Жолдауда даму бағытымыз бен мүмкіндігіміз нақтыланған

0
274

2019 жылғы сайлаудан кейінгі Ұлық­тау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Ке­мелұлы «Еліміздің әр азаматының мүд­­десін қорғау – менің басты мақ­са­тым» деп көрсетіп, бірінші бағыт ре­тін­де халықтың табысын арттыруды айт­қан еді. Яғни, азаматтарымыз өз елінде алаң­сыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәр­биелеп, халқымыздың жеңістеріне бір­ге қуанып, мақтан тұтуы еліміздің эко­номикалық өсіміне тікелей бай­ла­нысты екені айқындалған-ды.

Содан бергі уақытта саяси тұрғыдан ха­лық­­тық қолдауға ие болған реформалар жүр­гізілуде. Әділетті Қазақстанның саяси не­­гізі қалыптастырудың алғашқы қоры­тын­ды­лары шықты. Әділдік, адалдық қағи­да­ла­рын күшейту алдыңғы қатарға шығуда. Бас­қару жүйемізде ықпалды өкілді билігі бар пре­зиденттік басқару нысанына қол жет­кізу­деміз. Конституциялық реформа негі­зін­де азаматтарымыздың саяси мәдениеті жаңа­ша мазмұнға ие бола бастады. Әрбір аза­маттың саяси ұстанымдары кеңейтілді. Тұр­ғындардың билік саласына қолже­тім­ді­лігі артуда. Енді уақытылы саяси-басқару жүйе­­мізді экономиканың тұрақты дамуымен не­гіздемесек мемлекеттің ісі оңға баса бер­мейді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында «адамзат тари­хын­да бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуіріндегі» даму ба­­­ғытымыз бен мүмкіндіктерімізді нақ­ты­лады. Қазір бүкіл адамзат біртұтас өрке­ниет­ті құрайды және барлық адам бір-біріне ұқ­сас сын-қатерлерге кезігеді, тіпті мүмкін­дік­тері бірдей.
Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет бас­шы­­­сының елдік мәні зор, халықаралық ау­қым­ды істерге, күрделі мәселелерге ден қоя­тыны маңызды. Президенттің басты мін­­деті елін аман-сау сақтай білуінде. Жол­дау­дағы елдің қауіпсіздігі, экономикалық, энер­гетикалық дербестігі осы мақсатты көздейді. Ал дамудың жаңа қағидаларын жаһан­дану үдерісі анықтауда. Әлемде тех­но­ло­гиялық тұрғыдан қатаң бәсекелестік ор­нау­да. Бұқаралық мәдениетке айналып келе жат­қан механикаландырылған, автомат­тан­дырылған, цифрландырылған өндіріске бейім­делген күрделі еңбек бөлінісі бар қо­ғам­ға эволюцияланып келеміз. Техникалық жә­не ғылыми талаптар туғызған техно­ло­гия­лық өзгерістер бүгін саяси-әлеуметтік, эко­номикалық жүйемізді өзгертуде. Осы та­лаптармен тең жағдайда түсінісе алсақ, әлеу­меттік реформалар терең, тиімді, бейбіт түр­де жетістіктерге алып келеді.
Егерде индустриалды қоғамда капитал мен еңбек басты құрылымдық элементтері са­налса, постиндустриалды қоғамда ал­дың­ғы қатарға ақпарат пен білім шығады. Ғы­лым мен білім жетістіктерін тиімді пай­да­лану ел дамуының негізгі тетігі бола алады. Сон­дықтан да Жолдауда қазақ елінің эко­но­ми­калық дамуының жаңа парадигмасы ре­тін­де: еңбек, капитал, ресурстар, технология, бәсекелестік ерекшеліктеріміз аталды. Бүкіл әлем болып ресурстар үшін күресуде. Оның ішін­де табиғи кен байлықтары жөнінде елі­міз бәсекелес ерекшеліктерге ие. Енді сол ар­тықшылықтарымызды оңынан пай­да­лануымыз қажет. Президентіміздің гео­ло­гия­лық барлау ісіне ерекше мән бергені қуан­ту­да. Бұл біздің облыс үшін де маңызды. Өңі­рі­­­міздегі өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2022 жы­лы бар болғаны 4,0 млн тонна өн­ді­ріл­ді. Кен орындарының жаңа көздерінің қа­жеттігі күн санап артуда. Суармалы күріш өн­дірісіне бағытталған ауыл шаруашы­лы­ғы­ның өкілдері жаңа «су ресурстары және ир­ри­гация» министрлігінің құрылуын ерекше ы­қы­ласпен қабылдауда. Көлік-логистикаға жауап­ты министрліктің құрылуынан «батыс Қы­тай-батыс Европа» автожолының Қызыл­орда – Ақтөбе бағыты бірінші санатқа өтеді деген сеніміміз күшейе түсті. Өйткені осы ба­­­­ғыттағы автокөліктер ағымының көп­ті­гі­нен жол апаттары жиілеп адамдар қайғысы артып кетті. Президент «азаматтардың мүд­де­сі мен сұранысы – Қазақстанның эко­но­ми­калық даму стратегиясының өзегі», – деп эко­номикамыздың халықтық сипатын анық­тап берді. Яғни, халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін деген қағидаға сәй­кес келеді. Расында да, экономикалық көр­сеткіштер өскенімен, оның игілігін тұр­ғын­дар сезінбесе, нәтижесінде түсініспестік туа­ды, түсініспестік келіспеушілікке, оның ар­ты дауға, дау жанжалға, жанжал шие­ле­ніс­ке, шиеленіс қақтығысқа, қақтығыс қантө­гіс­ке апаратынын бастан өткіздік емес пе?
Жолдауда «Әділетті Қазақстанды құра­мыз десек, саяси-экономикалық реформа жа­сау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық са­на, азаматтардың ниеті өзгеруі керек», – деп көрсетілді. Кезінде әл-Фараби «адам жа­ны кемелденуіне сананың дамуы арқылы же­те алады, адамды құрайтын жан мен де­ненің тұтастығында сана маңызды рөл ат­қ­ара­ды», – деп санамыздың үнемі жаңғырып отыруы­ның орнын айтып кеткен-ді. Расы­мен де ақыл-ой мен мінезімізді, қажетті­лі­гі­міз­ді бір ағымға түсіре алмасақ, адам­гер­шілік ұты­лып, рухани құндылықтарымыз дағ­дарыс­қа тірелмесіне кім кепіл? Әділеттілікке барынша жақындауымыз үшін неден қашық болғанымыз жөн? деген сұраққа әрбіріміз жауап іздеуіміз керек деп ойлаймын.
Президенттің ел игілігіне қатысты алға қой­ған мақсаттарының іске асуына әрбір қо­ғам мүшесі азаматтық тұрғыдан шын ние­тімен жұмыс істегені абзал. Демокриттің сө­зі­мен айтқанда : «адамды оның істеген іс­те­ріне ғана қарап емес, сонымен бірге ізгі­лік­ке ұмтылған ниетіне де қарап бағалауы­мыз» керек.
Қоғамнан әділдік іздесек, алдымен оған өзі­міз адалдық танытайық. Әрбір қоғам мү­шесі өз орнында ісі мен сөзін табыстырып адал­дық өлшемдерін жоғары қойғанда, өмір­дің мәні де жақсы жаққа өзгере түседі. Әри­не, әділдікті әркім өзінше түсінеді, өзіндік көзқарасы бар, оның бәрі біркелкі бол­майды. Өйткені әділдік сезімінің тамыры тереңде жатыр.
Әрине барлық билік байлық халықтың мен­шігі деп жарияланып, оның игілігі тең бө­лініске түспесе бұл барып тұрған әділет­сіз­дік. Яғни, тұрғындар мүддесіне тікелей қа­тысты даму көздерін көбейтіп, табысты әділ болу мәселесін стратегиялық маңыз­ды­лы­ғы тұрғысынан адал шешпесек болмайды.
Бұларды біз биліктен талап етеміз және осы­лай болады деп үміттенеміз. Ал енді өзі­міз не істеуіміз керек? Адам алдымен өзіне-өзі әділетті болуы шарт деп ойлаймын. Өз ор­нымызды танып-білу үшін санамызды са­ра­лауға тиіспіз. Санамыздағы өзімізді-өзі­міз алдап жүрген әртүрлі жалған түсі­нік­тер­ден арылып, адамша өмір сүретін саяси жағ­­дайды қолдап, әлеуметтік мүм­кіндік­те­рімізді іске асырумен айналысқанымыз жөн. Айтылған сөздің, көтерілген идеяның құны болғандықтан мәні де зор. Оларға әділдік тұрғыдан қарағанымызда құндылығы арта түседі. Әділдікті тек идеологиялық тұрғыдан, сая­сатпен ғана түсіндірсек, оның болмысы бұр­маланады, яғни өзімізге ыңғайлап ала­мыз. Әділдіктің шын болмысы саяси-эко­но­микалық тұрғыдан негізделген кезде ғана сақ­талады. Абай кезінде «Замана, шаруа, мі­нез күнде өзгереді», – деген екен. Расында да, за­манымыз үлкен өзгеріс үстінде. Бізде өмір­дің мәнін тереңінен түсінуге күш сал­ма­сақ болмайды. Өмір туралы түсінігіміз әр­кімнің өз көзқарасымен тығыз бай­ла­ныс­ты. Көзқарастың қалыптасуына тәрбиесі, ал­ған білімі, өскен ортасы, қабылдаған ақ­па­раты, өмір тәжірибесі әсер етеді. Жақсы болу­ға ұмтылып жақсымен жүрсең, «жақсы, жақ­сы түс көресің». Ал қыңырланып, бүкіл адам саған қарыздай қарайтын болсаң, «жа­ман-жаман іс көресің». Әділеттікті біреу ор­натып, жақсы тұрмысты біреу жасап бере­ді деген қағидамен санасын алынбайтын қа­малға айналдырған азаматтарымыз жет­кілікті. Жақсы тұрмыс іс-әрекеттің, еңбектің нәтижесінде болады. Сондықтан сананы дұ­рыс бағытқа бағыттай отырып, өз өмірі­мізге өмір шындығы көзімен қарауға тиіспіз. Өзіңе жақсылықты өзің жасай аласың. Еңбек, қанағат болмаған жерде ешқандай әділеттікті шынайы сезіне алмаймыз. Ақша табу үшін оның құнын төлеу керек. Ол –ең­бек. Атын тарихқа еңбегімен қашап жазған да­ла академигі, даңғайыр дихан Ыбырай Жа­қаев «еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады», – деп бекер айтпаған. Жана­шыр­лықты, жарылқауды басқадан күту, іздеу – әді­леттіктің көрінісі емес. Егер өзің біреуге жақ­сылық жасауға ұмтылсаң, оны әділеттілік деп айтуға болатын шығар.
Қоғамдық санаға кері әсер ететін кесірлі мә­селенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Қазір­гі қынжылатынымыз, ұлттық мүддені тап­тап, халықтан ұрлап, салықты төлемей, опа­­­с­ыздық танытса да ұсталмасаң болды ұры емессің. Біздегі елімізді жегідей жеп, еге­мендімізге тұсау болып адымын аш­тыр­май отырған әділетсіздіктің бір тамыры осын­да. Елдің сенімін өз атындай ерттеп мі­ніп, өз мүддесін халық мүддесінен бұрын ше­шіп жүрген кейбір азаматтардың қай­рат­кер атанып ақыл айтуы оңайға айналды. Ар­ды таптап, ұяттан аттап өзін жалған атақ­пен қаптап жүргендердің іздегені қандай ба­қыт? Ал ұлтымыздың «ұрының арты біртұ­там», – деген ар-ұятты, намысты, еркіндікті жоғары қоятын дәстүрі қайда? Қазір қоғамда «жемқорлықпен күрес» дегенді айта бастасаң өзіңді әжуалап күлетіндерді жиі байқаймыз.
«Әділетті Қазақстан» қазақ қоғамының бү­­гінгі интеллектуалды серпілісі. Үміт се­нім­ді, сенім ерік-жігерді, рухты, намысты кү­шей­теді. Қазақ ұлты қашанда мақсатты да, нә­ти­желі іс-әрекетті, ардың тазалығын, ниет­тің адалдығын бәрінен жоғары қояды, екі дүниенің сынағынан адал жандар ғана өте алатынын бала кезден құлаққа құйып, са­наға сіңіреді. Қоғамдық сананы шынайы отан­шылдыққа бұру үшін, мемлекетіміз бізді әлеу­меттік қамту мен еркін өркендеу кепіл­дігімен қамтамасыз етуге міндетті. Дегенмен әлеу­меттік саясат теңгерімінде болу ма­сыл­дық көңіл күйдің өсуіне жол бермеуі тиіс.
Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі оның орындалу уақытының көрсетілуі. Жал­пы, адам ақпарат кең дамыған уақытта өзін көп білемін деп ойлайды. Ондай адам жиі кез­деседі, өйткені адам өз уақытына қайшы кел­мейтін, өзіне ұнайтын жаналықтарды тың­дауға басымдық береді. Біз көп әрі са­палы ақпаратты насихаттағанымызбен оны бүкіл қоғам бірден қабылдай қояды деп айта алмаймыз. Таным мүшесі де еккен дәннің өсуі сияқты бірден бола қоймайды. Қандай да бір мәселенің байыбына барам деген адам­ға уақыт керек. Әділетті Қазақстан қа­лып­тастыру дегеніміз – өз мүддесін көздеп бас­қалармен «есеп айырысамын» дейтіндер­дің ұпайын түгендеп беру емес. Бүкіл қоға­мы­мызды жаңаша ойлауға, адал іс-әрекет етуге ұмтылдыру. Сондықтан да Мемлекет бас­шысының Жолдауындағы елдік мүдде­міз­дің оң шешім табарына зор сенім білдіріп, ақи­қатына көз жеткізудің жолында бірлесіп ең­бек етіп, ерік-жігермен сабырлық таны­тайық.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
«AMANAT» партиясы
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы,
тарих ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ