Жекеменшік мектеп: Білім бе, әлде бизнес пе?

0
549

Елдегі өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Қазір білім ордаларында 250 мыңнан астам орын жетіспейді. Бұл көрсеткіш үш жылда 1 млн-нан асады деген болжам бар. Сол себепті Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын да қолдауға көңіл бөле бастады.

Айталық, мұндай мектептерге бері­летін мемлекеттік тапсырысты 3 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл қадам орта білімді дағдарыстан шығара ала ма? Жекеменшік мектептер білімді емес, бизнесті күйттеп, түбінде сан соғып қалмаймыз ба?

Деректерге сүйенсек, бүгінде респуб­ликада 563 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 161-інде – қазақша, 104-інде – орысша, 298-інде аралас тілде білім беріледі. Елімізде жыл сайын жекеменшік мектептер көрсеткішінің артуына байланысты қоғамда түрлі сауал да туындап отырғаны шындық. Ақылы мектептердің көбеюіне қатысты пікірлер де сан алуан.

Сарапшылардың біразы «Жеке­меншік мектептер бәсекелестік туғыза­ды. Бұл орын тапшылығының азаюы­на ықпал етіп қана қоймай, нарық­та жаңа білім бағдарламасы бар, техно­логиялық мүмкіндігі жоғары, сапа мен білім көрсеткіштерін арттыруды көздейтін жаңа ойыншылар қатарын көбейтеді» деген пікірді қолдайды.

Ал енді бірі озық мектептер үлгісі негізінде мемлекеттік білім ордаларының материалдық базасын нығайтумен қатар білікті мамандар даярлауға басым­дық беру жағын құптайды. Сонымен қатар жекеменшік мектептерді тір­кеу мәселесінде қаперде ұстайтын жайт­тар­дың да барын алға тартты.

CPSC Intl компаниясының негі­зін қалаушы әрі директоры Асан Нұғма­новтың айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептерінің үлгісін мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында еліміз­дің бірқатар өңірінде және тірек орта­лықтарында қолданысқа енгізудің тиім­ділігі жоғары болмақ.

«Олай болса алдағы бес жылда мектептердің көрсеткіші жоғарылап, тағы бір бес жыл ішінде еліміздегі жүздеген мың оқушы репетиторлардың көмегінсіз әлемнің озық университеттеріне оқуға түсуге мүмкіндік алатыны сөзсіз. Бұ­ған қоса мектептердегі білім сапасын арт­­тыруда мұғалімдерді даярлауға кешен­ді сараптама жасау қажет. Аттес­таттау аясының кеңейгенін де құп­таймын. Республиканың түкпір-түк­пірінен ұсыныс-пікірлер жинап, ал­дағы іс-қимыл жоспарын құру – уақыт күт­тірмейтін шаруа. Салыстырмалы түрде алғанда, мемлекеттік білім ордаларына қарағанда жекеменшік мектептердегі сапа жоғары. Жеке жарналар есебінен мектеп әкімшілігі жақсы жалақы, бонустар қарастыра алатыны анық. Осындай жүйені мемлекеттік мектептерде құруға не кедергі? Меніңше, бұл жерде директорлық корпусты күшейтуге мән беру қажет. Яғни қоғамдық пікір­лер қорытындысы негізінде «біліктілігі жоғары» директорлар тобын құрып, олардың ішінен ең үздіктерін таңдау қажет», дейді А.Нұғманов.

Білім сапасының нәтижесі – сәуле­ті­мен көз тартар ғимараттар емес, білік­ті басшы, білімді мұғалім, жаңа тех­но­логиялар сияқты бір-бірімен ты­ғыз байла­нысқан жүйенің тиімді жұмыс істеуі. Осы орайда техника тілін меңгерген мамандар мәселесін жиі көтеріп жүрген математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтың пікіріне сүйенсек, еліміздің білім кеңістігінде жоғары рейтингтегі Жәутіков атындағы физика-математика, Назарбаев зияткерлік мектептері, қазақ-түрік лицейі тәжіри­бесін қарапайым мектептерге енгізген жөн. Өйткені аталған мектептер сапалы білімі, олимпиадалық көрсеткіштерімен алда келеді.

«Ал аудандық жерлерде жыл са­йын жоғары көрсеткішке ие болып жүр­ген мектептерді қаржыландыруды ұл­ғайтып, егер көрсеткіші төмен болып қалған жағдайда қаржыландыруды өзге­ріссіз қалдыру мақсатындағы тәжірибені енгізу де – білім сапасына әсер ететін факторлардың бірі. Жалпы, елімізде жекеменшік мектептер санының көп бол­ғаны жақсы үрдіс. Ең бастысы, олар елдің болашағына қызмет етіп, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылса болғаны», дейді А.Жұмаділдаев.

Үздік жекеменшік мектептер тәжі­рибесін аймақтарда үлгі етуге қолдау білдірген Білім беру саласындағы ұлт­тық инвесторлар қауымдастығының пре­зиденті, «Дана» жекеменшік мектептер және «Еркемай» балабақшалар желісі­нің құрылтайшысы Күләнда Батырбе­кова мектеп ашып, балаға білім беру бизнес емес дейді. Оның мәні ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балаларға саналы тәрбие, сапалы білім берумен байланысты.

«Қазіргі кезде елімізде балабақ­ша­­­лар мен мектептердегі орын тап­шы­­­­лы­ғы жекеменшік сектордың қар­қын­ды дамуына жол ашты. Алайда бүгін мейрамхана, дүкен ретінде жұ­мыс істеп тұрған ғимараттардың, кот­тедж­дердің ертең балабақша немесе жеке­меншік мектеп ретінде жұмысын жал­ғастырып жатқанын көргенде, амалсыз қынжыласың. Олардың қатарында жалға алуға қомақты қаржы төлеп, тек пайданы көздеп отырғандары да бар. Осылай­ша, көптеген кәсіпкер пайданың көзін та­уып, бала, білім мәселесін екінші орынға ысырып қойды. Сондықтан бұл мәселеге қатаң талаптар қоя отырып, олардың лицензиялануына, тіркелуіне қатысты талаптарды күшейту қажет. Мектепке инвестиция салу – балаға сапалы білім беру ғана емес, оның қауіпсіздігіне да кепілдік беру», дейді К.Батырбекова.

Жекеменшік мектептерді тіркеу мә­селесіне байланысты жолдаған сауалымызға Оқу-ағарту министрлігі «Білім туралы» заңның 57-бабы 1-тар­мағына сәйкес заңды тұлғалардың білім беру қызметі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңмен лицензияланатынын мәлімдеді.

«Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы бұйрығымен бекітілген халықтың санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы сала­сындағы мемлекеттік бақылау мен қада­ғалауға жататын өнімдер мен эпиде­миялық мәні бар объектілердің тізбесіне сәйкес балалар мен жасөспірімдер тұратын барлық түрдегі, типтегі білім беру және тәрбиелеу объектілері эпи­демиялық мәні жоғары нысандарға жатады. Тиісінше, нысанның норма­тивтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиялық қорытындысы болуы қажет. Осы екі талапқа сай болғанда жекеменшік мектептер білім беру қыз­метімен айналысу құқығын алады. «Білім туралы» заңға сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган мен­шік нысанына және ведомстволық бағы­ныстылығына қарамастан, білім беру саласындағы заңнама мен нор­ма­тивтік-құқықтық актілердің, мемле­кеттік жалпыға міндетті білім беру стан­дарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады», делінген жауапхатта.

Осы орайда К.Батырбекова заңнама талаптарының орындалуын бақылап, сараптама жасайтын ме­ке­­мелер тәуел­сіз болуы керектігін алға тартты. Сарап­шы атап өткендей, жекеменшік білім ошақтары қатарда­ғы мектептерден оқ бойы озық тұруы қажет. Бұл бағытта да көзжұмбайлыққа салынбай, мамандар ­даярлау ісіне мән беру маңызды. Амери­ка, Еуропа, Сингапур, Малайзия елде­рін­де жақсы жолға қойылған жекемен­шік мектептер ісінен үлгі алған артық болмайды. Ал кадрлардың біліктілігін арт­ты­ру­да озық елдерден келген маман­дардан шеберлік сағаттарын алған әлдеқайда нәтижелі болатыны сөзсіз.

«Жекеменшік мектептер еліміздің білім саласында бәсекелестікті туғызуға ықпал етеді. Олай болса, әлеуметтік жағ­дайды түзетіп, инвестицияны білім саласына дұрыс жұмсауды трендке айналдыру, үлгі ететін жағдайға жеткізу маңызды. Мысалы, Испанияда мектептер бір ауысыммен оқиды. Бүгінде елімізде балалардың шығармашылығын дамыту жағы кенжелеп тұр. Осы орайда мемлекеттік саясатты жүйелі жүргізуді қолға ала отырып, саналы ұрпақ тәр­биесіне көңіл бөлетін уақыт келді»,  дейді К.Батырбекова.

Алдағы екі жыл ішінде елімізде «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясында 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп салынбақ. Биылдың өзінде 200-ден астам мектеп бой көтереді деп жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде бір ғана Алматы қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында орын тапшылығын 23 мыңға азайту көзделген. Осы орайда К.Батырбекова «Жайлы мек­теп» жобасын іске асыруда өңірлердің қажеттілігі қатаң ескерілуі керек дейді.

«Жалтыраған мектептер салу мін­дет емес. Бастысы, білім саласындағы кем-кетіктерді саралай, зерделей отырып, сол қомақты қаржыны мықты мұғалімдер корпусын даярлауға, сапалы білімге, технологияларға жұмсаған әлдеқайда тиімді. Өзім басшылық етіп отырған мектеп желісінде мұғалімдер біліктілігін арттыруға жылына 10 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Директорларды таңдап, баптау ісі де уақыт күттірмейді. Бүгінде химия ка­бинеті бар, бірақ зертханасы жоқ, сөйте тұра үш лаборант жұмыс істейтін мектептер кездеседі. Қаржы балаға емес, далаға кетіп жатыр. Қазіргі кезде басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген сұранысы артып келеді. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде қарапайым отбасылар балаларының еш қиындықсыз оқыту ісіне көңіл бөлу керек. Ал кәсіпкерлікке қаржылық сауаттылықты меңгерген, баламен жұмыс істей білетін мамандар қажет. Ертең пайда көрем дегендер бұл бизнестен кеткені жөн», дейді К.Батырбекова.

Сарапшылар пікіріне сүйенсек, қазір­гі кезде жекеменшік мектептерді ашу науқанға айналып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Осы орайда білім беру үрдісіне қатысты тиісті мекемелерге бағынбайтын жекеменшік мектептердің ішкі мәселесі де қатаң бақылауда болуға тиіс. Сала мамандары қауіптің алдын алуға, бала тағдырына немқұрайды қа­рамауға қатысты талаптардың қатаң ба­қылауда болуын қадағалаудың маңызды екенін айтты. Сондықтан жекеменшік мектептер жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстарды іске асыру қажет.

Еліміздегі жекеменшік мектептер олимпиадаларда ғана бақ сынаумен шектелмей, олардың мемлекеттік білім ордаларымен тәжірибе алмасуын дұрыс жолға қою да өзекті. Мектепішілік шараларда ата-аналардан белсенділік талап етіледі. Жекеменшік мектептер қоғам­ды жікке бөлудің емес, білім кеңісті­гін­де ықпалдасудың үлгісіне айналуға тиіс. Оқушылардың, мұғалімдердің жетістіктері, әлеуметтік белсенділігі мемлекеттік және жекеменшік мек­тептердің арасындағы бәсекелестік емес, сапалы білімнің экожүйесіне айналуға тиіс. Ал білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстасақ екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ