Заманды қай жан билемек?
Кеңес үкіметі кезінде «өнімді поэзия» ұраны белең алып, томдар саны артты. Саннан сапа өсе ме? Меніңше, жоқ. Формалық сапа өсуі мүмкін, бірақ мазмұндық сапы өркендемейді. Бұған кеңестік, кейбір еуропалық ақындар шығармашылығы дәлел. Ал хакім Абай бір ғылымнан басқаның бәрін кесел деп тауып, ізденуге бас қойыпты. Тәңірден келген тамаша қуатты ғана өлең етіп қағазға құйыпты. Сондықтан ба екен, «бір өлеңі – бір елдің мұрасындай».
Хакімнің «Тотықұс түсті көбелек» өлеңіне тоқталмақпыз. Тамырын әріден тартқан телегей жыр талаптыны қою ойға қалдырар, сана шылауын тазартар.
«Тотықұс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.»
Ішіне алуан даналық сыйған өлең тұрпаты осы үш шумақ қана. Енді әр шумаққа жеке зер салайық. «Тотықұс түстес көбелек» – мұнда ақын адам өмірін негізге алып отыр. Шығыс шайырларының символикалық ұғымдарында «Көбелек – шындықты іздеуші адам, ал шам – Тәңір нұры, немесе Тәңірдің өзі болып келеді. Яғни дүниеге келген әр пенденің «жаз сайларда гулемегі», тіршілік тұтқасын ұстап, өзіне шақ өлшемдерді іздемегі қалыпты іс. Жер бетінде жеті миллиардқа жуық адам бар десек, әрқайсына тән із бен ерік қақпасы бар. «Бәйшешек солмақ, күйремек» дегенде хакім аялдама іспетті дүниені, оның мерзімі жеткенде солып, артта қалатынынан ақпар береді. Қазақ қара өлеңінде «Бәйшешектей құлпырған қайран, жастық, Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен» деген жолдар, осыны тұспалдайды. Сонымен, дүние мерзімі, таусыншақ күн ұршықша айналған соң «көбелек өлмек сиремек». Яғни «өлмек үшін туған» инсан атаулы фәниден бақиға аттанбақ. Жамбыл жырымен сөйлесек, «темір өзек пенде жоқ, өлмес адам елде жоқ». Алғашқы шумақ арқылы адам мен оның жалған өмірі жайлы баян еткен Абай енді маңызы биік тереңдікке қарай бұрылады.
«Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.»
Осы бір ұғымдардың қайсыбіріне де жеке-жеке тоқталып, құлаш-құлаш тәпсір жазса артық емес.
Әуелі сүю деген не? Киелі Інжіл кітабының «Маңызды кеңес» бөлімінде адамдарды, Құдайды жан-тәніңмен сүюге үндейді. Тіпті «көзге көрінгенді сүйе алмағандар, көрінбей тұрған Тәңірді қалай сүйе алмақ» деп сауал тастайды. Руми «Махаббатсыз (сүюден ада) адам бейшара» десе, Сопы Аллаяр «Махаббатсыз адамдардан қаш» деген насихат айтады. Ал «сезбек», сезінуге келсек, сыртқы бес сезім, ішкі бес сезім мүшесі қараңдайды. Тұтас жаратылысты, адам мен ондағы эмоцияларды сәйкесінше сезіне білу үшін жан ұлпасын таза сақтау ләзім. Жүрегі қарайып, жанын кірлеткендер тұнық судан да дақ көрер. Жанындағының мұңын, әсерін, ымын сезінуден қалар, дөрекі, қатыбас пендеге айналар. Ал «харекет қылмақ, жүгірмегі» адамдық тепе-теңдікті сақтап, өзіне артылған аманат бақшасын арқалап жүруді меңзейді. Абайда харекет пен әрекет сөзі екі түрлі мағынада қолданылады.
«Харекеті — әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?»
Яғни әрекет деген – жымысқы іс, қулықпен іс ету, ал харекет – адалдан ас табу, түзу ниетпен еңбек ету. Ақын үндеген харекеттің сапасы бөлек, нарқы жоғары. «Ақылмен ойлап сөйлемек» қатарында ақылға көбірек күш түсіп тұр. Жә, ақыл хикметі жайлы әңгіме тым ұзақ, оған алдағы мақалаларымызда тоқтала жатармыз. Хакімнің бар құнарлы өрнегі үшінші шумағына топтасқан. Бұрын естімеген, әлем әдебиетінен кезіктірмеген бұл астарлы ойлардың салмағы қойтастай ауыр, бұлттай кезбе.
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.»
Заман әркімді жетегіне алуға ұмтылып, біртіндеп жаулап жатыр. Өз түбірінен айрылған сансыз адам қоғамның қолдан жасалған «құмырасына» айналуда. «Заманға күйлеген жамандар» тән үшін ғұмыр кешіп, ар мен ұят ұғымына селт етуден қалып барады. Жас күніндегі қызару, қысылу, оғаш әрекеті үшін қымсынудан қалған дірдексіз тәндер «талмас жағымен» топтан озып-ақ жүр. Бүгінгі қоғам Абай айтқан қайғысыз, керкөкірек асауға құрық салар заманын билеген жақсыларға мұқтаж. Әлбетте, олар бар, бірақ тұманнан үні көмескі, қабағы салыңқы. Ақын «Заманды қай жан билемек?» деген сұрақ қояды. Бұл – үлкен сұрақ, ұлы сұрақ. Алақұйын шақта қайратын төсеп, кісілігін қорғап қалар, адамдық мұрат пен ұлттық мұрат жолында тас табандап тұрар қайсың бар? «Өлімге бере жаным бар, пендеге бере арым жоқ» деген мінез сауыты қалың, екіұштылықтан ада ерлерге қоғам зәру. Заманына иленген жамандардан ұлтқа да, ұлысқа да пайда жоқ. Олар «өзі үшін оттаған» бейқам қалпы адамдық қоқысына тасталар, ізсіз, інсіз жоқ болар.
Абай айтқан шағын өлеңнің мағына-мұраты осы екен, қадірлі оқырман. Сіз қалай ойлайсыз?