Жалған урбанизацияны қалай реттейміз?

0
579

Наурыз айында ауылды дамытуға арналған бесжылдық тұжырымдама қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Негізгі, ауылдың жылдар бойы қордаланған мәселесін шешу үшін бір бесжылдық аздық етеді. Десек те бірінші бесжылдықта берекесі кеткен көп ауылдың бетін бері қаратып алсақ, соның өзі олжа болғалы отыр. Содан соң қат-қабат проблемасы біртіндеп шешілер деген үміт бар.

Үдеріс қайда апарып соғады?

Рас, жалпы ауылдағы ахуал тура­лы аз айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде қазір ауылдан қалаға көшу, ішкі миграция, урбандалу мәсе­лелері өте өзекті. Ауылда көш тұрақ­тамайынша, оның өркендеуі неғай­был. Әлбетте, урбандалудың еш сө­кеттігі жоқ. Егер ол жүйелі урбан­далу болса. Бүгінгі ірі шаһарлардағы жағдай бұл үдерістің ондай кемелдіктен кемшін екенін көрсетеді. Осы күні ірі қалаларда жалған урбанизация жүріп жатыр.

Әуелі жалған урбанизацияның не екенін жіліктеген жөн. География әрі саясат тілінде бұл – қалаларға көшкен халықтың сол қала әлеуе­тімен сәйкес келмеуі. Яки сол шаһар­дағы тұрғын үй, жұ­мыс­пен, әлеумет­тік қамтуда қала мүмкін­дігінің адам санына сай еместігі, тепе-тең­діктің жоқтығы.

Қоныстанушылардың қала­ның экономикалық-әлеуметтік өсі­мінен асып түсуі. Осы арада көзі­­ңізге таразыны елестетіңіз. Та­ра­зының бір басына халықтың мөл­­­ше­рден тыс саны, екінші жа­ғын­­да қа­ла­ның оларды асырап-сақ­­тай­тын әлеуеті тартылды делік. Ал бүгінгі жағдай жалған урбанизацияның таразы тасын төңкеріп тастайтындығын көр­сетеді. Ол дегеніміз, басым көп­ші­лігінің тұрақты жұмыссыз, үйсіз-күйсіз тірлік кешуі. Міне, осыны ғылымда «трущобалық» урба­­низация – жалған урбани­за­ция дейді. Осы кезде қалаға жөң­кілген көш пен баспанасыз, жұмыссыз қаңғыған бұқара жал­ған урбанизацияның «белді» әрі «сенімді» мүшесі. Мұн­дай урба­ни­зацияның соңы – әлеу­мет­­тік қақтығыс, шиеленіс­тер, мәдени, рухани кедейлену, маргиналдану. Ол – он бес жыл бұрынғы «Шаңырақ» қақты­ғысы. Ол – ай-күннің аманында бес баланың тірідей өртеніп кетуі. Ол – қоғам­дық орында ер­кек, әйел демей, жаға жыр­тыс­қан, бет тыр­насқан әдеп­сіз­дігі. Ол – маргиналдану. Ол – жұмыс­сыз­дар­дың, өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандардың көбейе түсуі, тағысын-тағылар.

 

«Өгізге туған күн бұзауға да туады»

Үкімет 2019 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын» қабыл­дады. Құжаттың басты үш бағы­ты бар. Төрт агломерация – Ас­тана, Алматы, Шымкент және Ақ­төбе мен «екінші деңгейдегі» қала­ларды дамыту, моно және ша­ғын қалаларды, ауылдық елді мекен­дерді дамыту көзделген. Ур­ба­низация деңгейі жан-жақты жазылған.

Әлбетте, урбанизациясыз эко­­но­миканың дамуы да күрделі. Тек жоспарланған урбанизацияда ғана ілгерілеу мүмкін. Стихиялық сипаттағы урбанизацияның соңы  жақсылыққа апармайтынын жоғарыда атап өттік.

Қарағанды үшін бұл мәселе әзірге асқына қойған жоқ. Алай­да Астана, Алматы, Шым­кент қалаларындағы жалған урбанизация күн санап күшейіп келеді. Десе де, «өгізге туған күн бұзауға да туарын» еске салғымыз келеді.

Жария етілген дерекке жүгінсек, Қарағанды аймағында бүгінде урбанизация 80,8 пайыз көлемінде. Бұл – 1371,7 мың адам. Ауылда 227,6 мың ғана адам. Оның пайыздық үлесі 19,9 шамасында. Бұған ауылдың қартайып бара жатқанын қосы­ңыз. Есесіне қалада өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандардың, тұрақ­ты жұмысы жоқтардың саны есе­ленгені күмәнсіз.

«Үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу дерегі бо­йын­ша 2022 жылғы III тоқсанда Қарағанды облысында табы­сы күнкөрістің ең төменгі дең­гейінен төмен халықтың үлесі 3,5%. Қалалық жерлерде мұн­дай санаттағы халықтың үлесі ауылдық жерлердің үле­сі­нен 1,2 артып, 3,8%-ды құра­ды», дей­ді облыстық статистика де­пар­таментінің баспасөз қызметі.

Яғни қалалық жерде күн­көрістің ең төменгі деңгейінен де төмен табысы бар халықтың үлесі 3,5 пайыз. Бұл алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 0,5 пайызға көп көрінеді. Ойланатын мәселе ме? Мәселе! Әлеуметтік ахуалдың күрделенуі, жұмыссыздықтың өршуі деуіміз осыдан туындайды.

 

«Жүйесіз урбанизация ауылды тоздырады»

Ауылдың көшін тоқтататын мемлекеттің нақты бағдарламасы қажет. Ол қала мен ауылды те­ңес­­тіретіндей болуға тиіс. Отыз жыл бойы анау делінді, мы­нау делінді. Әйткенмен, ол бағ­дар­ламалардың бәрі ауылда ха­лық­тың тұрақтауына септігін тигізбеді.

Үкімет «Ауылды жасанды жол­мен ұстап тұру тиімсіздігін» де айт­қанын білеміз. Бірақ ауылша­­­руашылығы өнімінің 80 пайы­зын сол ауылдағы ағайынның же­ке ша­руашылықтары беретінін де Үкі­м­ет естен шығармауға тиіс. Осы орайда ауыл адамының жағ­да­йын толық қамтамасыз ететін бағ­дарлама сұранып тұр. «Диплом­мен – ауылға!», «Ауыл – ел бесігі» мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Кеңестік жүйенің барлық жақсылық-жамандығын бірдей көрген аға буынның айтуынша, кеңес өкіметі ауыл адамын қалаға алаңдамай, шаруасын дөңгеле­тіп әкететін жүйе қалыптастыр­ған. Барлық жағдайын толық­тай қамтамасыз еткен соң ауыл адамы қалаға жалтақтамаған. Шовинистік пиғыл әдейі жолатпады дерсіз. Ол да мүмкін. Алайда ауылдағы ағайынның табысы қомақты, басында бас­панасы, астында көлігі, алдында малы, қасында жаны түгел еді. Әрине, бұл ауылдың адамы қалаға көшпесін дегеніміз емес. Қарапайым, мамандығы сұра­нысқа сай емес ауыл адамы­ның екі ортада қажетсіз болып қалатындығы. Қалаға келіп, қаң­ғып, содан соң қоғамға қажетсіз болып қалуы – мәселе. Қазір әлеуметтік желі, мейлі күнделікті тіршілік болсын, қалада ауылдық өмір салтының белең алып бара жатқанын мойындауға тиіспіз.

 

Немістен неміз кем?

Ауылшаруашылығы саласы­ның ардагері Ниқанбай Иман­ғалиұлының айтуынша, соңғы он жыл аралығында елімізде 500-ге жуық ауыл жойылған.

«Үкімет бір бағдарламаға байланбай, ауылдарды көркейту­ге күш салуға тиіс. Бүгінге дейін бөлін­ген қаржы мен күткен нәти­жеге қаншалықты сай келеді деген сұрақ кез келген ақыл иесін толғандырары сөзсіз. Егер ауылды көркейтіп, ішкі көші-қонды реттемесе, біраз жылдан соң ауыл­да тұратын адам қалмайды. Ойластырылмаған урбанизация қалаларды аздырып, ауылдарды тоздырады. Сондықтан «ауылдық» урбанизация, яғни бүгінгі асқынып кеткен қала мен ауылдың арасындағы жер мен көктей қарама-қайшылықты реттеу принципін қалыптастыру­ға күш салу басты мақсат болуы керек», дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

Осындай бағдарлама Герма­нияда бар екен. Бұл елде ауыл­дарға арнайы қоныстануы үшін көшіп келгендерге мемле­кет­тік қолдау жасалады. Барлық мүмкіндік бар. Содан шығар, бүгінде Германияда ауылдық жерде бизнестің шағын және орта түрі өріс алған. Бірақ бір ғажабы қаласы мен ауылының айырмасы жоқ.

– Бір-бірімен тұрмысы, тірші­лігі жағынан біте қайнасып кеткен. Яғни инфрақұрылымы, өркениеттік жағынан алғанда бөле-жарары жоқ. Сол себепті екі жаққа да халық ағыл-тегіл жүре береді, – дейді Гейдельберг университетінің география профессоры Ульрике Герхард. Мұн­да да кейбір ауылдардың босап қалу қаупі бар көрінеді.

Сондықтан билігі қол қусы­рып отырған жоқ. Олар «Біз­дің мақсат – қала мен ауылда өмір сүрудің бірдей шартын қалыптастыру» деген ұранды ұстаныпты.

 

Иесіз қалған ауылдар

– Соңғы жылдары ірі қалаларда халық саны артып келеді. Қаланы қазақтан қызғанбай­мыз. Жайлы тұрмыс үшін келіп жатқаны түсінікті. Алайда қаланың жаңа тұрғындары көбейгенімен, халқы көшкен ауылдар бос қалып жатыр…

Бүгінде билік баса назар аударуға тиіс екі мәселе болса, соның бірі – ішкі көші-қон. Тіпті бұл үрдіс стихиялық сипат алып кетті деуге болады. Себебі соңғы бір жылда бірнеше қала мәртебесіне сай болмай шықты.

Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметке сенсек, соңғы 10 жылда қала халқы 8 есеге өскен. Урбандалу бүгінгі замандағы ғаламдық құбылыс дегенімен, жаңа тұрғындарды қабылдауға ірі қалалардың өзі дайын болмай отырғанын да көріп отырмыз.

Үкімет «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын әзірле­ді. Бағдарлама ауылдардың ажарын ашып, онда­ғы тұрмыс сапасын қаламен теңестіруге тиіс. Бас­тапқы кезеңде болашағы бар ауылдар анық­талды. 2025 жылға дейін 800 млрд теңге бөлу жоспар­ланған. Бұл қаржы ауылдағы инфрақұ­рылым­ды дамытып, өмір сапасын қаланың жағдайымен теңестіруге жұмсалмақ. Биыл Үкімет Қазақстан ауылдарын көтеру үшін 106 млрд теңге бөлген екен.

 

Ниқанбай ОМАРХАНОВ,

ауылшаруашылығы саласының ардагері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз

  • Эльбруста «Адай» күйі шертілді


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213