Жастар жұмыссыз қалмайды
Жақында халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама 2029 жылға дейін ұзартылды. Аталған құжат 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек болатын. Үкімет мерзімін ұзартқан бағдарлама қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты және мақсатты болуы керек. Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштері белгіленуі тиіс. Жұмысқа мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтау қажет» – деген Президент тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама 5 бағытты қамтиды. Олар: өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орнын құру, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары, бюджет қаражаты есебінен жалақыны көтеру бойынша міндеттемелер, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.
Деректерге көз жүгіртсек, ЖОО бітірген түлектердің шамамен 35 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал 40 пайызы оқу бітіргеннен кейін бір жыл көлемінде екі қолға бір күрек таппайды. Осы орайда жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюды көздеген бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай 3,3 миллионнан астам адамды, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту жоспарланған.
Қазақстанда қазіргі уақытта 207 жұмыспен қамту орталығы бар екен. Олар аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда тұратын адамдарды қабылдайды. Жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалары бар. Аталған бағдарламалар жастарды жұмысқа орналастырудың тетігін іске асыруды қамтиды.
ЖОО бітірген жас маманға бірден жұмыс табылуы қиын. Қолында дипломы болғанымен, тәжірибесі жоқ маманды көп мекеме жұмысқа алғысы келмейді. Осы орайда мемлекет жастарға тығырықтан шығудың жолын ұсынады. Ол – «Жастар практикасы». Биыл да аталған жоба жалғасын тауып отыр.
Мемлекеттік жобаға жұмыс берушілердің өзі аса қызығушылық танытып отыр. Былтыр «Жастар практикасына» 436 жұмыс беруші қатысып, 1996 жаңа жұмыс орнын ашқан. Жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстарға қызметке орналастыру үшін 2 164 жұмыс орнына 324 жұмыс берушімен шарт жасалған. Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы Жастарды жұмыспен қамту бөлімінің маманы Айгүл Рақышеваның айтуынша, «Жастар практикасы» әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды нақты қажеттіліктері бойынша анықтауға, жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
– «Жастар практикасына» оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ жастар қатыса алады. Бағдарламаға қатысудың бір шарты – оқу бітіргеніне 3 жылдан аспауы керек. Яғни, мектеп пен колледж бітірген жастар да қатыса алады.
«Жастар практикасының» басты мақсаты – колледж немесе ЖОО жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Яғни, алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Жұмыс түрі әр өңірде әрқалай. Жұмыс берушілер арасында мемлекеттік мекемелер, жекеменшік компаниялар мен зауыттар бар. «Жастар практикасына» келгендер қай мекемеде тағылымдамадан өткісі келетінін айтып, өтініш білдірсе болады. Алайда бір айта кетерлігі, жастар жұмысы ауыр кәсіпорындарға, зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.
Бағдарлама аясында практикаға қабылданған жас түлек өзін жақсы қырынан танытып, қабілет-қарымын көрсете алуы тиіс. Өйткені жұмыс берушінің талабы маңызды. Жұмысқа келген жасты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сілтейді.
Жас маман жауапкершілігін, талабы мен жұмысқа деген қызығушылығын танытса, жұмысқа тұрақты орналаса алады. Былтыр 998 түлекті жұмыспен қамту жоспарланған. Білім беру ұйымдарының 252 түлегі жастар тәжірибесіне қатысып жатыр. Биыл 900-ге жуық жас түлекті жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
«Жастар практикасына» қатысушылардың жалақы мөлшері әр жылда әртүрлі. Биылғы есептеме бойынша, 198 мың теңге. Қолға алатыны – 107 мың теңге. Бұл – мемлекет тарапынан берілетін жалақы. Зейнетақысы мен әлеуметтік медициналық сақтандыруы жүреді. Егер жұмыс беруші бөлек еңбекақы төлеймін десе, өз қалауындағы дүние.
«Жастар практикасы» бойынша жас мамандарды жұмысқа қабылдағысы келетін жұмыс орындары көп. Бүгінде IT мамандары, заңгер, экономист, қаржыгер, экология саласы және балық шаруашылығы бойынша мамандар сұранысқа ие болып отыр, – деді Айгүл Рақышева.
«Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі – Қазыбек Мәулен. Алғаш рет «Жастар практикасы» жайында досынан естіген ол Астана қаласы Сарыарқа ауданындағы Жұмыспен қамту орталығына барады. Қандай бос жұмыс орындары бар екенін білген соң шешім қабылдайды. Тәуекел деп «Жастар практикасына» қатысып, жұмысқа тұрады.
– Өзім 10 жасымнан бастап «Астана» футбол орталығында ойнадым. Жасым 19-ға толғанда «Шахтер» футбол командасымен келісімшарт жасастым. Университетті бітірген соң «Ордабасы» клубына ауыстым. Мамандығым – аудармашы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін бітірдім. 22 жасымда футболдағы карьерамды аяқтап, әскери салада қызмет еткім келді. Бірақ денсаулығыма байланысты бұл арманым орындалмады. Басқа жұмыс табу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына келдім. Қазір Сарыарқа ауданы әкімдігінде келісімшарт бойынша коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп жатырмын. Болашақ әріптестерім мені өте жылы қабылдады. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әкімшілікте жүріп көп тәжірибе жинақтадым, жақсы адамдармен араластым, жаныма жақын достар таптым. Ең қуанарлығы, осында жұмыс істеп жүріп өзімнің өмірлік жарымды кездестірдім. Бұйыртса, жақында тойымыз болады.
Осы орайда өзім сияқты жұмыс іздеген жастарға Жұмыспен қамту орталығына келіңіздер дегім келеді. Ол жерде әртүрлі жұмыстар табуға болады. Осы орайда Жұмыспен қамту орталығына және Сарыарқа ауданының әкімдігіне шексіз алғысымды білдіремін, – деді Қазыбек Мәулен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, «Жастар практикасына» қалған азаматтардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасады. Ал орналаса алмағандарға Жұмыспен қамту орталығы басқа мүмкіндіктерді ұсынады екен. Мысалы, басқа мекемеге жібереді немесе Enbek электронды биржасына өтініш береді. Сондай-ақ жастар шағын кәсіп ашамын десе, мемлекеттік грант алу сынды мемлекеттік көмектің басқа да түрлерін пайдалана алады.
А.БИМЕНДИЕВА