңір­лік тұрақтандыру қорлары­ның тауарлық интервенциялары.

Бірінші тетік бойынша әкім­діктер өндірісті ынталан­дыру және бөлшек сауда сегментіндегі бағаны тежеуге шамамен 95,9 млрд теңге бөлді.

Екінші тетік бойынша тұрақ­тандыру қорларында 70 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры бар және форвардтық шарттар шеңберінде 88,1 мың тоннаға келісімшарт жасалды.

Бұл азық-түлік көлемдері ішкі нарыққа, сондай-ақ нарықтық бағадан төмен бағамен, атап айтқанда, маусымаралық кезеңде немесе ішкі нарықтағы бағалар өскен жағдайда сауда орындарына жіберіледі», деді спикер.

«Диалог арқылы сын-қатер­лерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және үдеріс жолында» атты Астана халықаралық форумы аясында қант бойынша импортқа тәуелділікті азайту, экспорттық-транзиттік әлеуетті дамыту сынды азық-түлік қауіп­сіздігі саласындағы өзекті проблемалар талқыланады.

Айтулы іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төр­аға­лығымен өтеді. Форумға 1000-нан астам шетелдік қонақ қатысады.

Жалпы, форум әлемнің түкпір-түкпірінен келетін көш­бас­шылар мен беделді сарапшылардың бас қоса отырып, маңызды мәселелердің шешілуіне атсалысады деп күтілуде.

Қазақстан әлемдік аренада барлық елмен достық-сый­ластық қарым-қатынас орна­татын бейбіт мемлекет. Соны­мен қатар геосаяси ерекше­лік­тері мен көпвекторлы диплома­тия­лық ұстанымына байланысты мемлекетіміз әрдайым халық­аралық шиеленістерді шешу және мәмілеге келу алаңы рөлін атқарып жүр.

Сондықтан кезекті форум еліміздің халықаралық дипломатиядағы өз ұстанымын тағы бір мәрте нығайта түспек.

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ